Аймақтар • 25 Ақпан, 2019

Қостанай облысында өткен жылы барлық салада ілгерілеушілік байқалды

371 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Облыс әкімінің міндетін атқарушы Архимед Мұхамбетовтың өткен аптаның аяғында облыс жұртшылығы алдындағы есебі тек былтырғы жылғы жүзеге асқан жобалар мен бағдарламалар, табысты істер ғана туралы емес, алдағы мақсаттарды да ортаға салды.

Қостанай облысында өткен жылы барлық салада ілгерілеушілік байқалды

Алдымен біткен іске тоқтар болсақ, өткен жылы экономиканың барлық саласында ілгерілеушілік болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын әкім есебі өндірістегі кен өндіру көрсеткіштерімен басталатын. Биылғы әкім есебінің басында залда отырған жұртшылықтың құлағы облыс экономикасына салынған инвестициялардың 13,3 процентке, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 13,1 процентке өскенін шалды. Қазір инвестициясыз экономика шабандайды, ал әлеуметтік саланың көрсеткішін де, көшін де дұрыстайтын баспана екенін аян.

Облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 2018 жылы 871 миллиард теңгенің өнімін өндіріпті. Тау-кен секторында 2011 жылдан санағанда 15,5 процент өсім қамтамасыз етілген. Мыс, темір кендерін, олардың концентранттарын, боксит, асбест өндірудің барлығы да ұлғайтылған. Облыста шикізатты қайта өңдеу саласының басып озғанына да біраз жыл болды. Бұл салада жергіліктендіру және қазақстандық қамтымын ұлғайту жөнінен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқан машина жасауда есеп беріліп отырған жылы 13,0% өсім қамтамасыз етілгендігін атап өтуге болады. 113,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Өткен жылы Қостанайдағы машина жасау зауытында 11766 жеңіл автомобиль құрастырылды, ол биыл оның санын 25 мыңнан асыру көзделіп отыр. Қайта өңдеу өнеркәсібінің арқасында сыртқа ұн шығару 60 мың тоннаға ұлғайды. Ал жарма экспорттау 7 еседей, өсімдік майы 6 еседей, сүт өнімдері 4, жұмыртқа 2,5 еседей артты.

Облыста 2015-2019 жылдарға бағытталған Индустрияландырудың екінші бесжылдығы картасында белгіленген инвестжобаларды іске асыру белсенділікпен жүргізілді. Бұл уақыттішінде 5 мың адамға жұмыс беретін 24 жоба іске асырылуы тиіс. Өткен 4 жыл ішінде 13 жоба іске қосылған. Оларға тартылған инвестиция көлемі 35 миллиард теңгені құрайды, 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. 2018 жылы инвестиция көлемі 18,8 миллиард теңге болатын 2 жоба өмірге жолдама алды.  Олардан 400 адам жұмыс орнын тапты.

Ауыл шаруашылығында есепті жылы алқаптарды әртараптандыру жалғасын тапты. Бидай алқабы 243 мың гектарға кемітілді. Оның орнына жем-шөптік, майлы, бұршақ дақылдарының алқабы тағы да ұлғайды. Өткен жылы 5,2 миллион тонна астық жиналды. Соның 2,2 миллион тоннасы экспортқа шығарылды. Мал басының саны арты, соның ішінде ірі қара 3,3, жылқы 7,8, уақ мал 4, құс 4,2 процентке өсті. Ет, сүт өндіру де артты.

Архимед Мұхамбетов облыста «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Әсіресе, ауыл шаруашылығындағы цифрландыру жұмыстары өз нәтижесін бірден берді. 

«Қостанай облысы ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша қанатқақты өңір болып айқындалды, оның шеңберінде: «Ақылды май зауыты» («Промбаза 7» ЖШС), «Ақылды сүт фермасы» («Олжа Садчиковское» ЖШС), «Ақылды ет фермасы» («Терра» ЖШС), «Ақылды құс фабрикасы» («Жас-Қанат 2006» ЖШС) құрылды. Оларды іске асырудан экономикалық тиімділігі тек бір жылда ғана 1,5 млрд. теңгеден асты» деді Архимед Бегежанұлы.

Әлеуметтік салада баспана, ауыз су, жол, газбен қамту мәселелері қашан да өткір тұрады. Қазіргі уақытта облыс халқының 59,5% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, оның 31 проценті ауылдық елді мекен болып саналады, 8 елді мекен газдандырылды. «Нұрлы Жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын кең көлемде іске асырып, 3,2 мың отбасы қоныс тойын тойлады. Өткен жылы 11,9 млрд. теңге игерілді, 299,3 мың шаршы метр тұрғын үй, соның ішінде жалпы ауданы 192,2 мың шаршы метр 39 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. 2019 жылы 243,2 мың шаршы метр болатын 41 көп қабаты тұрғын үй салынады.

Облыс әкімі осылай, барлық салада атқарылған істерді баяндап өткен соң, облыс тұғындарының сұрақтарына жауап берді. Пайдалануға енді ғана берілген, Жастар сарайының мыңнан аса адам отырған атшаптырым залының екі жағына қойылған микрофонға тұрғандардың кезегі ұзын-сонар болды. Әкім отыздан адам сұраққа жауап берді. Олардың барлығы дерлік әлеуметтік мәселелерді қамтыды. Сұрақтардың арасында аудандар мен қалалар ішіндегі жолдардың нашарлығы, ауыз су, көгілдір отын, баспана мәселелері жиі қайталанды. Мұның өзі алда әлеуметтік салада атқарылар жұмыстың аз еместігінен хабардар етті. Алыс аудандарға баратындар үшін жолдың ұзақтығы ескеріліп, залдағылардың өтініші бойынша сұрақтар қысқартылды. Алайда Архимед Бегежанұлы сұрақ беруге кезек күтіп тұрғындарды қабылдайтынын айтты.

Облыс әкімінің міндетін атқарушы Архимед Мұхамбетовтың өткен жылға жасаған есебін тыңдағандар атқарылған игі істерге ризашылығын білдірді. Жиынға Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрінің міндетін атқарушы Ж. Қасымбек қатысты.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай