25 Ақпан, 2019

Құндылық іздеген қойылым

2667 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

...Жастар театрының ат шаптырым залында ноқаттай ғана қарайған бейне көзге шалынды. Иығына түскен шашын салалап қойып, терең ойдың құшағында отыр. Тіпті жанына жақындап барсаң да, селт етер емес. Бар ойы мен назары –  сахнадағы актерлер ойынында.  Кешке премьера! 

Құндылық іздеген қойылым

Жалпы, режиссер Нұр­қа­нат Жақыпбайдың шығарма­шылық лабораториясын сырт­тай бақылаған қызық. Әр­ қо­йы­лымына өзгеше стиль,­ қол­таңбамен келетін суреткер­дің өнердің өз тілінде жасырған жұм­бағын шешіп, кілтін із­деу көрерменін ерекше бір ынты­зарлықпен үнемі театрға қарай тартады да тұрады.  «Ғасырдан да ұзақ...» деп атау берген жаңа спектаклінде де өнер иесі сол жаңалықсүйгіш қалыбынан танбапты. Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», Оралхан Бөкейдің «Жетім бота» және Роза Мұ­қа­­нованың «Мәңгілік бала бейне» шығармаларын бірік­тіріп, триптих түзген сах­на­лық интерпретациядан біз өркениет өрістеп, құндылық өзгерген тым-тым қатыгездеу қоғамда адам жанына үңіліп, арман-мұңымен бөлісудің өзі қияметке айналып бара жатқан құбыжық күй, замана трагедия­сын қалтқысыз танығандай бол­дық. 

– Адамдар араласудан қал­ды. Тек смартфон арқылы сөйлеседі. Бұл тақырып маған өте өзекті бо­лып көрінді. Адам­­­дар өзгеге қайы­рымды бо­лу­ды ұмытты. Тіп­ті дос­та­рын танымай жатады. Бүгін­де олардың айнымас досы –  телефон, гаджет. Осы­ның барлығы мені қатты тол­ғанды­рады, – дейді бұл жөнінде ре­жиссердің өзі. 

Рас, алғашқы қабылдауда атал­ған шығармалардың айтары да, идеясы да үш түрлі. Үшеуін бірік­тіретін ортақ тін­ді табу да қарапайым оқыр­­­ман үшін қи­сынға ке­лің­кіремейтіндей. Әйтсе де асық­паңыз! Жер бе­тін­дегі барлық ұлы ойды ұйыс­тыратын ортақ тін – адамзаттың өзі һәм оның ішкі трагедиясы екен. Жаңа қойылым соны айтады. 

Баттасқан бояу мен бар құ­пия­сын жайып сап тұрған тұр­мыстық трактовкадан қаша­тын режиссер бұл жолы да шарт­тылықты негізге алады. Сахнада негізінен символ мен метафора сөйлейді. Екіге бөлінген контрасты кеңістікте бір-біріне қарама-қайшы екі әлем өмір сүреді. Сахна ортасынан орын ал­ған ғимарат типтес жылтырақ әйнекпен көмкерілген алып декорация бүгінгі біз өмір сүріп жатқан қалалық өмірдің құй­­тақандай ғана бір бөлшегін көр­­­сетсе, сол ғимаратты айнала қозғалған үш бейне спек­такльге қосалқы автор болған қа­лам­­герлер шығармасындағы кейіп­­керлердің тағдыр-талайы ар­қылы берілген көмескілене бастаған құндылықтар көші. Жылтырақ әлемде өмір сүрген кейіпкерлердің бар ойы мен назары –  ұялы телефон мен гаджетте. Айналасында болып жатқан түрлі оқиғаға, өз­дерін айнала қозғалған кейіп­­керлердің қасіретті күйі мен трагедиясына һәм жан шырылына назарын салып та қа­рамайды. Тірі пендеге өмірдің бар қызығы ұялы теле­фонның ішіне тұрақтап қал­ғандай. 

Ал екінші әлемнің трагедия­сы мүлдем басқа. Бұлар тіл­десуге жан сырын жайып сап, шер тарқатысар жан таппаған тір­шілік иелерінің ішкі шырылы. Марқұм Қазанғап досын мәңгілік мекенге тұрақ­тандыратын 2 метр жер іздеп сандалған Едігенің жанай­қайы да, жерімізді у­лап,­­ лаң салған полигонның қасі­реті салдарынан мәңгілік ба­ла кейіпте қалып қойған Ләй­ләнің тауқыметті тағдыры да,­­­ жетім ботасын жетектеп, те­ңіз толқынынан ата-анасы­на­ сәлем жолдаған дертті, же­тім бойжеткен Ақботаның іш­­кі трагедиясы да күмбезін күн сүйген зәулім ғимаратта отыр­ған жаңа заман адамдарына шы­бын шаққан құрлы әсер ет­пейді. Тас қалада жаны да тасқа ай­налған адамдардың жүрегі бір сәтке соғуын да тоқ­­­­­­­татқандай. Телефон би­лігін жүр­гізген мұздай те­мір қоғам. Мұнда адамдар сұлулыққа селт етіп, мейі­рім­ге елжіремейді. Тәні сау болғанымен, рухы мүгедек күйге түскен, қарапайым ғана адами ұғынысуды ұмытқан темір адамдар тобыры. Тас қабырғаға қамалып отырған ол қауым – сіз бен біз. 

Керісінше, тәні мүгедек болса да арманға сеніп, сұлу­лыққа сүйсінуден бір сәт те танбаған, тәні жарымжан бол­ға­нымен, жан дүниесіне ноқаттай қылау түсірмей, жүрегін таза сақтай алған Ләй­­­лә бейнесі көп көңіліне ой салып, көрерменнің рухани әлеміне төңкеріс жасағандай. Актриса Назерке Серікболова сахнаға шығарған Ләйләнің сон­шалықты таза, соншалықты ар­маншылдығына қызығасың. Сырттай бақылап отырып,­ ол сенген әлемнің сіз үшін қағаздай да қадірі жоқ құнсыз­дығын көріп іштей өз-өзіңізден жерисіз, жан дүниеңізді сұм­дық бір қорқыныш би­лей­ді. Өйткені біздің жан дү­ниеміз қарапайым ғана адами сезімдер мен тілдесуді өр­­кениет көшіне ұрлатып алыпты. Бас кейіпкер Ләйлә қо­йылым бойы сырын ақтарар пластмассадан жасалған ақ ләйлек құстар мен сүйген жаны Құмарды өзімен алып келеріне өрекпи сенген пойыз­ сұлбасын көз алдыңызға әкелер  қалбыр ішіндегі құм­ның дыбысы, ол сырласар қаңылтыр табақтың аспандағы Айға айналып, ол киетін алабажақ киім­дердің сырттай қоқыс көрінгенімен, қабылдауыңызға ханшайым­ның киіміндей әсер беруі – барлығы да ұғым мен қабыл­даудың арасындағы контрасты көрсетеді. Тіпті Ләйләнің мүге­дектігінің өзін сыртқы пі­шінге емес, ішкі пластикаға салуы да режиссер Нұрқанат Жақыпбай тара­пынан табылған ұтымды шешім дер едік. Осылайша спек­такль бүгінгі қоғамда сырт­қы мүгедектік емес, ішкі тең­сіздік, рухани жарым­жан­дық әлдеқайда қауіптірек деген оқшау ойға жетелейді. 

Қойылымдағы Қазанғап­тың өлімі де – метафора. Қа­зан­ғаптың өлімі – құнды­лықтың жойылуы. Ауылының атпалдай аяулы азаматын жер қойнына тапсыра­ алмай­ сан­далған Едігенің жан қина­лысынан көрермен қауым қос­ бірдей түйткілге кезігеді. Әуел­гісі – әрине жер мәселесі. Әу бастағы автордың ескерткен қаупі бүгін де өз өзектілігін кеміт­кен жоқ. Осыны театр­ тіліне әкелген режиссер жа­һан­­дық мәдениетке барынша бойұсын­ған жастарға туған жер, Отан мәселесіндегі ұлт­жан­дылық рух­ты өлтіріп ал­мауға, өскен ор­таңның әр түйір тасына дейін көздің қа­­ра­шығындай қорғауға үн­дейді. Екінші мәселе – ұлттың салты мен дәстүрі, танымы мен ұстанымы. Қазақтың қа­лы­бын осы дүниелер анық­тайды. Әйт­се де заман ауы­сып, ұрпақ алмас­қан са­йын ол құндылықтар ба­ға­сын жойып, Қазанғаптың мүр­десіндей өз жерінде керек­сіз күй кешуі де режиссер трак­тов­касында сәтті сарапталады. Едігені кейіптеген актер, Қа­зақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Әділ Ахме­тов аталған мәселелердің дра­ма­лық күйін дөп тауып, ұтым­ды жеткізді. 

Оралхан Бөкей қаламына арқау болған «Жетім ботадағы» Ақ­бота да жоғарыда көтерілген мәселенің жүйелі жалғасындай. Бұл жерден біз роботтанып табиғи қалпын жоғалтқан қоғам мен рухани құндылықтар арасындағы тегеурінді теке­тірес­ті жазбай­ танимыз. Өз ортасында өгейдің күйін кеш­кен Ақботаның (Мөл­дір Қожагелді) қоғамнан оқшау­ланып, кісікиік ғұмыр кешуі тіпті де жетімдіктің немесе жазылмас дерттің қайғысы емес, тас жанды қоғамдағы жа­нын түсінер адам таппай қиналған жанның жүрек шырылы екенін ұғына түскендей боласыз. Тура «Ғасырдан да ұзақ күндегі» Едігедей... «Мәңгілік бала бейнедегі» Ләйләдай...

Бір қарағанда, үш кейіпкер­дің қарым-қатынасы да, әңгімесі де дәл чеховтық кейіпкерлердей жүйесіз, ортақ ойы жоқ мағына­сыз сандырақтай болып көрінге­німен, оларды біріктіретін алтын қазық – идеясы екен. Ол –  өр­ке­ниеттер қақтығысы мен тех­нологиялар текетіресінде адам­дық қалыбыңды һәм ұлт­тық құн­ды­лығыңды жоғалтып алмау. Режиссер ойынан біз осыны оқыдық.     

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»