25 Ақпан, 2019

Қазақстан құрамасы Молдованы 1:0 есебімен жеңді

378 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен бейсенбі күні футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Түркияның Анталия қаласында ФИФА рейтингінде 170-орында тұрған Молдова құрамасымен жолдастық кездесу өткізді. Бұл ұлттық құраманың 2019 жылғы және жаңа бас бапкер Михал Билектің қол астындағы алғашқы матчы болатын.  

Қазақстан құрамасы Молдованы 1:0 есебімен жеңді

21 ақпан FIFA күнтізбесіне сай, кездесулерге арнайы бөлінген күн бол­ма­ған­дықтан, бұл кездесу ресми жол­дастық кез­десу ретінде тіркелген жоқ. Сондықтан бұл ойынға Ресейдің «Уфа» және «Ростов» клубтарында доп тебетін Еркебұлан Сейдахмет пен Бахтиер Зайнутдинов қатыса алмады. Сонымен қатар «Қайрат» пен «Астана» секілді ұлттық құраманың негізін қалайтын ойыншылары бар командалар да футболшыларының жарақат алып қалуынан қауіптеніп, құрамаға негізгі ойыншыларын жібермеді. Әйтсе де, Михал Билек Молдоваға қарсы өткен ойынға қосалқы құрамдағы футболшылар мен ұлттық құрамаға енбей жүрген бірнеше жас футболшыны шақырды. Молдова құрамасы да жасыл алаңға екінші құраммен шықты. 

«Титаник» стадионында өткен кездесуде Қазақстан құрамасы 1:0 есебі­мен жеңіске жетті. Ойындағы жалғыз голды екінші таймда алаңға шыққан жас шабуылшы Оралхан Өміртаев соқты. Бұл Оралханның ұлттық құрамадағы екінші ойыны және екінші голы. Бұған дейін ол былтыр Ұлттар лигасы аясында Грузияға қарсы өткен ойында гол салған болатын. Қазақстан құрамасының қатарына алына салып, ә дегеннен гол соққан футболшылар саусақпен санарлық. Олар Бақтияр Байсейітов, Нүркен Мәзбаев, Владимир Нидергаус, Виктор Зубарев секілді санаулылар ғана. Енді олардың қатарына Оралхан Өміртаев та қосылып отыр. «Оралхан – Қазақстан футболындағы талантты футболшылардың бірі. Жас әрі жылдамдығы жоғары.

Бұл қасиеттер футболда жақсы бағаланады. Алайда, ол шеберлігін арттыру үшін көп еңбек етуі тиіс», дейді Михал Билек.

Жалпы Молдова құрамасына қар­сы ойында ұлттық құраманың бір­қа­тар жетекші футболшылары матчқа қатыспағанымен, бас бапкер Ми­хал Билектің пікірінше құрамаға шақы­рылған жас футболшылар жақсы ойын өрнегін көрсеткен. «Кейбір футболшы­лар Мол­­довамен өтетін ойынға санаулы күн­­­дер қалғанда келді. Ұлттық құ­­ра­маның оқу-жаттығу жиынында жү­ріп, өз клубтарының ойындарына қатыс­қандар болды. Мұндай жағ­дайда толық дайындық жүргізу мүмкін емес. Әр фут­болшыға талпынысы үшін алғыс айтамын. Матч алдында жігіттердің жеңіске жеткісі ке­летінін байқадым. Үзілістен соң да ұм­­тылысын бәсеңдетпеді. Кейбір фут­болшылар ұлттық құраманың қата­рында алғаш рет ойнады. Осындай қиын­­дықтарға қарамастан, оң нәтижеге қол жеткіздік», дейді бас бапкер футбол феде­рациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында. 

Тағы бір айта кетерлігі, Молдоваға қарсы өткен ойында тоғыз футболшы ұлттық құрамадағы алғашқы ойындарын өткізді. Олар: Сағадат Тұрсынбай, Те­мір­лан Ерланов, Марат Быстров (үшеуі де – «Ордабасы»), Бекзат Шад­ма­нов («Тараз»), Еркін Тапалов, Рауан Орын­басар (екеуі де – «Жетісу»), Рафкат Ас­лан, («Ертіс») және Игорь Шацкий, Геворг Наджарян (екеуі де – «Шахтер»).

Қазақстан құрамасы бұған дейін Молдова футболшыларымен төрт рет жол­дастық кездесу өткізіп, бір ойында жеңіске жетіп, екі ойында жеңіліп қалған. Ал бір кездесу тең есеппен аяқталған. Енді кешегі ойыннан кейін екі құрама арасындағы жеке кездесу бойынша есеп теңесті. Әр құраманың еншісінде екі жеңіс, екі жеңіліс және бір тең ойын бар. 

Ұлттық құрама футболшылары ке­лесі кездесуін 2020 жылғы Еуропа чем­пионатының іріктеу кезеңі аясында елордадағы «Астана Арена» стадионында Шотландия құрамасына қарсы өткізеді.

Әли БИТӨРЕ,

«Egemen Qazaqstan»