24 Ақпан, 2019

Қостанайда Құрылысшылар қауымдастығы құрылды

461 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрылыс саласындағы кәсіпкерлердің заңды және жеке тұлғаларының басын біріктіретін «Құрылысшылар қауымдастығын «БК-Строй» ЖШС директоры Игорь Ким басқаратын болды. 

Қостанайда Құрылысшылар қауымдастығы құрылды

Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен қауымдастықтың алғашқы отырысына қатысушылар бір ауыздан осылай шешті.

«Біз бүгін бекер жиналып отырған жоқпыз. Мен Ксәіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің өкілімін және көп жылғы өз тәжірибемнен айтайын, «Атамекен» кәсіпкерлердің проблемаларын тиімді әрі нақты шешеді. Қазір өзекті мәселе кімде жоқ, бәрімізде бар. Бірақ оны әркімнің өз бетінше шешуі қиын. Сондықтан біз Құрылысшылар қауымдастығын құрып отырмыз. Бұл ұйымға тек құрылысшылар ғана емес, құрылыс материалдарын өндірушілер, жобалаушылар, техникалық бақылаушылар, қысқасы, құрылысқа қатысы барлардың барлығы да кіретін болады» деді Игорь Романович.

Алғашқы отырыста-ақ қауымдастыққа 19 кәсіпорын кіруге тілек білдірді. Бірлестік құрылысшылардың өзекті мәселелерін алдымен жинақтап, оны кәсіпкерлер палатасының көмегімен шешетін болады.

«Салалық қауымдастықты құру бизнесті жандандыруға және көптеген мәселелер бойынша жиынтық пікір туғызуға ықпал етеді. Мысалы, облыста туристік және мейманхана бизнесінің қауымдастығы жұмыс істейді. Құрылыс саласы қазір белсенді, тез дамып отыр, ол көптеген мәселелерді шешуді талап етеді. Біз оларды Үкімет деңгейінде қарайтын боламыз» дейді Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.

Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай