Қоғам • 25 Ақпан, 2019

Отандық «ақыл-ой орталықтары» бәсекеге қабілетті ме?

1041 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ағылшынның think tank сөзін «ақыл-ой орталықтары» деп аударып жүр. Жалпы think tank деп белгілі бір тақырыпты зерттейтін, кейбір мәселелер бойынша үкіметке, президентке ақыл-кеңес беретін орталықты не институтты атайды. Көбіне бұл саяси не экономикалық сұрақтар бойынша зерттеулер даярлайтын сарапшылар тобы. Бүгінде олардың қаншалықты маңызды екенін «ақыл-ой орта­лық­тарының» саны айтсын. Мәселен, АҚШ-та мұндай орталықтың қатары 1872-ге жеткен, Қытайда – 512, Британияда – 444, Үндістанда – 293, Қазақ­станда 30-дан асады. Алайда, отандық зерттеу орталықтары жұмы­сы­ның тұрақ­тылығы, сараптама сапасы әртүрлі деңгейде. Оның бірнеше себебі бар. 

Отандық «ақыл-ой орталықтары» бәсекеге қабілетті ме?

Қаржы көзі. Қазақстандағы «ақыл-ой орталықтарының» қаржыландыру көлемі маман тарту, сараптама сапасымен тікелей байланысты. Себебі жалақы деңгейі көптеген сарапшыларды бір орталықтан екіншісіне ауысып жүруге мәжбүрлейді. Мәселен, Тұңғыш Президент Қорына қарасты Әлемдік экономика және саясат институтында жалақы жоғары (300 мың теңге айналасында). Алайда, Президент Әкімшілігі жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында жас мамандар 70-80 мың теңге көлемінде айлық алады. Әрине бұл маман тұрақсыздығына әкеледі. Жалақының төмендігі сараптама, ғылым саласына жас мамандардың, түлектердің келуіне кедергі.  

Қаржыландыру ісі ғылыми орталық­тар­дың меншік нысанына да байланыс­ты. Өйткені отандық көптеген «ақыл-ой орта­лықтары» белгілі бір ведомствоға бағынышты болады. Сәй­кесінше, ол орта­лық өзі бағына­тын ведомствоның саясатындағы қателіктерді зерттеулерде ашып көрсете бермейді. Бұл сарапшыларды мазалайтын сұрақтың бірі. Батыс ел­дерінде мұндай think tank-тар әдетте үкіметтен тәуелсіз болғандықтан (non-governmental), олардың сараптамалары да бейтарап жазылады, сәйкесінше пайдалы. Тәуелсіз дейтініміз, көбінің негізін қалағандар ірі кәсіпкерлер, лордтар, барондар және басқалар. Мәселен, атақты Брукингс институты, Карнеги қоры, RAND корпорациясы, Transparency International, Chatham House секілді зерттеу ұйымдарының ешбірі ешқандай үкіметтің құрамына кірмейді.  

Қаржы көзі, әсіресе Қазақстандағы жеке орталықтар үшін қиын мәселе. Өйткені олар не мемлекеттік тапсы­рыс­қа, не Сорос секілді халықаралық ұйым­­­дардың гранттарына тәуелді. Сол үшін көптеген жеке «ақыл-ой орталық­та­рын­да» ұйымның тек жетекшісі не 2-3 маман ғана жұмыс істейді. Ондай орталықтардың қатарына А.Чеботарев­тың «Альтернатива», Г.Илеуованың «Стра­­­тегиясын» және басқаларды жат­­­қызуға болады. Бұдан бөлек, қар­жы көзінің аздығы мамандарды тек беріл­­ген тапсырыс аясымен шектейді.  Олар өздері қызыққан салада тәуелсіз зерттеу жүргізе алмайды немесе тек бір саланың хас маманы бола алмайды. Қытай­танушы тапсырыс түссе елдегі діни жағдайды да зерттеп кете береді.  Бол­маса, Ауғанстан жөніндегі отандық мамандар Кабулға мүлдем бармай, пушту тілін меңгермей, тек кітап, сайттардағы ақпарат арқылы зерттеу жүр­гізуге мәжбүр. Ал олардың шет­елдік әріптестері Ауғанстанға ғылыми мақ­сатпен жиі баратын туристер десек, артық емес. Яғни, сараптамаларға бизнес, банктер, жеке компаниялар, үкі­мет­тік емес ұйымдар да тапсырыс бермей, жағдайдың өзгеруі қиын.

Сараптама. Сараптама сапасы Қазақ­стан мамандары үшін шешілмеген мәселе. Неге? Себеп көп. Біріншіден, сараптаманың отандық әдістемесі, стандарты қабылданбаған. Әр сарапшы шама-шарқы келгенше жазады. Олардың арасында көбік сөзді көпіртуді ұна­татындар да аз емес. Өйткені Қазақ­стан­ның ЖОО-ларында ғылыми еңбекті жазу­ды көбі­не үйретпейді. Ал Батыс универ­­си­тет­­терінде қатардағы студент әр жаз­­ған сөй­лемі үшін дәлел келтіруі керек еке­­­нін біледі. Сапа мәселесі осылай алға шығады. 

Елдегі саясаттанушы, әлеу­мет­танушылардың сараптамасын әлсірететін келесі бір тұс – идеологиялық компонент. Тағы да жоғарыдағы мәселемен байланысты. Үкіметтен қаржы алатын ғылыми орталықтар өз сараптамасында алдымен мемлекеттік саясатты мақтайды, оған бірнеше бет арнайды, содан кейін ғана негізгі мәселеге көшеді. Бұл талап кейде стандартқа айналып кетеді. Мәселен, кезінде саяси жарнама тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған жас ғалымға Жоғары аттестациялық комиссия «Жолдаудан неге үзінді келтірмейсің?» деп айып таққан. Ал Президент өз жолдауларында әлгі тақырыпты қозғағаны есте емес. 

Алайда сол сараптамалар шешім қабылдайтын саяси қызметкерлерге жете ме? Бұл күрделі сұрақ. Себебі кейбір мамандар өздері жазған сараптаманың шенді азаматтардың кабинеттерінде шаң басып жататынын айтады. Бәлкім осы үшін Қазақстан Үкіметі кейбір стратегиялық құжат­тар­ды даярлауда тұрақты түрде шетел­дік ғылыми, кеңес беруші орта­лық­тарға жүгінеді? Алайда өз сарапшы­ла­ры­мыз шетелдіктер әлемдік жағдайды жақсы бақылағанымен, Қазақстанның ішкі процестеріне терең үңіле алмайды деп сынайды. 

Жалпы, сараптама сапасына келгенде атақты  Heritage foundation орталығының өз стандарты бар екен. Ол бойынша кез келген сарап­та­ма­лық материалды конгресмен АҚШ Конгресінің ғимаратынан Вашинг­тон­дағы Рейган әуежайына дейін баратын жолда көлігінде оқып, түсіне алуы керек. Ол сонда ғана пайдалы болады. Яғни, сараптама барынша қысқа әрі нұсқа жазылып, соңында қорытындысы мен кеңестері қосыла берілуі керек. 

Алайда отандық «ақыл-ой орта­лық­тары» жазып жатқан сарап­та­ма­лардың бір үлкен кемшілігі бар. Ол – қоғамға қолжетімсіз. Тек тап­сырыс берген мекемеге жеткізіп отырады. Сайттарына жарияламайды. Мұның қоғамның жалпы даму деңгейіне үлкен кесірі бар. Азаматтар көптеген маңызды мәселелер бойынша нақты ақпараттан бейхабар. Сондықтан сыбыстарға тез беріледі. Мәселен, алдыңғы жылдары елде педофил көбейді, гепатит ауруы артты деп ел дүрлікті. Алайда статистикаға қарасақ, жылдағы дең­гей­­ден көп өзгеріс жоқ. Тек сол оқиға­лар­ды жазатын сайттар, әлеуметтік желі және басқа да ақпарат құралдары дамыды. Мұндай сараптамаларды қатардағы азаматтардың оқып отыруы неге маңызды? Мысалы, Британияда Брексит мәселесі көтеріл­генде, қарапайым халыққа дейін Еуроодақтан шығу не қалу қанша миллиард фунт-стерлинг шығын шығатынын не пайда әкелетінін біліп, соны дәлел ретінде митингтерде, өзара дискуссияда айтып жүрді. Яғни, халық көбірек ақпараттанған сайын шынайы жағдайды біліп отырады, қауесеттерге бой алдырмайды.  

Аймақтар. Отандық «ақыл-ой орталық­та­рының» негізінен Астана мен Алматыда шоғырлануы соңғы кезде үлкен мәселеге айналды. Себебі аймақтардағы халықтың көңіл күйі, наразылығы, ішкі проблемалары толық зерттеледі деп айта алмаймыз. Тек қана тапсырыс түскенде республика бойынша 1200-2000 адамның пікірі сұралады. Иә, бұл әлеуметтану ережесі бойынша жеткілікті. Бірақ Жамбыл, Қарағанды, Алматы, Түркістан облыс­тарында кезінде болған ұлтаралық кикілжіңдер немесе ірі өндіріс аясында жиі болатын еңбек даулары өңірлердің терең зерттелмегенін дәлелдейді. 

Оның өз себебі бар. Аймақтарда тұрақты сараптама жүргізетін ғылы­ми орталықтар жоқтың қасы. Тек Шымкент қаласында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институ­ты­ның филиалы ашылған. Қалғандары облыстық әкімдікке қарасты ақпа­рат­тық-талдау бөлімі. Олар ғылыми-­
зерттеулерден бұрын есеп жазумен айналысатыны тағы бар. 

Мамандар. Қазақстанда терең сараптама жүргізе алатын саясаттанушы, әлеуметтанушы, экономист мамандар саусақпен санарлық. Ал қоғамдық дамудағы құндылық, көзқарас өзгерістерін дәл басып, жаза алтын философ тіпті кем. Бүгінгі Қазақстанға сол мамандар ауадай қажет екенін Үкіметтің отставкасы көрсетті. Себебі қоғамда тек экономикалық, қаржы проблемасы ғана емес, адамның билікке, өзгелерге, келешекке сенімі де үлкен мәселеге айналды. 

Біршама салада кәсіби тұлғалар жеткіліксіз. Мәселен, қытайтанушы деп тек К.Сыроежкинді ғана атаймыз. Әділ Кәукенов те бар. Кон­флик­тологияда Г.Насимованың ғана есімі айтылады. Урбанистика, демография, әскери-саяси ғылымда мойындалған маман көрінбейді. Ал олар қазір Қазақстан үшін өте қажет. Тіпті, Жастар жылында жастар мәселесін тұрақты түрде 10 жылдай зерттеген маман сирек. Иә, Талғат Қалиев басқаратын «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Бірақ неге екен белгісіз, жастар саясатын бақылау, дамыту жөніндегі кеңестерге ғалым, сарапшыларды емес, блогер, вайнер, тележүргізушілерді шақыра бастады. Бәлкім бұл сол сала маманының аздығын көрсететін шығар.

Жалпы, әлемдік практикада «ақыл-ой орталық­тарынан» шық­қан ма­ман­дар президенттерге сенімді серік, қажет кеңесші бола білген. Кейде сая­си өзгерістерге ықпал еткен. Мәсе­лен, М.Горбачев пен Р.Рейганның  Рейкьявикте 1986 жылғы кездесуін ұйымдастыруда академик Г.Арбатов және оның АҚШ және Канада институтының рөлі жоғары болған. Ал Кондолиза Райс саясаттану ғылы­­мынан шығып,  АҚШ-тың Мем­лекеттік хатшысы деңгейіне көте­ріл­ген бірден-бір сарапшы. Ол Шығыс Еуропа, КСРО саласына маманданған. Қазақ­станда да мұндай мысал бар. Президент Әкімшілігіне қарасты зерттеу орталықтарында істеп, жоғары саяси қызметке тағайын­дал­ған азамат ретінде Марат Тәжин, Мәулен Әшім­баев­ты айтуға болады. 

Зерттеу аймағы. Қазақстанда саяси зерттеулердің дүмпуі 2000 жылдардың басына келді. Ұлттық қауіпсіздік, саяси транзит, Орталық Азия, ақпараттық қауіпсіздік жиі сараланған тақырып болды. Бірақ нақты бір салаға маманданған инс­титуттар кем еді. Алғашқылары жабылып қалды. Бүгін жоқ. Сондықтан қазір ресейтану, қытайтану, орталық- азиятану, Таяу Шығысты зерттеу ғылыми орталықтарының қажеттілігі көрініп тұр. Бұл Қазақстанда көптен бері айтылып келе жатқан мәселе. Бірақ әлі қолға алынбады. Басқаны айтпай, көрші Қырғыз елі, Өзбекстандағы процестерден қоғам, кейде саясаттанушылар да бейхабар, алайда алыстағы Венесуэланың бүге-шүгесіне дейін біліп отыр.  Кейбір деректерде Қытайда Орталық Азия мен Қазақстанды зерттейтін 40-қа жуық институт бар деп жазады. Яғни, көршілерді, сыртқы саясатымыздағы маңызды елдерді толық зерттеу Қазақстан үшін маңызды болып тұр. 

Сөз соңында. Қазақстан «ақыл-ой  орталықтарының» сапасы жағынан қу шөппен ауыз сүртпейді. Мәселен, жыл сайын әлемнің үздік зерттеу орта­лықтарын анықтайтын  Global Go To Think Tank Index Report есе­бін­де Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты 2018 жылы 140-орынға жайғасты (АҚШ-ты есеп­темегенде). Орталық Азияда 2-ші екен. Жалпы, бұл мәселе жас сарап­шы­ларды (аналитик) даярлайтын жаңа мектеп қажет екендігін көрсетті. Оған қоса, қазір әлеуметтік зерттеулерді жылдам жүргізуге, оны талдауға мүмкіндік беретін бірнеше компьютерлік бағдарламалар шықты. Ал отандық «ақыл-ой орталықтарының» келе­шек­тегі дамуы ашық нарыққа шығып, өзге­лермен бәсекелесуінде екенін уақыт дәлелдеп жатыр. Егер олар үнемі үкіметке қол жайса, онда сарап­та­ма сапасы да, даму бағыты да, мамандар құрамы да ілгерілей қоймас. Өйткені сараптама нарығына Олжас Құдайбергенов, Дәрмен Сәдуақасов басқа­ратын Стратегиялық бастама­лар орта­лығы, Dasco Consulting Group сияқты жаңа форматтағы ұйым­дар келді. Алайда әлі де болса Қазақ­стан­­дағы консалтинг, сараптама, стра­тегиялық құжаттарды даярлау, аудит саласындағы ұлттық компания­лар, үкімет бөлетін үлкен қаражат отан­дық орталықтарға емес, Big 4 құра­мы­на кіретін   Deloitte, PwC, Ernst & Young, KPMG-ның еліміздегі филиалда­рына кетіп жатқаны белгілі. Бұл да Қазақстандағы сараптама ісіне кері әсер ететін бір фактор. Егер сол қаражат отандық «ақыл-ой орталықтарына» жұмсалса, зерттеу сапасы да өзгерер ме еді?!  

Нұрмұхамед БАЙҒАРА,

«Egemen Qazagstan»