Аймақтар • 23 Ақпан, 2019

Оралда тұрғын үй пайдалануға берілді

526 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласында 64 пәтерлі жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – осы жерде әбден тозығңы жеткен екі қабатты көне үйдің орнына бой көтерген тоғыз қабатты ғимарат.

Оралда тұрғын үй пайдалануға берілді

Суретті түсірген: Александр Куприенко

Орал қаласында апатты үй тұрғындарын жаңа баспанамен қамтамасыз етудің тың тәсілі табылғанын бұдан бұрын да жазған болатынбыз. Апатты үйлерді ауыстырудың оралдық тәжірибесі бүгінде еліміздің барлық өңіріне таратылып жатыр. Мемлекет-жекешелік әріптестігі бағдарламасы аясында қаланың қақ ортасында, коммуникация желілерін тартуға шығын кетпейтін ыңғайлы жерде тұрған апатты үйді жекеменшік құрылыс компанияларына берудің тиімділігі қазірдің өзінде анық көрінді. Үй тұрғындары уақытша, құрылыс аяқталғанша басқа жерде тұра тұрады, олардың баспана жалдау шығынын жергілікті атқарушы органдар немесе құрылыс компаниясының өзі көтереді.

Жаңа үй салынып біткен соң тұрғындар бұрынғы пәтер көлеміне сай баспанаға тегін ие болады. Қалған пәтерлерді компания өзі сатады. Екі жаққа да тиімді деген осы емес пе?! Міне, соңғы төрт жыл ішінде Оралда осындай 11 апатты үй қиратылған екен. 113 пәтердің тұрғындары басқа жерге көшіріліп, көне үй орындарында құрылыс қайнап жатыр. Бұған дейін үш үйдің құрылысы аяқталса, бүгін төртінші үй иелерін тапты.

Яғни, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында салынған көп пәтерлі үйдің 8 пәтері бұрын осы жерде болған көне үй тұрғындарына берілсе, қалғаны «7-20-25» бағдарламасына қатысушыларға және «Тұрғынүйқұрысжинақбанкі» салымшыларына табысталды.

- Жыл сайын мемлекет қолдауымен Батыс Қазақстан облысында мыңдаған пәтер мұқтаж азаматтарға беріліп жатыр. Өңірімізде апатты және тозығы жеткен тұрғын үй мәселесін шешу үшін ауқымды шаралар атқарылуда. Бұл жерде өткен ғасырда салынған, тозығы жеткен, апатты үйлер болса, бүгін заман талабына сай жаңа көп қабатты үйді пайдалануға бергелі тұрмыз. Қаламызда тозығы жеткен 200-дей көне үй тіркелсе, соның 41-і ресми түрде апатты деп танылған болатын. Бұл мәселені жойып, тұрғындарды қауіпсіз де жайлы баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді, - деді осы шараға арнайы қатысқан өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Бүгінгі табыс етілген үйдің құрылысын «Каз Холл» ЖШС жеке инвестициялар есебінен жүргізгені.

Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын қаладағы апатты үйлердің саны 52 болған еді. Соңғы екі жылда қос үйдің құрылысы аяқталып, 58 отбасы жаңа пәтерге ие болды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан