Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында Жұлын нейрохирургиясы және шеткі жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің білікті мамандары түрлі науқастарды тегін қарап, диагноздарын анықтап, консультация берді. Кеңес беру аяқталғаннан кейін одан әрі емдеу мен тексерілу бойынша ұсынымдар берілді. Ал дұрыс диагноз қоя білу тиімді емдеудің негізі саналады, әрі пациентті одан арғы емдеудің тәсілін анықтап беретіні аян.
Бұдан өзге, аталған жоба аясында орталық төрт және одан да көп балалы әйел жұмыскерлеріне де қолдау көрсетуді қолға алған, мұндай көпбалалы аналардың саны 60-тан асады екен. Бұған қоса, клиника Балалар нейрохирургиясы бөлімшесіндегі 2 жасқа дейінгі балаларға арналған 5 манежді Астана қаласының мамандандырылған балалар орталығына беру туралы шешім қабылдапты.
Айта кетейік, орталық жыл сайын 16 мыңдай адамға қызмет көрсетіп, шамамен 3000 операция жасалады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 4105 пациент емделген. Ұлттық нейрохирургия орталығына квотамен келіп түсетін пациенттер үшін нейрохирургиялық операциялардың барлығы дерлік тегін жасалады.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»