25 Ақпан, 2019

Игі бастамалардың ұйытқысы

406 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы жиырма жылдың ішінде еліміздегі жетекші партияға айналды. Өзінің ел ішіндегі жақсы істерді ұйымдастыру, бірлікке үндеу және тыңнан түрен тартқан бастамашыл болуы арқылы жалпақ жұрттың сенім артар тірегі болып отырғандығы баршаға белгілі.  

Игі бастамалардың ұйытқысы

Партияның барлық бағдарламаларын жіті көңілмен саралап, ақыл таразысына салсаңыз, адамдарға нақты қамқорлық жасап, болашаққа сара жол ашуды көздейді және әрдайым адамгершілікке, кісілікке үндейді. Көкшетау қаласындағы Абай Мырзахметов атындағы университеттің жа­нындағы, құрамында университет оқы­ту­шылары, жас ғалымдар мен жүз­де­ген студент топтасқан партия­ның бас­тауыш ұйымы бағалы бағ­дар­ла­ма­лардың жүзеге асуына өз үлес­терін қосу­да. Осыдан екі жыл бұрын облыс­та­ғы бас­тауыш ұйымдардың арасында өт­­кі­­зілген байқауда екінші орынға ие болдық. 

Негізінде, партия ел сеніміне әбден ие болған ұйым. Өйткені оның бар мақ­саты − тәуелсіз еліміздің тұғырын биік­тету. Оқу орны болғандықтан, жас­тар­дың бойына адамгершілік, кісілік ұрығын себу өте маңызды. Біздің бастауыш ұйымның хал-қадерінше қамтып отырған шаруасының бір парасы осы бағытта. Негізі партияның «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз болашақ» тәрізді бағдарламалары жанымызға тым жақын. Біздің бастауыш ұйым ел ішінде партияның алға қойып отыр­ған мақсат-мұраттарын жан-жақты түсін­дірумен қатар, нақтылы істерімен де ерекшеленеді. Мәселен, әрбір оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясына белсене қатысу игі дәстүрге айналған. 

Ұлы Отан соғысының ардагерлері де басты назарда. Өткен жылы ардагерлерге материалдық көмек көрсетілді. Жаңа жыл қарсаңында Сандықтау ауданындағы балалар үйіне барып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған жеткіншектерге жаңа жылдық сый-сияпат жасалды. Киім-кешек, оқу құралдары тәрізді заттай көмек көрсетілді. Жеке адамдармен қатар, облыс орталығындағы кейбір түйінді мәселелерді шешуге де атсалысудамыз.

Застанционный кентіндегі су құбырларын жөндеуге қаржылай көмек көрсеттік. Осы кентте тұратын Марина Бехтольд есімді зейнеткерге үш миллион теңгеге баспана сатып әпердік. Сондай-ақ Дина Мұхамедиярова есімді көп балалы анаға бір миллион теңгеге вагон және 4 тонна көмір жеткізіп беріп, ананың ақ алғысына ие болдық. 

Көп балалы аналарға қамқорлық көр­сету – азаматтық парыз. Өйткені олар еліміздің ертеңгі болашағын баптау үс­тінде. Оқу орнында білім алып жатқан сту­денттер арасындағы әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайы қиындары да еш уа­қытта назардан тыс қалмайды. Олардың да қатардан кем қалмай, жаңа заман­ның талабына сай білім алып шығуы­на қамқорлық жасаудамыз. Осындай ізгі істерге ұйытқы болып отырған бастауыш ұйымның әр ісі студенттерімізге үлгі-өнеге. Өнегелі жастар өрісін кеңге жаятынына сеніміміз де мол. 

Сағынтай ЕЛУБАЕВ,

партия ардагері, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің президенті, Ұлттық ғылым академиясының академигі