– Моңғолияның Чандган деген жерінде отырған қазақтарды Қамысты ауданындағы «Қарабатыр» және «Орқаш» кеңшарларының директорлары Жәзит Құдайқұлов пен Қазыбай Табажанов өздері барып көшіріп әкеліп еді. Келген соң әр отбасының алдына он қой мен бір сиырдан салды, баспана берді. Қарабатырда бастауыш қазақ мектебі ашылып, біз қазақша оқи бастадық. Жаңа жерде ешқандай қиындық көрмей, Қарабатырды туған жеріміздей көріп кеттік. Менің анам мен ағайындарым әлі сол ауылда отыр, – дейді Қыдырбек.
Олар Моңғолиядан көшіп келген соң, тура жарты жылдан кейін еліміз тәуелсіздігін алды. Қиысхан Мұғраждың, оның өзімен бірге келген ағайындарының қуанышында шек болмады. Ақ түйенің қарны жарылды!
– Мен бала болсам да есімде, үлкен кісілер Қазақстаннан таспаға жазылып әкелген айтысты жылап отырып көретін. «Қыз Жібек» фильмін күнде көрсе де жалықпайтын. «Атамекенде еркіндікті сезіну, өз еліңнің заңына бағыну бақыт екен ғой!» деп отырушы еді әкем елге келген соң. Енді есейген сайын сол бақытты мен де жаныммен сезінемін, тағдырға тәубе айтамын, – дейді Қыдырбек. 90-жылдары Қазақстанда да аяқасты болған дініміз бен шетқақпайлықты көрген тіліміз қырандай қайта түлеген рухани серпілістің кезі еді. Атамекенді аңсап жеткен ағайын мен Кеңес Одағы жылдарындағы ұр да жық саясаттан туған жерде отырып, тілінен, дәстүрінен айырылып қала жаздаған жергілікті қазақтар жылқыдай шұрқырасып табысты. Жәзит Құдайқұлов Қарабатырда Моңғолиядан келген ағайынның кілем тоқып, сырмақ оюына, қазақтың ұмытыла бастаған бар өнерін жаңғыртуына мүмкіндік жасады, тіпті цех та ашып берді.
– Менің өнерімнің ұшталуына да марқұм Жәзит ағамыз қамқор болған еді. Мен ол кезде жасөспірім баламын ғой, өзге аудандарда оқушылар айтысы болса, соған мен үшін көлігін беретін, жүлде алып келсем қуанып, жұртқа сүйіншілеп айтатын, – дейді Қыдырбек жақсының жақсылығын ұмытпай.
Мектепті бітіріп жоғары оқу орнына түскен соң, белгілі тарихшы ғалым, профессор Зұлқарнай Алдамжар да Қыдырбекке әкелік қамқорлықпен қарады, арнайы стипендия тағайындады, Қостанай техникалық-әлеуметтік университетін бітірген соң, сонда қызметке алып қалды. Оның бойындағы өнер ұшқынын байқаған ғалым-ұстаз студентіне үйінен бір қобыз және домбыра әкеліп берді. «1971 жылы Ғарифолла Құрманғалиев Атырауға келгенінде мына домбырамен ән салған еді. Осы домбыра саған аманат. Мына қобызды да үйреніп ал», деді екі жәдігерді де Қыдырбекке тапсырып.
– Маған «дауысың батыстың әндеріне келеді, үйрен» деп, өзімен бірге Атырауға алып барды. Қостанайға қайтарында мені Мұхиттың әндерін жеткізуші Мекес Төрешев деген керемет әншінің жанына бір аптаға тастап кетті. Зұлқарнай ағаның айтуымен Қостанайдағы бірден-бір қобызшы Батырбек Байназаровтан қобыз сабағын алдым. Дәл сол кезде қобызға қосылып жыр айтатын Бекболат Тілеухановтың ұмытыла бастаған, кенже қалған осы өнерді жаңғыртуы мені тамсандыратын. Мені кенже қалған өнерге қанаттандырған атамекеннің құдіреті деп білемін, – дейді Қыдырбек.
Ал қазір Қыдырбек Қиысқанды Қостанайда кім білмейді?! Облысқа белгілі, одан қалды республикаға да танылып қалған журналист. Өмірдің әр саласынан өзекті мәселелерді әлеумет назарына алып шығып отырады. Қыдырбек қостанайлықтарға қаламымен ғана емес, өнерімен де таныс. Бала кезінен оқушылар айтысында топ жарды. Облыс сахналарында ол домбырасын ұстап әуелеткенде, әнге сусаған ағайынның құлақ құрышын қандырады. Репертуарындағы Моңғолия қазақтарының әндерінен алыста қалған ағайынның атамекенге сәлемі секілді сыбызғының сазындай бір сағыныш есіп тұратынын қайтерсің. Соңғы жылдары көрермендер сахнада қобызға қосылып жыр айтқан Қыдырбектің өнердегі айшықты жолын тапқанын байқап қуанғандай. Жақында белгілі қобызшы Батырбек Байназаровтың жеке шығармашылық кешінде қобызға қосылып «Батыр Баяннан» үзінді жырлап берген Қыдырбекті көрермендер дүркірете қол соғып, сахнадан жібермей қойғаны бар. Халықтың да, батырдың да мұң-зарын запырандай төгетін қобыздың үніне Қыдырбектің көкіректен қайырған дауысы қосылғанда көрермен қауым ұлы даланың тарих қойнауына тереңдегендей әсерде қалды. Қобызшылардың Қызылордада өткен республикалық байқауында беделді қазылар алқасы Қыдырбек Қиысқанға екінші орынды лайық деп санады.
Сері мінез Қыдырбек көшеде келе жатқанда Қостанайдың орыс-қазағы көз қиығын бір салмай өтпейді. Қыстың алғашқы қары түскеннен басына дөңгеленген құндыз бөрік, үстіне қысқа, жинақы пальто мен аяғына хром етік киіп жүретін Қыдырбектің ерекше сәні мен ішкі байлығы үйлесім тауып, зиялылықтың нышанын айтып тұрғандай болады. Кеудесін «қазақпын» деген мақтаныш кернеп тұратын қаршығадай жігіт халқымыздың ұлттық киімінің жарасымдылығын өзімізге де, өзгеге де осылай ұғындырыпты.
–Тәуелсіздік – біз үшін тәңіріміздей құдіретті күш. Замана желімен Алтай асып кеткен аталарымыздың ұрпағы – бізді Атамекенге әкелді. Ал біз халқымыздың өнерін, дәстүрін, салтын уақыт тоздырмайтын асыл тастай сақтап, алып келдік. Қазақтың өнеріне, дәстүр-салтына, жалпы рухани дариясына бір бұлақ боп қосылдық, – дейді Қыдырбек.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»
ҚОСТАНАЙ