Спорт • 23 Ақпан, 2019

«Алматы марафонының» жүгіру маусымы ашылды

752 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

23 ақпан күні Тұңғыш Президент Саябағында Қысқы жүгіру жарысы өтті

«Алматы марафонының» жүгіру маусымы ашылды

Жарысты 3 км қашықтыққа жүгіруден бақ сынасатын балалар бастады. Жас жүгірушілер арасында Рамазан Айнегов жеңіпаз атанса, қыздар арасында Диана Ханчи мәреге бірінші болып жетті.

Негізгі қашықтыққа (10 км) жүгіру жарысына қатысушылар арасынан 33 минут 13 секундта келіп, екінші мәрешіден небәрі 52 секундқа алда келген Михаил Красилов, қыздар арасында 43 минут 42 секундта жақсы нәтиже көрсеткен Анастасия Черная жеңіпаз атанды. Қысқы жүгіру жарысының ең жүйрік қатысушыларына бірінші орын үшін 50 000 теңге, екінші орын үшін 30 000 теңге және үшінші орын үшін 20 000 теңге көлемінде ақшалай жүлде берілді. 

- Бүгін сөреге шамаман 1200 жүгіруші шықты. Қатысуға ниет білдірушілердің саны жыл сайын артып келеді. Бұл спорттың тек дене бітімі мен денсаулықты күту тәсілі ғана емес, сонымен бірге  заманауи сәнді трендке айналғанын көрсетеді. Ұйымдастырушылар ретінде мұндай қызығушылықты қолдап, әуесқой спортшыларға спортпен жеңіл әрі дұрыс шұғылдануға көмектесуді мақсат тұтамыз, - деді «Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қорының директоры Салтанат Қазыбаева.

Ай сайын «Алматы марафоны» аясында қаланың белгілі жүгірушілері, дәрігерлері мен спортшыларының қатысуымен ашық дәрістер өтеді. Сонымен бірге әр сенбі сайын сағат 10:00-де Тұңғыш Президент Саябағында жүгіруден тегін жаттығулар өтеді. Жүгіру жарыстары кезінде атлеттердің денсаулығына айрықша көңіл бөлінеді.

- Жүрек - жүгірушінің басты бұлшықеті. Оның жеткілікті дамуы жүгірушілердің төзімділігі мен жалпы жағдайына әсер етеді, – дейді жарыстың құрметті серіктесі, «Cardios» клиникасының кардиолог дәрігері Бибігүл Төлегенова. – Дене мүшесінің жұмыс қабілетін тексеру үшін клиникаларда демалыс кезіндегі ЭКГ және қозғалыс кезіндегі ЭКГ көмегімен жүректі стандартты тексерістен өткізген жөн.

 Спорттық-медициналық тексерістің басты міндеті – ағзаның түрлі деңгейдегі салмақтарға жауап беруін бақылау. Бұл жаттығудың қажетті қарқынын таңдауға және тезірек алға қойған мақсатқа жетуге, яғни  бұлшықет массасын өсіруге, майдың пайызын азайтуға, төзімділікті арттыруға көмектеседі. Тексерістен өту сонымен бірге болашақта қиындық тудыруы мүмкін зақымдарды анықтауға септігін тигізеді. Патология анықталса, жүгірудің орнына асықпай жүрген әлдеқайда пайдалы.  

Қысқы жүгіру жарысы – сәуірдің 21-де өтетін «Алматы марафоны» 2019 ірі спорттық шарасына дайындық кезеңіндегі бірінші маусымдық сөре. Орталық Азиядағы ең үлкен спорттық шараға тіркелу  almaty-marathon.kz сайтында сәуірдің 1-не дейін ашық болады.