Қазақстан • 25 Ақпан, 2019

Шымкенттіктер көршілеріне ізет көрсетті

493 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында Шымкентте «Көршіге ізет» күні өтті.  

Шымкенттіктер көршілеріне ізет көрсетті

Шымшаһарға қарасты  Сайрам тұрғын алабындағы өзбек этносының белді азаматтары көршілес Шапырашты, Өтеміс, Қызылсу, Тассай, Мәртөбе, Тоғыс, Бадам, Қарабастау тұрғын алаптарының абзал қарияларын, абыройлы азаматтарын дастарханға сыйлы қонақ ретінде шақырып, ізетін көрсетті. Мерекелік жиында тұрғындар бір-біріне ілтипат білдіріп, жергілікті этнос өкілдері қазақ еліне деген ақеділ алғысын жеткізді.

Мерекелік шараға қатысқан ҚР Парламентінің экс-депутаты, өзбек ақсақалы Розақұл Халмұрадов халқымыз 4 жылдан бері атап өтіп келе жатқан Алғыс айту күнінің маңызына тоқталды.

«Өздеріңізге белгілі, қиын-қыстау заманда қазақ жеріне көптеген халықтар күштеп жер аударылды. Сол кезеңде жергілікті жұрттың оларға үлкен қамқорлық көрсеткенін, өздерінің жағдайы ауыр болса да, барын бөлісіп, тату-тәтті тірлік еткенін этнос өкілдерінің бүгінгі ұрпақтары ұмытпайды. Бұл күнде барлық қазақстандықтардың бір-біріне және осы адамдарды жатсынбай бауырына басқан, барынша қамқорлық білдірген қазақтарға алғыс айтуы тамаша дәстүрге айналып келеді. Бұл мереке - біртұтастықтың, ынтымақтастық пен татулықтың мерекесі»,  деді Р.Халмұрадов.

Сондай-ақ мерекелік басқосуда бірқатар ел ағалары құттықтау сөз сөйлеп, ынтымақ, бірліктің маңызы жөнінде мағыналы әңгіме өрбітті. Қалалық мәслихат депутаттары, түрлі этномәдени бірлестіктің басшылары елдегі берекелі бірлікті сақтау жайлы сөз қозғады.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент