Kazakh Tourism Үкімет тапсырмасы бойынша өткен жылы елдік туристік брендті әзірлеуге кірісті. Оның айтуынша, бренд әзірлеу мен мемлекеттік бағдарламаны қабылдау ұзаққа созылатын үдеріс екенін түсіне отырып, БАҚ пен интернетте қазақстандық туризм туралы контентті ұлғайтуға баса көңіл бөлу туралы шешім қабылданды.
«Ең алдымен, біз Қазақстан туралы ақпараттың әлеуметтік желілерде көп болуына қатысты жұмыстар жүргізе бастадық. Өткен жылы Қытайдың жазылушылар саны 100 млн-нан асатын танымал блогерлерінің елімізге келуін ұйымдастырдық. Блогерлер Астананың, Щучинск-Бурабай шипажай аймағының, Алматы мен Алматы облысының, Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстарының туристік нысандарын аралады. Бүгінде олардың жарияланымдарының қамтылу деңгейі 150 млн-нан астам қытайлық оқырмандарды құрайды және олардың саны күн сайын өсуде» деді Р. Күзембаев.
Сонымен қатар, Қазақстан туризмінің елшілер институтын қалыптастыру жұмыстары басталды: алғашқы елші ретінде танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген таңдалды.
«Димаштың қытайлық жанкүйерлер мен Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропаның кейбір елдеріндегі музыка сүйер қауым арасындағы ерекше танымалдығын назарға ала отырып, 10 елден жанкүйерлер қозғалыстарының көшбасшыларының қатысуымен «Димаштың Отаны» атты промо-тур өткіздік, оған қатысушылар Қазақстанның 3 қаласында болды. Аталған қозғалыстарда жалпы 5 млн-нан астам адам бар. Әншінің жанкүйерлерінің үлкен қызығушылығын байқадық. Жақын арада Димаш Қазақстанда екі концерт өткізеді, оған оның фанаттары келетіні сөзсіз және де «Димаштың Отаны» туры аясында туристер Қазақстан қалаларын аралай алады. Осылайша, отандық туризмнің дамуына өз үлестерін қосады» деді ол.
Р. Күзембаевтың айтуынша, келесі елшілер танымал ғарышкерлер Талғат Мұсабаев, Анатолий Арцебарский, Юрий Маленченко және Юрий Батурин болмақ. Кеңес уақытында Алакөл көлінде ғарышқа ұшып келгеннен кейін ұшқыш-ғарышкерлерді медициналық оңалту кезеңдерінің бірі өткізілді. Сондықтан да, олар осы дәстүрді жаңғырту үшін курорттық аймаққа шақырылды.
Цифрлық маркетингпен қатар, дәстүрлі тәсілдер бойынша да жұмыстар атқарылып жатыр. 2018 жылы Kazakh Tourism-нің ұйымдастыруымен Берлинде, Мәскеуде, Бейжіңде, Гонконгта және бірқатар басқа да қалаларда өткен 7 халықаралық көрмеге қазақстандық турбизнес қатысты.
«Этникалық ерекшелік арқылы келушілердің қызығушылығын оята алдық. Оған бойлары 2 метрден жоғары қазақ батырлары, музыканттар, қолөнершілер тартылды, асықтардан кәдесыйлар жиынтығы әзірленді. Стендті батырлармен, ұлттық асхана бойынша шеберлік-сыныптарымен, ұлттық музыка мен билермен этникалық түрде толтыру ерекше әсер қалдырды» деді Р. Күзембаев.
Бұдан өзге, елорданың 20 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстанның барлық дерлік жерін қамтыған 6 бағдар бойынша, сондай-ақ 20 тау шыңына экспедициялар ұйымдастырылды. Экспедиция қорытындысы бойынша жалпы қамту шамамен 1,5 млн адамды құрады.