«Ұрлықты ашқаннан гөрі алдын алған оңай» деген ұстанымды басты мақсат еткен криминалдық полицияның жедел уәкілдері әкімдіктің, ветеринарлық басқарманың өкілдерімен бірлесіп, Жамбыл ауданында тұрғындармен кездесулер өткізді. Жиындарда еркін жайылымда жүрген малдың ұрлануына, оларды тануға қатысты сұрақтар көтеріліп, ветеринарлық құжаттарды беру тәртібі түсіндірілді. Казанка ауылдық округінде орналасқан «Шатило и К» ЖШС-нің оң тәжірибесі мысалға келтірілді. Мұнда үш жылдан бері «Электронды бақташы» жүйесі тиімді қолданып келеді. 1200 басқа арналған жайылым төменжиілікті кернеулі сыммен айнала қоршалған. Іштегі ашатұяқтылар екі малшының бақылауында. Нәтижесінде ірі қара ашық аспан астында қажетті азықпен қоректеніп, айналаға жайылмайды. Бұл өз кезегінде ұрлықтың ықтималдығын анағұрлым азайтып отыр. Мал ұрлығын еңсерудегі амалдардың бірі – жануарларды таңбалау. Бүгінде Жамбыл ауданында 75 мың бас мал таңбаланған.
Операция барысында мал ұрлығының алдын алудан бөлек, полиция қызметкерлері қылмыстарды анықтау жұмыстарына да айрықша көңіл бөлген. Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климовтың айтуынша, 40 мобильдік топ құрылып, 43 бекет қойылған. Мал мен ет өнімдерін тасымалдайтын автокөліктер, базарлар мен белгіленбеген сауда орындары жүйелі түрде тексеріледі. 13 бас мал иелеріне қайтарылды. 13 қылмыстық әрекет әшкереленді. Бұрын істі болған 40 адамның мал ұрлығына қатыстылығы тексерілді. Мал мен ет өнімдерін тиісті құжаттарсыз тасымалдаудың бірнеше фактісі анықталды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы