26 Шілде, 2012

Қазақ жеріндегі берекелі өмір – бұл ертегі емес!

738 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақ жеріндегі берекелі өмір – бұл ертегі емес!

Бейсенбі, 26 шілде 2012 7:47

Жуырда біз қазақ жеріндегі тағдырлас, тарихы ұқсас түрік халқының өкілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан Республикасындағы «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шахисмаил АСИЕВТІ әңгімеге тартқан едік. Ол кісі күрделі өміріміз бен келелі тіршілігіміздің қарапайым формуласын мейлінше қара сөзбен жеткізуге тырысып, әрбір қазақстандық ұғына алатындай әңгіме қозғады.

Бейсенбі, 26 шілде 2012 7:47

Жуырда біз қазақ жеріндегі тағдырлас, тарихы ұқсас түрік халқының өкілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан Республикасындағы «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Шахисмаил АСИЕВТІ әңгімеге тартқан едік. Ол кісі күрделі өміріміз бен келелі тіршілігіміздің қарапайым формуласын мейлінше қара сөзбен жеткізуге тырысып, әрбір қазақстандық ұғына алатындай әңгіме қозғады.

– Шахисмаил ағажиырма жылдық белестің бедеріндегі Қазақ елі туралысізден сұрай қалсане айтқан болар едіңіз?

– Тәуелсіздікке қол жеткізген 20 жылдың ішінде еліміз үлкен жетістіктерге жетіп, көп өзгеріс­терді бастан кешіргеніне куәміз. Дербес ел ретінде өз тізгінін қо­лына алған Қазақ елінің әу бастағы ұстанған саясатының тек Қазақ­станды мекен еткен 130-дан астам түрлі ұлт өкілдерінің ғана емес, жалпы адамзаттың тыныш­тығы мен дамуын көздеген игі ниет екендігіне бүгінгі нәтиже­лерге қол жеткізу арқылы күллі әлем тәнті болып отыр. Құдайға шүкір, қазақстанды қазірде әлем мойындады. Дүниежүзілік, ха­лық­­­аралық ірі қауымдастықтарға мүше болып қана қоймай, сондай үлкен мін­берлерден жалпы адам­заттық мә­селелерді қозғап, ға­лам­дық мүд­делі істердің басы-қасында жүру – кез келген мем­лекеттің басына қона бермейтін бақ. Әрине, мұның бәрі ертеңгі күнді болжай білетін, кең ауқым­да пайым жасап, жас мемлекетті дамыған қоғам­дарға мойындата алатын басшы­ның ұс­танған сындарлы саясатымен байланысты.

Әлемді шарпыған экономи­ка­лық дағдарыс алып мемлекет­тер­дің өзінде мемлекетішілік ке­леңсіз­діктерді тудырды. Дүние­жү­зілік саяси және экономикалық жүйеге өзіндік ықпалы бар елдер­дің өзі амалсыздан әлемге танымал ірі зауыттарын жауып жатқан кезде, Қа­зақстанда халық­ты жұмыс­пен қам­ту үшін жаңа жұмыс орындарын ашу саясаты қарқынды жүргізіліп жатты. Рас, дағдарыс­тың сызы бізге де ти­генімен, ел болып ес жию жолында барша­мыздың басымызды қо­сып, бір мүддеге жұмыл­дыра білу үшін шебер саясаткерлік қабілет­тің керек екендігін мойындау қажет.

– Алайдаегемен ел болдық деген тұстакәнігі саяси қай­рат­керлер дебелгілісарапшылар да бүгінгі күнді болжайалмайсенімсіздік танытып еді ғой

– Елбасымыз кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту туралы тапсырма беріп, әр аймақта ірі жобаларды қолға алу, тұрғын үй мәсе­лесі төңірегіндегі түйінді мәселе­лерге тікелей ықпал етіп жатқанда, былайғы жұрттың ол іспен шаруасы болмады. Бұқара­лық ақпарат құралдарына үңілсе­ңіз, көретініңіз ереуілге шыққан кеншілер, жала­қы­сын көтеруді талап еткен мұға­лімдер мен дәрі­герлер, азық-түлік бағасы мен зейнеткерлердің жеңіл­діктері се­кіл­ді тек көзге көрініп тұрған қиыншылықпен әуре болып жат­қан қоғам мен уәдені үйіп-төгіп беретін басшыларды ғана көруші едік. Мұндай жағдай тек бізде ғана емес, тағдырлас респуб­ликалардың барлығының басынан кешкен күй екені тағы да рас. Сол кезде Нұрсұлтан Назар­баев­тың тәуекел еткен істерінің, батыл бас­таған бағытының осы күнге қа­быр­ға­мызды сетінетпей, қайма­ғы­мызды шайқалтпай жету үшін жа­салған қадам екеніне, Қазақ елінің ертеңі не болар екен деп іштен де, сырттан да сынай қарап отырған күллі жаһан алдында абыройымыз асқақ, жүзі­міз жарқын болуға ба­ғыт­­талған ұстаным еке­ніне көбі­міздің өре­міз жете де бермепті.

Астана төрінен бой көтерген Бейбітшілік және келісім сарайы бүгінде адамзат игілігі үшін қыз­мет етіп тұр. Барлық дін өкіл­дерінің басын қосып, бір шаңы­рақтың астында мәмілелі әңгі­меге жинау азуы алты қарыс алып державалардың ойына кір­ме­ген іс еді. Ақпараттық майдан­ның нәти­жесінде қырғи-қабақ болып келген барша діни конфессиялар өкілде­рінің Астанаға келгенде рухани түсіністік тауып, адам баласының көңілі көксейтін пікірлерін ортаға салуы, келешек ұрпақтың бейбіт өмірі жолында пәтуаласуы Қазақ­станның және қазақ халқымен ниет қосып отыр­ған діні бір, тілі бір, тағды­ры бір барлық мұсылман қоғамы­ның да жетістігі. Барша­мызға ортақ абыройлы, айбынды істер атқарып отырған, жоғы­мызды тү­гендеп, барымызды биік­ке шыға­ра білетін Қазақ елі мен оның басшысына, атажұрттағы қаны бір, жаны бір қазақ бауырла­рымызға алғысымыз шексіз, тіле­гіміз түзу. Осы ниетіміздің айға­ғы іспетті, Қазақстан мемлекеті өзінің тәуел­сіздігін жариялағанда ең ал­ғашқы болып түбі бір түрік жұрты, оның ішінде Түрік мемле­кеті шексіз қуан­­­ғаны белгілі. Тарих тақтасына бедер салған сол кезден бері бауырлас екі ел мен оның прези­дент­тері тығыз қа­рым-қаты­насын ны­ғайтып, өзара татулы­ғымен елге үлгі болып келеді. Қазақ жеріндегі түрік диаспорасы өзінің өткенін ұмыт­қан емес. Біздің ата-бабаларымыз тағдыр­дың тал­қысымен осы елге, осы жерге тап болды. Же­рі де, жүрегі де кең қазақ ұлты бізге пана болып, өз баласындай бауырына тарт­ты. Бір ғана түрік ұлты емес, Қазақстандағы барша ұлт өкілде­рін бөле-жармай қабыл алған қа­зақтар әлемге руханият пен бере­келіліктің, тұрақ­тылық пен даму­дың үлгісі ретінде мағ­лұм болды. Қолындағы бір үзім нанын өзгемен бөліп жеген, бас­қаның қи­ын­шылығын бірге бө­ліс­кен қазақы пейілге Алла Тағала да сұңғыла басшы беріп, мемлекетін мәртебелі етті. Бір кездері бабалары арып-ашып қа­зақ даласына жеткен­дер­дің бүгін­гі балалары «Қазақстан – менің Отаным!» деп сенімді айтатын болды. Тарихи отанына кеткендер қазақтың дәмі тартып, қайта көшіп келуде. Егер бұл ел жаман болса, сөйтер ме еді?!

– Қазақ жеріндегі түрлі ұлт өкілдері ортақ Отанымыздың көркеюіне үлесқосып жатырБауырлас түрік ағайындардың не қосары бар?

– Елбасы Жолдауы баршамыз­дың ұстанар бағытымызға, тір­шілік етер қағидамызға айналды. Биік мінберден айтылған ресми мәлімет емес, әрбір қазақстан­дық­ты бұралаң жолға түсірмей, жар­қын болашаққа бастайтын тарихи бағдаршысы екеніне көзіміз жетіп отырғандықтан да, Елбасы­ның әр жылда Қазақстан халқына жасаған Жолдауын өмірлік ұста­ным етіп алудамыз. Кеңес дәуі­рінде шағын отбасылық тұрғыда ғана атап өтіп, кеңінен көрсете алмаған ұлттық мерекелеріміз, салт-дәстүрле­ріміз­ді бүгінде жария түрде, ел болып, Қазақстан жұрт­шылығы бір отбасы мүше­ле­ріндей емен-жарқын мерекелеп келеміз. Осының бар­лығы – шынайы демократия­лық дұрыс бағ­дардың жемісі. Қария­ларымыз біздің бү­гінгі өмірімізді арман етіп келді. Осы күнімізді көріп олар тәубе етеді.

Түрік халқы, қазақ жеріндегі түрік этномәдени бірлестігі де барынша Қазақстанның гүлде­нуіне үлес қосуға аса ынталы. Осы күнге дейін біз қазақ жерінің әр аймақ­тарында 32 қазақ-түрік лицейін ашуға ұйытқы болдық. Соның бірі, жуырда ғана Талғар қаласында аз қамтылған отбасылар үшін 480 орындық оқу ордасын халық игі­лігіне қостық. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ахыска» түрік этно­мәдени бір­лес­­тігінің басшысы Зиятдин Каса­нов­тың Түркия премьер-министрі Реджеп Ердо­ғанмен болған кезде­суінен кейін іске асқан шара. Бұған дейін бұл мектепке 146 оқушы қабылдан­ды. Жетпіске тарта ұлт­тың өкілі білім алып отыр­ған бұл оқу ордасының ауқымын үлкейте беруді, білімді, елін сүй­гіш жас талаптармен Қазақстан азамат­тары­ның санын арттыруды көз­деп отырған жайымыз бар. Назарбаев университетінің талаптарына сай біліммен оқуға қабыл­данған түлектердің денін біздің лицейді бітірген жастар құ­рай­тынын мақта­нышпен айта кеткенді жөн көріп отырмын. Бұ­дан өзге Талғар қала­сы аумағын­да балабақ­шасы, спорт­тық-са­уық­тыру кеше­німен жабдық­тал­ған «Алтынсай» атты мәдени орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, жыл сайын 45-50 адамды орталық­тың қаржылай көмегімен қажы­лыққа апару ісін де жолға қойдық.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ жеріндегі өзге ұлт­тардыңшоғырланған жері ғана емесмемлекеттің бір бөлшегінд­ей болып кеттідесекартық айт­қаны­мыз болмасКөңілді қозғапкөз жеткен жердегібарлық іс-шараның басынан этномәдени ор­талық­тардың өкілдерінбайқап қалып жатамыз

– Еліміздегі әрбір қуаныш, әрбір кездейсоқ жәйтті бір ша­ңырақ астында болғаннан кейін бірге көтерісу барлығымыздың борышымыз. Жуырда Қазақстан хал­қы Ассамблеясы Төрағасы­ның орынбасары Ералы Тоғжа­нов бас­таған топ, еліміздегі этно­мәдени бірлестіктерінің өкілдері табиғи зардап шеккен Оңтүстік Қазақстан облысында іссапармен болдық. Су көшкіні жүріп өткен 4 ауданның халқымен кездесіп, қо­лы­мыздан келген көмекті, рухани демеуді білдіріп, азаматтық борышымызды танытып қайт­тық. Мұ­ның барлы­ғы қазақ хал­қына, қазақ елінің басшылығына көрсеткен құрметі­міз және елдегі тұрақтылық пен татулықты сақ­тауға қосқан кіш­кене де болса үлесіміз деп ойлаймын.

Ел ішіндегі рухани-діни сауатты көтеруге қосқан үлесіміз ретінде 23 мешіт ашқанымызды және ол діни ордаларда дін Исламмен қатар саламатты өмірді насихаттап жатқан Қазақстанның ортақ мүддесіне қызмет көрсете­тін сауатты маман­дарымыздың баршы­лы­ғы да қуаныш туғыза­ды. Біз саналы да, сапалы елдің мүшесіміз! Сондық­тан да, қазіргі таңда қит етсе «Ислам терро­ризмі» деп дініміз бен ділімізге, тегіміз бен түрімізге қара күйе жаққысы келіп отырған кері­тарт­па топқа үлкен соққы болардай берер жауабымыз – біз Қазақстан елінің бейбіт те бауырмал азаматымыз, біздің қоғам­да, біздің түсінікте ондай айдап­сал­ғыш мүддеге орын жоқ дегіміз келеді.

«Ахыска» этномәдени бірлес­тігі аясында 17 спорттық зал жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін өз жұмысын толассыз ұйым­дасты­рып келеді, сондай-ақ мемлекеттік тіл – қазақ тілінің ауқымын ке­ңейту шарасына да атсалысып, жыл бойы біздер «Қа­зақ тілін және мемлекеттік тілді үйрену» шарасын өткізіп келеміз. Мәселен, өткен 2011 жылғы біз өткізген Алматы қала­сы бойынша мемлекеттік тілді меңгеру шеберлігі сайысында ауған ұлтының өкілі бас жүлдені иемденді, бірінші орынға бесінші сынып оқушысы грек ұлтының өкілі ие болды. Біз өз кезегімізде мемлекеттік тілді меңгеріп, отанына деген сүйіспеншілігі мен діліне қосқан үлесі үшін осы азаматтарды бағалы сыйлықтармен мара­пат­тадық. Спорттық сайыс түрле­рінен біздің этномәдени орталық жыл сайын көптеген шаралар ұйымдас­тырып отырады. Соның барлы­ғына да жергілікті басқару орта­лықтары бізге өз көмегін танытып, ел жастарының саламатты өмір сүруіне жағдай­дың барынша жа­сал­ғандығына кең жол ашуда.

– Түрлі ұлт пен ұлыстың ортақ үйіндей, тілі, түрі бөлек болса да тілегі бір жұртты ұйы­тып отырған Қазақстан хал­қы Ассамблеясы сіздің көз­қара­сы­ңызда қандай құрылым?

– Қазақстанның демокра­тия­лық ұстанымы бүгінде ТМД құ­рамын­дағы елдерді аса қызық­тырып отырғанын айта кетке­німіз жөн. Тағдырлас, көршілес елдер біздің жүйемізді өз ел­деріндегі ұлтара­лық татулыққа кепіл болады деген сеніммен жөн-жоба сұ­рап отыр. Егемендік алған көр­шілес елдер әу бастан тікелей ұлттық мәселелер­мен айналысып, жалпы­халықтық, тағ­дырлас этностар мә­се­лесін ақсат­қандығынан ішкі саяси ахуалына ұлтаралық қаты­настың ық­палы тиетіндігін бүгін байқап отырғандай. Эконо­микалық қыс­пақтан азат болумен қатар, ру­хани-мәдени тепе-тең­дігімізді сақ­тай білуіміздің арқа­сында бы­лайғы жұртқа үлгі болуымыз, бұл да ауыз толтырып ай­туға тұрарлық жетіс­тік деп толық мақтана аламын. Сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясы, оны өмірге келтіріп, жүзеге асыр­ған басшысы Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың жүз отыздан аса ұлт өкілін бір мүдде аясында біріктіре білуі, сөз жоқ, «қазақ­стандық құбылыс».

Әңгімелескен Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.