Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық Мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған өнер додасының мақсаты - Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында дарынды балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығына қолдау көрсету, отансүйгіштікке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу және эстрадалық ән орындау өнерін дамыту, жаңа эстрадалық әндерді халық арасында кеңінен насихаттап жас талант иелерін және облыстағы мәдени іс-шара жүргізушілерін анықтау.
Байқау талаптарына сәйкес, өңірдің аудан, қалаларында өткен іріктеу кезеңіне 605 үміткер қатысып, ақтық сында 60 үміткер өз аймақтарының намысын қорғады. Қазылар алқасының шешімімен, 7-10 және 11-15 жас аралығында қатысушылар арасынан талантымен жүзден жүйрік танылғандар арнайы диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сондай-ақ байқаудың мақсатына сәйкес, олардың республикалық, халықаралық сындарға қатысуы қамтамасыз етіліп, қолдау көрсетіледі.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Түркістан облысы