«Астана-Теплотранзит» компаниясының құдықтары қауіпсіз: оларда металл торлар орнатылған. Аталмыш торлар екі ересек ер адамды көтеруге қауқарлы. «Жылу жүйесінің құдықтары «құрғақ» (басқару құдықтары) және «дымқыл» (құрғату құдықтары) болып екіге бөлінеді.
«Басқаруға арналған құдықтардың тереңдігі 40 сантиметр. Ол ешқандай қауіп төндірмейді. Құрғату құдықтары тас жолды жабуға арналған. Егер жөндеу жұмысын жүргізу керек болса, біз сол жол учаскесін жабамыз. Бұдан кейін құбырдағы су құдыққа құйылады, ол жерден су сорғылар немесе вакумды көлікпен сорылып алынады. Ондай құдықтардың тереңдігі жылу трассасының тереңдігіне байланысты әртүрлі болады. Тереңдігі 1,5 немесе 2-3 метрлі құдықтар бар.Солардың бетіне біз темір тор қоямыз», – дейді «Астана-Теплотранзит» АҚ №1 пайдалану ауданы учаскесінің бастығы Ғаділжан Баймұратов.
Торлар «Астана-Теплотранзит» өзі үшін әзірлеген біркелкі стандартпен жасалады. 12 миллиметрлі дөңгелек темір, ал ұяшықтары 10-ға 10 сантиметр тесік 15 –те 15 см. «Бұл – ұқыптылықты талап ететін жұмыс. Өлшеу керек, келтіріп кесу керек, содан кейін ол құдық қабырғасына орнатылады.
«Біздің қалада 13594 құдық бар, оның 5591-і – құрғату құдықтар. Солардың барлығына тор орнатылған. Тор қоюды біз 2012 жылы бастадық. Егер құдық ашық қалып, адам абайсызда оған құласа, ол құдықтың ішіне түспейтініне кепілдік беріледі. Жылына бір-екі рет тор алынып құдық тазартылады», – дейді «Астана-Теплотранзит» АҚ №1 пайдалану ауданы пайдалану қызметінің бастығы Жәнібек Аманбаев.
«Құдықтардың 90-95 пайызына торды өзіміз қойдық. Бірақ, қала өсуде орталық жылуға жаңа үйлер қосылуда. Сол себепті құдықтар саны да артып келеді. Қазір жылу трассасы жобасында құдықтарда тордың болуы керектігі – міндетті тетік. Құрылыс компаниясы үй салғаннан кейін жылу трассасын біздің балансқа өткізеді. Құдық қақпақтарын үй салушы компания орнатады. Ал біз қабылдар кезде құдықтың сапасын, орнатылуын, онда тордың болуын қарап аламыз», – деді ол.
Астана қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасында (ОЭККШБ) ашық құдықтар мәселесінің ұдайы ведомствоның бақылауында екендігін айтады. Пайдаланушы ұйымдар күн сайын құдықтың жабық екендігін тексереді. Ашық жатқан құдықтардың барлығы жабылады.
109 мониторинг орталығына түскен өтінімдер бойынша да жұмыс жүргізіледі. Басқарма ақпараты бойынша, қазіргі таңда қалада 62 142 құдық бар. Соның 34 538-і – «Астана Су Арнасы» құдықтары; 13 594-і – «Астана-Теплотранзит» АҚ, 10 340-ы – «Астана Тазалық» ЖШС, 3 661-і – «Астана-АЭК» АҚ; 9-ы – «Астана калалык жарық» ЖШС тиесілі.
Жалпы ашық құдықтар бойынша «109» қызметіне 2018 жылы – 2 804 арыз түссе, 2019 жылдың басынан олардың саны 626 құрады. Қазіргі таңда барлық арыз бойынша жұмыстар жүргізілді. Осы жылдың басынан бастап «102» қызметіне құдық қақпағы ұрлығына байланысты 35 хабарлама келген. Оның 23 бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 11 ұрлықтың беті ашылса, 12 оқиға бойынша ақпараттың шындыққа жанаспайтындығы анықталған.
Астана қаласы полиция департаменті құдық қақпақтары ұрлығының алдын алу мақсатында жүйелі түрде тексеріс, ескерту, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Полицияның ақпаратына қарағанда, ұрлыққа негізінен жарығы жоқ, күзеті жоқ құрылыс нысандары мен ұйымдары, қара металлдың жоғары бағамен қабылдануы себеп болады.
Қазіргі таңда елордада түрлі түсті металл мен қара металл қабылдайтын алпыстан астам орын бар. Құдықтар қақпағы ұрлығының алдын алу мақсатында қалалық әкімдік көптеген жұмыстарды атқарып жатыр. Қаладағы барлық құдықтардың тізімі қайта жасалуда. Желілер жобаларында қақпақтарды полимерлік материалдан, сондай-ақ арнайы торларды полиэтиленнен жасау көзделген.
«Тор құдық қақпағы ұрланған күннің өзінде құдыққа адамның, жан-жануардың тағы да басқа заттардың түсіп кетуінен сақтайды. Қазір 6 мың құдыққа тор орнатылған», – деп хабарлады ОЭККШБ-да.
Одан бөлек, құдықтар қақпағын ұрлауды болдырмау және оған адамдардың түсіп кетуінің алдын алу мақсатында жаңа жобаларда қақпақтарды композиттік материалдардан жасап орнату көзделген. Қазіргі заманғы өнеркәсіп талаптары ескеріле отырып жасалатын полимерлі-құмды бұйымдар қауіпсіздік техникасы мен экологиялық нормалардың барлық талаптарына жауап береді. Жасырын байланыс желілерін төсеу кезінде оңай қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Ең бастысы, ол металл емес, оны темір қабылдаушыларға тапсыра алмайсыз. Сол себепті ұрлықшыларға оны қолды қылудың пайдасы болмайды.