25 Ақпан, 2019

Қалдықтарды жою ауқымды жұмыс

9646 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тіршілікте болмай тұрмайтын нәрсе – қалдықтар. Оның түрі мен қоршаған ортаға қаупі қаншалықты маңызды болса, дер кезінде тазартып, жойып отыру да үлкен жұмысты қажет етеді. 

Қалдықтарды жою ауқымды жұмыс

Тұрмыстық қатты қалдық­тардың құрамына тағам қалдық­тары, қағаз, металл сынықтары, резеңке, шыны, ағаш, мата және пластик, синтетикалық қалдықтар кіреді. Атмосфералық тұнбалар, күн жылуы, қоқыстардың өрт сал­дарынан еруі тұрмыстық қат­ты қалдықтар полигондарын­да физика-химиялық және био­хи­миялық үрдістердің жү­руіне әсе­рін тигізеді. Яғни, қалдық­тар­ды сақтағанда сұйық, қатты және газ тәрізді көптеген улы хи­микаттар пайда болады. Бұл био­сфераға және адамзат өмі­ріне үлкен қауіп төндіреді, қо­қыстардың қоршаған ортаға био­гендік әсерінің нәтижесінде жәндіктер, құстар, кеміргіштер арқылы бактериялар мен вирустар үлкен қашықтықтарға тарайды. Сондай-ақ мамандардың айтуынша, сұйық өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар топырақ және өсімдік қабатын, жер асты суларын улы заттармен жоғары деңгейде концентрация­лайды. Сол себепті қоршаған ор­тадағы қоқыстарды қадағалау, оның заңға сай белгіленген орын­дарға төгілуі мен тазалануын ұйымдастыру жұмыстары аса маңызды. 

Алайда, былтыр Энергетика министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақстан ғарыш сапары ҰК» АҚ жүргізген космостық тү­сірілім нәтижесінде Маңғыстау об­лысы бойынша 151 жерде рұ­қсатсыз жатқан тұрмыстық қалдықтар анық­талды. Оның арасында Ақ­тау қаласына 58 жер, Мұнайлы ауданына 34 жер, Түпқараған ауда­нына 40 жер және 19 жеке және заңды тұлғаларға тиесілі. Құзырлы орын­дардың тиісті тазалау шараларын жүргізуі нәтижесінде қазір 48 жерде орналасқан тұрмыстық қал­дықтар, нақтырақ айтсақ Мұ­найлы ауданы 20, Түпқараған ауда­ны 9 және жеке және заңды тұл­ғаларға қатысты 19 жер толы­ғы­мен тазаланды.

Маңғыстау облысында қал­дық­тардың өз дәрежесінде иге­рілуіне кері әсер ететін не­гізгі факторлар – халықтың ты­ғыз­­дығының төмендігі, елді ме­кендердің бір-бірінен және облыс орталығынан қашықтығы, техникалық жабдықталудың жет­кіліксіздігі. Осы өзекті мә­селені тұрғындар арасында қат­ты тұрмыстық қалдықтарды тү­ріне қарай бөлектеп жинауды кеңінен енгізу, қайта өңдеу мен қайта кәдеге жаратудың, қалдықтарды жағуға арналған заманауи пештердің қауіпсіз жаңа әдістерін, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының заманауи инженерлік әдістерін енгізу арқылы оң шешімін табу көзделуде. Сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді, заманауи игеру шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартуды, бюджет қаражатын үнемді пайдалануды талап етеді.

Облыс елді мекендеріндегі тұрмыстық қатты қалдықтардың біраз бөлігі арнайы салынған, санитарлық талаптарға сай 8 полигонда орналасады, Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, онда 2018 жылы 182 323 тонна қалдық жиналды, оның 22 871 тоннасы, немесе 12,5%-ы сұ­рып­талып, кәдеге жаратылды. Сондай-ақ тұтыну қалдықтарын жи­нау полигондары Ақтау, Жа­ңа­өзен, Форт-Шевченко қа­ла­ларында, Бейнеу, Кұрык, Жеті­бай, Шетпе ауылдарында, Қа­лам­қас кен орындарында орналасқан.

Қалдықтарды полигонға көму қалдықтарды жоюдың негізгі әдісі емес. Демек, қоқыстан құ­ты­лудың қосымша жолы қандай? Бұл – қоқысты өңдеу. Бұл тұр­ғыда Жаңаөзен қаласында жыл­дық қуаты 50 мың тонна қоқыс өңдейтін зауыт 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істейді. Сонымен қатар облыста қалдықтарды бөлектеп жинаумен қазір 7 мекеме айналысады. Былтыр жылы Мұнайлы ауданы Басқұдық елді мекенінің іргесінде орналасқан «АқтауТазаҚала» ЖШС қуаты жылына 50 мың тонна қалдықтарды сұрыптау стансасын іске қосты және атал­­ған аудан­да «Ақтау вторсырье» ЖШС тұрмыстық қат­ты қалдықтарды сұрыптау және кәдеге жарату кі­ші зауытын ашу мақсатында ар­найы құрылғыларын орналастырды.

Қазір мемлекеттік эко­логиялық рұқсат құжаттарын ре­сімдеу ба­ғы­тында жұмыс істеуде.

Ақтау қаласында сынап­құ­рамды шамдар мен құрылғы­ларды жинауға арналған арнайы 27 контейнер орнатылып, былтыр 65 853 сынап құрамды шамдар кәдеге жаратылды. Бұрын пайдалануда болған сынабы бар шамдармен жұмыс істеу қауіпсіздігін насихаттау және халықты хабардар ету жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ өлкенің экология­лық жағдайын жақсарту үшін халыққа экологиялық білім мен тәрбие беруге көңіл бөлініп, түр­лі шаралар өткізілуде. 
Қалдықтарды тиісті орын­дар­ға тастап, қоршаған ортаны қо­қыспен тұмшаламауға тұр­ғындар өз жауапкершілігін сезін­бейінше, бұл бағыттағы жұмыс­тардың толастамайтыны, тіпті қауіпсіздікті, жеделдікті талап ететін заманауи жетістіктерді қа­жет ететіні белгілі. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы