Жуырда Шымкент қаласына арнайы іс-сапармен келген павлодарлық делегация қалалықтарға өз ұсыныстарын айтып, солтүстікке жұмысқа шақырып қайтты. 40 шақты бос жұмыс орнын ұсынып отырған павлодарлықтар 100-ден аса отбасын баспанамен қамтуға әзірміз дейді. Әл-Фараби ауданы әкімдігінде жергілікті халықпен кездескен қонақтар солтүстікке қоныс аударуға арналған мемлекеттік бағдарламаны егжей-тегжейлі түсіндірді.
Сондай-ақ қоныс аударатын отбасына бір реттік жәрдемақы мен баспананы жалға алу ақысымен қоса коммуналдық төлемдері де төленетіндігін жеткізді. Бұл игілікті іс «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жүзеге асады.
Өткен жылы Шымкент қаласы жұмыспен қамту орталығының мамандары өтініш білдірген 81 отбасын Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына қоныс аударуға ықпал еткен. Осылайша жұмысқа қабілетті 300-ге жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды дейді жауаптылар. Олар бүгінде мұғалім, дәрігер, агроном сияқты түрлі мамандықтар бойынша жұмысқа орналасып, тіпті жеке кәсіптерін де дөңгелетіп отыр. Қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандары құнарлы солтүстік өңірде төрт түлікті түлетуге мүмкіндік мол екендігін айтады. Биыл жыл соңына дейін 54 отбасыны қамтыған 200-ден аса тұрғынды аталған өңірлерге қоныс аудартып, екі қолға бір күрек ұстату жоспарда бар екен.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Шымкент