Қоғам • 24 Ақпан, 2019

Жай-күйің қалай, «Жедел-жәрдем»?

547 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жай-күйің қалай, «Жедел-жәрдем»?

Халықтың әлеуметтік-психологиялық көңіл-күйіне тез әсер ететін, егер ұзақ уақытқа кешіксе, оның арты өкінішті де қайғылы жағдайларға апарып соқтыруы мүмкін медициналық қызметтің түрі –«Жедел жәрдем». Сондықтан да бұған елішінде бұан қатысты тұрғындар тарапынан әртүрлі өкпереніштер болмай тұрмайды. Бұл қаншалықты түрде орынды? Бұған 500 мыңнан астам халқы бар Ақтөбе қаласы және тұтастай Ақтөбе аймағы мысалында жауап іздеп көргенді жөн көрдік. Осы орайда өткен жылы облыс орталығында республика өңірлері арасында ешқандай баламасы жоқ, жедел-жәрдем бекеті ғимараты пайдалануға берілгенін айтқан жөн. Аталған нысан басқарудың автоматтандырылған жүйесіне қосылған. Соғылған қоңыраулар «103»-тің орталықтандырылған алты бірдей телефоны арқылы түседі. Жедел-жәрдем бригадаларының медициналық құрал-жабдықтармен және қажетті аспаптармен қамтылуы өткен жылы облыс бойынша 80 пайыз құраған. Әрине төмен көрсеткіш емес. Әйтсе де биыл қосымша қондырғылар алынса, олқылықтың орны толатыны тағы да аян.

Келесі кезекте өңірдегі жедел медициналық қызметтің жай-күйі, әрі оның алдағы кездегі преспективасы мен даму мүмкіндіктері туралы әңгіме қозғағанды орынды деп санаймыз. Бұл бағытта оның тиімділігін одан әрі көтеру жөнінде нақты іс-қимыл жоспары алынған. Айталық биылғы 2019 жылдың ақпан айында облыс әкімдігінің Қаулысына сәйкес жедел медициналық көмектің аудандық бөлімшелерін оңтайландыру ісі жүзеге асты. Сөйтіп бұл ұсақ құрылымдар «Алғашқы көмек» атты ЖШС-ның құрамына қосылды деді газет тілшісіне Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. Сонымен бірге Жол картасында қарастырылған шаралар кешеніне сәйкес Ақтөбе емханаларының жанынан шұғыл медициналық көмек беру қосындары құрылған. Оның әрі де уақытпен санаспай тәулік бойы қызмет жасайды. Қосындардың қызметі жеделдіктің төртінші дәрежесіне сәйкес келеді.      

Осы орайда жеделдіктің төртінші дәрежесі деген тіркеске түсініктеме берер болсақ, жедел-жәрдем мамандарының мәлімдеуінше шұғыл медициналық көмек көрсету жеделдіктің төрт дәрежесімен таңбаланады екен. Мысалы, миға қан құйылып кету секілді инсульттің ауыр түрлері, жүрек талмасы, ауыр жарақат алу кезіндегі шақырулар бірінші дәреже қатарына кіреді екен. Мұндай жағдайда «Жедел-жәрдемнің» келу уақыты барынша тез болатыны айтпаса да түсінікті.

Бүгінгі күні өңір тұрғындарына 67 жедел-медициналық көмек бригадалары көмек көрсетеді. Соның ішінде облыс орталығында 52 дәрігерлік-фельдшерлік бригадалар тәулік бойы жұмыс жасайды. Қазіргі кезде тұрғындарды аталған көмекпен қамту саны мен көлемі жыл басында облыс бойынша 870 мыңға жуық адамды құрады. Аталған көрсеткіш Ақтөбе қаласы бойынша 510 мың адамнан асып түседі. Ал бригадалар мен автокөліктердің санына келсек, бұл мөлшер алдын-ала белгіленген талаптар мен нормотивтерге сәйкес келеді.

Мұндағы басты өлшем әрбір 10 мың тұрғынға шаққанда 1 санитарлық автокөлік бригадасы қызмет көрсетуіне есептелген.  Жедел-жәрдем бригадаларының қызмет көрсету радиусы Ақтөбе қаласында 35 шақырымды құрайды. Мұндағы мөлшерлі уақыт шегі, яғни шақырылған клиентке «жедел-жәрдем» автокөлігінің жету уақыты 15 минуттан аспайды. Өңірдегі жедел медициналық көмек көрсету  қызметкерлері өткен жылды қалай қорытындылады? Осы аралықта олар 300 мыңға жуық шақыруды қамтыпты. Оның басым бөлігі Ақтөбе қаласы тұрғындарының үлесіне тиеді. Айталық жоғарыда айтылған жеделдік дәрежелеріне сәйкес өткен жылы алғашқы аталған дәрежеде қала бойынша клиентке келу көрсеткіші 5,7 минутты көрсетті. Бұдан кейінгі дәрежелер бойынша 9,2-11,3 және 15,9 минутта жедел-жәрдемнің жетуі тіркелген.

Әрине өмір болған соң, техника болған соң, жедел шақыруларға кешігіп бару көріністері кездеспей тұрмайды. Тұрғындардың өкпе-реніштері көбіне осындай жағдайда туындайтыны белгілі. Дегенмен биыл мұндай көрсеткіштердің азайғаны да айқн көрінеді. Сонымен бірге жедел медициналық көмек беру құрылымдарының маериалдық-техникалық базасы жыл сайын жақсарып келеді. Шақырулар бойынша жолға шыққан дәрігерлік-фельдшерлік бригадалардың іс-қимылдарын бақылау тетіктері де тереңдей түсуде. Сондай-ақ облыста дәрігерлік-фельдшерлік және жүргізушілік құрамдардың біліктілігін көтеру ісі жүйелі жолға қойылған. Әрине бұған қарап өңірдегі жедел-жәрдем қызметінде ешқандай кемшілік жоқ, бәрі мінсіз десек, шындыққа көлеңке түсіріп алармыз. Ашығын айтқанда түйткіл туғызып жүрген мәселелер мен проблемалар да жоқ емес. Ең бастысы облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұдан тиісті қорытынды шығару жолдарын белгілеп отырғаны қолдауға әбден лайықты. Бір сөзбен айтқанда аймақтағы жедел медициналық көмек көрсету көрсеткіштері қанағат тұтуға тұрарлықтай. Сала мамандарының бүгінгі мақсаты осы қызметтің деңгейін бұдан әрі көтеруге бағытталған.

Темір Құсайын,

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ