Қазақстан • 25 Ақпан, 2019

Қазақстан жастарының мәселелері мен болашағы талқыланды

600 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында Жастар жылы аясында дөңгелек үстел өтті. Онда сарапшылар әр тараптан келген қатысушылармен бірге қазақстандық жастардың әлеуметтік ахуалы, құндылықтары мен өмірлік ұстанымдарын талқылады.

Қазақстан жастарының мәселелері мен болашағы талқыланды

Шара модераторы, институт сарапшысы Серік Бейсембаев биыл жастар үшін маңызды жыл екенін еске салып, осы отырыста айтулы жылда ғана емес, осыған дейін де жастарға мемлекеттің лайықты көңіл бөліп келе жатқанын жеткізді. «Ресми деректерге сүйенсек, 2018 жылы елімізде жастар саясатын қолдауға 7 млрд теңге бөлінген. Биыл шығын бұдан да көп болады. Мұндай қомақты қаржы жастардың шынайы, маңызды мәселелерін шешуге бағытталуы керек», деді ол.

Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған спикер, институт сарапшысы Камила Ковязина жастар саясатының тиімділігіне тоқталды. Оның айтуынша, жастар саясатының идеологиясы мен тетіктерін жаңарту керек. Бұл әлеуметтік лифт жасауға ықпал етіп, суицид пен жастардың көші-қон жағдайын шешуге әсер етуі тиіс. Сарапшы бұдан бөлек жастар арасындағы отбасылық мәселені де назардан тыс қалдырмады. «Қазақстандық жастардың басым бөлігі әлі отбасын құрмаған. Тек 45 пайыз жастар отбасылы, ал 35 пайызы ажырасқан», деді К.Ковязина.

Ақпараттық қоғамдағы жастардың өмір сүру салты да, ондағы құндылықтар да бұрынғымен салыстырғанда едәуір өзгеріске ұшырған. Осы тұрғыда «Казконтент» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Думан Қожахметов өз баяндамасында медиа саласының жас буынға арналған жобаларын түбегейлі жаңғырту қажеттігіне мән берді. Ол: «Қазір интернет қолданушылардың 35 пайызы күніне кемінде 1 рет «You Tube» арнасына кіреді екен. Сондықтан біз де «You Tube»-тегі танымдық жобаларға басымдық беріп келеміз. Соның бірі – «History.kz» порталындағы «Тарих ағай» видео-жобасы», деп, оның бір санын қатысушыларға ұсынды. Ол бұл жобада жастардың көп бөлігі әлі оқушылар мен студенттер екенін ескеріліп, ҰБТ-да, сондай-ақ университеттің алғашқы курстарындағы емтихандарда кездесетін сұрақтар аясында әзірленгенін айтты.

«Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Данияр Сүндетбаев әке ретінде жас отбасындағы құндылықтар мен жас ата-аналар арасындағы проблемаларға тоқталды. Оның ойынша, қазіргі жас ата-аналарда балаларының тіл тазалығына алаңдаушылық бар. Өйткені балаларға арналған қазақ тілді контент аз немесе сапасы сын көтермейді. Оның үстіне балалар да шет тіліндегі мультфильмдерге құмар, сондықтан жас аналар мен әкелер ұрпағының мемлекеттік тілді біліп өсуіне мән беруі қажет.

Дөңгелек үстел соңында қатысушылар мен спикерлер арасында еркін пікірталас болды, олар жоғарыда көтерілген мәселелердің шешу жолдарын қарастырып, ойларын ортаға салды.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»