Осы орайда өңірдегі стартап академия Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ерденбековтің бастамасымен ашылғанын айта кеткен жөн. Мұнда тігін цехы, биологиялық зертхана, мүсін жасау шеберханасы және аспаздық бөлмелер жабдықталған. Қазіргі кезде стартап академия өздері ойластырған жобаларға сәйкес өңірдегі бренд тауарлар түрін көбейтіп, оны тиімді пайдалану жолдарын белгіледі.
Соның бірі – тары. «Біздің қазіргі мақсатымыз осы стратегиялық дақылдан жасалатын өнім түрлерін көбейту. Бұл өздігінен пайда болатын іс емес. Сондықтан стартап-алаңынан осы жобаны іске асыруға икемі бар болашақ кәсіпкерлерді әзірлеуді, оларға бизнестің қыр-сырын таныстыруды көздеп отырмыз», дейді жоба иесі, университет ректоры Б.Ерденбеков. Оның айтуынша, стартап академияда идеялар мен жобалар бір-бірімен тоғысып жатуы тиіс. «Бұл бағытта біз кем дегенде студенттеріміздің елу пайызын осы алаңнан тәжірибе жинақтайтындай іс-шаралар кешеніне белгіледік. Қазіргі істің барысы жақсы әрі оң нәтижеге қол жеткізе алатынымызды көрсетеді», дейді ректор. Ақтөбеде стартап академияның ашылуы биылғы Жастар жылымен тұспа-тұс келіп отырғаны да істің өміршеңдігін танытады. Бір сөзбен айтқанда, стартап жобалар кәсіпкерлікті дамытудың негізі десе де болады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті бұл ілкімді істі жалаң бастамағанын да айтуға тиіспіз. Мысалы, айтулы жоғары оқу орны 2017 жылдың аяғында «Стартап-2017» байқауын өткізіп, болашақта басталатын істің алдымен әліппесін ашқан. Алғашқы байқау тек сөз жүзінде қалмай, нақты істің атқарылуына септігін тигізгені бүгінгі оң қадамдарға бастама болған.
Осы байқауда бас бәйгені иеленген «Ақылды балабақша» жобасы бүгінде «Зерек» атты балаларды дамыту орталығына айналған. Әрі мұны университет ұжымының әлеуметтік бағыттағы стартаптарды дамыту ісіндегі тұңғыш табысы деп те бағалаған орынды. Өткен 2018 жылы да университетте стартап академияны ашу үшін жан-жақты ұйымдастыру жұмыстары жүргізілген. Соның нәижесінде жастарды әлеуметтік пайдалы жұмыстарға тарту жөнінде лайықты қадамдар жасалған. Осы жылы республикада өткізілген «Жас проджэкт» байқауына аталған оқу орнынан 11 өтінім беріліп, оның ішінде 6 стартап грант иегері атанғанын атап айтуға болады. Сондай-ақ аталған университет студенттері жеті миллион теңгені ұтып алғаны республикадағы өңірлік жоғары оқу орындары арасындағы жоғары көрсеткіш.
Университеттегі стартап-жобалар Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасымен бірлескен түрде жүзеге асырылып келеді. Мұндай жұмыстар оқу орнының өңірдегі интеллектуалды ресурстарды шоғырландыру орталығына айналуына мүмкіндік береді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ