Аймақтар • 25 Ақпан, 2019

Бас басылымның ғасырлық тойы Абай елінен басталды

668 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің 100 жылдық мерейтойы қасиетті Абай елінен, алаштың рухани астанасы Семей шаһарынан, ұлылар туған топыраққа, ұлт қайраткерлерінің ізі қалған қастерлі өлкеге тағзым етуден басталды.  

Бас басылымның ғасырлық тойы Абай елінен басталды

Екі күнге созылған мерей­тойлық шара аясында Астана­дан арнайы келген  «Egemen Qazaqstan» республикалық га­зеті» АҚ басқарма төраға­­сы Дар­хан Қыдырәлі, академик Ға­ри­фолла Есім, қазақ­тың айту­­лы ақындары – Несіп­бек Айт­ұлы, Тыныштықбек Әбдікәкім­ұлы, қоғам қайраткері Түсіп­хан Түсіпбеков, газеттің арда­гері Оңдасын Елубай бас­таған, «Шығыс Ақпарат» АҚ бас­қарма төрағасы Серік Жеңісов, облыстық Ішкі саясат басқарма­сы басшысының орынбасары Айдар Садырбаев, се­мей­лік жас журналистер қос­таған топ шежіре­лі Шың­ғыстауды бетке алып, ұлы Абай мен Шәкәрім кесене­лері­не тәу етіп, ұлттың темірқазы­ғы­на айналған тұлғалар рухына Құран бағыштады. Кесене ба­сын­да қонақтарды қарсы ал­ған абайлық ақын Төле­ген Жан­ғалиевтің Елбасы­ның ті­ке­лей қамқорлығымен тұрғы­зыл­ған ғибадат орны­­ның қалай салынғандығы, Абай, Шәкәрім ұрпақтары, олар­дың тартқан қасіреті жөніндегі тұшым­ды, ғибратты әңгімелері зиярат етуші қауымды бір сәт ой­лан­тып тастағаны рас. Бұдан кейін қонақтар Абай ауданы­ның орталығы – Қарауыл ауы­лын­дағы 2018 жылы қай­тадан жаңаша кейіпте сомдалып, ашылған ақын ескерт­кіші­­не гүл шоқтарын қойды. Ескерт­кіш басында сөз алған басылым басшысы Д.Қыдырәлі: «Пре­зи­дентіміз Нұрсұлтан Назар­баев «Абай сөзі – қазақтың бой­тұмары. Абай мұрасы – қазақ­тың ең қасиетті қазынасы» деп бекерге айтпаса керек. Елі­­міздегі кез келген дүние, ма­ңызды, ауқымды шаралар Абайдан, Абайға тағзым етуден басталуы керек. Бұл іс игі дәс­түрге айналуы қажет. «Egemen Qazaqstan» газетінің ғасыр­лық мерейтойын Абай елі­нен бас­­тап жатқанымыздың себебі де – осы», деді. Жергілікті ақса­қал­­­дардың айтуынша, Мем­ле­кет басшысы Абай еліне 5 мәр­те ат басын тіре­ген екен. 1991 жы­лы желтоқсан айында жал­пы­халық­тық Прези­дент сайлауында жеңіске жеткеннен кейінгі Ант беру салтанатына қасиетті Абай жерінен белгілі халық ақыны Шәкір Әбенов Алматыға арнайы шақырылып, күллі қазақ елінің атынан бата бергені де жұртшылық есінде.

Осындай құт қонып, қасиет дарыған өлке бүгінде өсіп-өркендеп, дамып келе жатқанын Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров өз сөзінде атап өтіп: «Былтырғы ел болып, жұрт болып жұ­мыла жасаған жұмысымыз – аудан орталығына Абай атамыздың еңселі, түп­нұсқаға жақын келетін ескерткішін орнатуымыз. Ескерткішті абайлық талантты жас мүсінші Нұрбол Қалиев жасап шықты. Ескерткіш ашылғаннан кейін сол аумақты абаттандырып, субұрқақ орнаттық. Былтыр ауданымызда тұңғыш рет балаларға арналған 50 орындық бассейн ашылды. Ұлылар мекенінде осындай игілікті жұмыстар қолға алынып жатыр. Ғасырлық тағылымды тарихы бар «Егеменнің» мерейтойы Абай елінен бастап жатқандарыңыз біз үшін мәртебе, зор құрмет» деп алғысын жет­кізді.

«WORLD OF EGEMEN KAZAKHSTAN» онлайн бұрышы ашылды

Шыңғыстаудан бастау алған шаралар легі екінші күні алаш қайраткерлерінің табаны тиген, аялы алақанының табы қал­ған, Алаш Орданың астанасы болған Семей қаласында жалғасты. Қаладағы Шә­кәрім атындағы мемлекеттік универ­ситетінің әкімшілік ғимаратында басылымның 100 жылдығына орай «WORLD OF EGEMEN KAZAKHSTAN» ақ­параттық-интеллектуалдық онлайн бұрышы ашылды. Енді оқу орнының сту­денттері мен ұстаздары жоғары технологиялар көмегімен газетте, басылымның сайтында жарияланған дүниелерді оқи алады. Университет ректоры Мейір Ес­кен­діровтың айтуынша, алдағы уақыт­та Семей қаласының әр ауданында орна­ласқан университет филиалдарында осын­дай смарт бұрыштар орнатылады. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласына орай Семейде көптеген игі істер атқарылуда. Енді біздің уни­вер­ситетте республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің тарихы зерттеліп, сту­денттеріне терең бағдарлы жұмыстар жүк­телмек. Соның бірі газеттің 100 жыл­дығына орай ашылған – «WORLD OF EGEMEN KAZAKHSTAN» онлайн-смарт бұрышы» дейді ол.

Университет ішінен ашылған «АКМЕ» халықаралық клубының бұл жолғы отырысы «Egemen Qazaqstannyń» 100 жылдық мерейтойына арналды. Дөңгелек үстелге абайтанушы ғалым Ғарифолла Есім, Шәкәрім уни­вер­ситетінің профессоры Арап Ес­пен­бетов, «Егеменнің» ардагерлері Оңда­сын Елубай мен Дәулет Сейсенұлы, семей­лік зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысып, газет жайындағы ойларын ортаға салды. Отырыстың ашылуында сөз алған «Egemen Qazaqstan» рес­публикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі басылымның 100 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтілетінін, Үкімет қаулысы шы­ғып, арнайы жоспар бекітілгенін жет­кіз­ді. Ел газеті «Егеменде» Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Ай­мауытұлы, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Май­лин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рыс­құлов сынды алаш ардақтылары бас­шылық қызмет атқарғанын тілге тиек етті. «Сондықтан да біз еліміздің 100 жыл­дық жылнамасы – «Егеменнің» ғасыр­лық тойын Абай елінен, Семей қала­сынан бастап отырмыз. Абайға, Шәкә­рімге, Мұхтарға тағзым етіп келіп отырмыз. Алдағы уақытта Орын­борға бару жоспарымызда бар», деді Д.Қыдырәлі.

«Егемен» жайындағы ел лебізі

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

− Әр нәрсенің әділін, ақиқатын айтуға тиіспіз. Атал­ған басылым ғасырлар бойы «мың өліп, мың­ тірілген» халқымыздың өткен ғасырдағы ком­му­нистік жүйеден көрген орасан зобалаңдарының да, қызылпатшалық орыс империясы тарапынан тарт­қан сұмдық тақсіреттерінің де, социалистік қо­ғамдағы құдайсыздық пен орыстық шовинизм жойым­паздығының да дәуірлік айнасы іспеттес болды. Еліміз тәуел­сіздік алған мезеттен бастап жаңа саяси жүйенің, дербес ел ретінде рухани жаңғыра отырып, Мәңгілік Ел болу жолындағы жетістіктеріміздің әлемдік жаршысына айналды. Әрине, бұрынғы «Социалистік Қа­зақстан» газетінің қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қос­қан үлесін жоққа шығаруға болмайды. Ол – со за­мандағы бейбіт өмірдің, өнер мен білімнің, еңбектің қолдаушысы да бола білді. Мәселен, кезінде көптеген талантты жастардың қаламгер болып қалыптасуына тигізген зор әсерін айтпай кетуге әсте болмайды. Өт­кен тарихымызды, ұлттың өзін-өзі тану жолында жарияланып жатқан дүниелер өз алдына бөлек әңгіме. Сон­дай-ақ о замандағы «Социалистік Қазақстан» басылымының тағы бір ерекшелігі – оның қарапайым еңбек адамдарының жеткен жетістіктерін ұдайы насихаттаумен қатар, мұң-мұқтаждарына да үнемі сер­гек қарап, қоғамда бола қалған әр әділетсіздікке дер­ кезінде үн қатып отыратын белсенділігі болатын. Бүгінгі «Egemen Qazaqstan» редакциясының өз қыз­метінде сол дәстүрді де ықылас-ыждаһатпен шынайы жалғастырып келе жатқанына қуанамыз. Халық сүйіп оқитын басылымға айналудың – ол да бір кепиетті кепілі. «Egemen Qazaqstan» газетінің осынау ғасырлық шежіресі – еліміздің жарқын болашағы жайында жазыла бастаған мәңгілік тарихының күрделі «кіріспе бө­лімі» ретінде жадымызда сақталады. Оған еш күмән жоқ.

Арап ЕСПЕНБЕТОВ, Шәкәрім университетінің профессоры: 

− Мен «Егеменді» 70 жылдан бері оқимын. 4 жасымда хат таныдым. Әкем маған «СҚ-ны» әкел» дейтін. Өзі оқи білмегеннен кейін мені үйрету үшін дауыс­тап оқытады екен. Сол кезден бері газетті оқып келемін. Шын мәнінде, «Егемен» халықтың көзі, құлағы һәм тілі болып келеді. 200 мыңдай оқыр­маны бар газет елімізде жоқ. Біз басылымдағы жаңа­шылдықтарға үнемі көз тігіп отырамыз. Газет әлем­дегі беделді басылым «Нью-Йорк Таймспен» ме­морандумға қол қойғанда айрықша қуандық. ХІХ ғасырдың орта кезінен бері шығатын америкалық басылымның тиражы 2 миллиондай екен. Сондағы жаңалықтарды әкеліп енгізу, үздік мақалаларды аударып жариялау газет мазмұнын байыта түсті деуге болады. Мысалы, «Әлемдегі ең қауіпті вирус не?», «Шағын фермалардағы жоғары технология» тақырыптары қандай! Осының бәрі жай ақпарат үшін беріле салған дүние емес, өз еліміз де пайдалансын, қолдансын, бізге де енсін деген ізгі ниеттен туған қадам. Сондықтан қай кезде де «Егеменнің» орны бөлек. Басылым қазіргі қазақ тілінің қалыптасуына да зор ықпалын тигізіп жатыр. «Егеменнің» 100 жылдығы − есейген қазақ баспасөзінің 100 жылдығы.  

Түсіпхан ТҮСІПБЕКОВ, қоғам қайраткері:

− «Егемен» елдің газетіне айналды. Соңғы жылдары газет бетінде сан алуан тақырыпты қамтыған сыни мақалалар жиі жарық көріп, игілігін ел көріп жатыр. Соның нәтижесінде халық басылымға бір табан жа­қын­дады. «Егеменнің» назарына іліккен тақырып еш уа­қытта елеусіз, ескерусіз қалмайды. Басылымның әсі­ресе аймақтардағы әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөліп, шалғай ауылдардағы жұрттың мұң-мұқ­тажын жүйелі түрде көтеріп отыруы бізді айрықша қуан­тады. Мәселен, «Егеменде» шекаралық аймақтар мәселесі бір емес, бірнеше рет көтерілді. Оның нәти­жесінің қалай болғанын көзі қарақты оқырман білсе керек. Ғасырлық тойын атап өтіп жатқан басылым осы бағытынан әсте таймайтынына кәміл сенеміз.

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,

Азамат ҚАСЫМ, 

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы