25 Ақпан, 2019

Ауылда мұражай ашылды

581 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шағын ауылдың шырайын кіргізіп жүрген азаматтар туралы қа­лай айтсақ та жарасады ғой. Ел үшін қам жеп, жүрегі «ауы­лым, туған өлкем» деп соғатын, өзінің перзенттік махаббатын еліне арнаған азаматтар біздің Талдыапан ауылында да көп.

Ауылда мұражай ашылды

Солардың бірі – мектеп жанынан мұражай ашуға азаматтарымыз Құмар Нұр­ға­лиев – 150 мың теңге, Таңатар Муфтахиев – 200 мың теңге, Қазталов аудандық мәс­ли­хат депутаты Нұрлыбай Жолдыбаев  200 мың теңге көлемінде демеушілік танытса, осы мектебіміздің тағы бір түлегі Мәруаш Мұқанқызы 313 мың теңгенің киімін оқу­шы­­ларға сыйға тартты.

Осындай игі іс ауылымыз­да жалғасып жатыр. Жылдың басында мектеп жанында ауыл азаматтарының күші­мен мұз айдын ашылды. Дархан Аябалиев пен Са­мат Сейіткереевтің де­м­е­у­­шілігімен аумағы 600 шар­шы метр болатын мұз айдыны әдемі қоршалды. Осы ай­дынның құрылысына Ая­ба­лиевтер отбасы 1 млн 200 мың теңге жұмсапты. Бұ­ған дейін де ауылда Тә­­уелсіздік монументі мен Ал­тыбақан алаңын тұрғызған атымтай жомарт жандарға ауылдастарының алғысы шексіз.

Аға буынның осындай қам­қорлығын сезінген мек­теп шәкірттері де үздік жетіс­тіктерімен бізді, ұстаз­дар қауымын жиі қуан­тып жүр. 2004-2005 жылы туған ұлдар арасындағы кіші футболдан «Coca-cola-Былғары доп» турнирінің аймақтық іріктеу кезеңінде Талдыапан мектебі ауданда ІІІ орын алып, 17 доп соққан 9-сынып оқушысы Дияс Қалиоллин «Үздік шабуылшы» атанды. Көктерек ауылында кіші футболдан 2008-2009 жылғы ұлдар арасында өткен са­йыста талдыапандықтар І орын иеленді. Жақсы ойын өрнегімен көзге түскен 4-сынып оқушысы Нұрәлем Жалмұханов «Үздік ойыншы» атағына ие болды.

1947-1953 жылдары Талдыапан мектебінің мең­ге­рушісі қызметін атқарған Сүлеймен Есетов­тің 100 жыл­­­дық мерейтойына орай Тал­дықұдық ауылында 2002-2003 жылғы жас­өспірімдер арасында өткен кіші футбол сайысында Талдыапан мектебі жүлделі І орынды қанжығаға байлады. 11-сынып оқушысы Мерлан Жасталапов – «Үз­дік қорғаушы», 9-сынып оқушысы Диас Қалиоллин «Үздік ойыншы» атанып, арна­йы дипломмен марапатталды.

Ал баскетболдан жоғары сынып оқушылары арасында өткізілген «Мектеп лига­сы» жарыстарының облыс­­тық кезеңінде жалпы­командалық есепте қыздар арасында ІІ орын, ұлдар арасында ІІІ орын Талды­апан орта жалпы білім беретін мектебінің оқушы­ларына бұйырды. Осындай шәкірт дайындаған денешы­нық­тыру пәні мұғалім­де­рі Р.Кенжеғалиев, А.Карга­польцев, Б.Жапаров сынды ұстаздардың ерен ең­­бе­­гінің нәтижесі деп білеміз.

Ақерке ҒҰБАЙДОЛЛАҚЫЗЫ,

Талдыапан орта мектебінің мұғалімі

Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданы