02 Тамыз, 2012

Баянды бастамалар – кемел келешек кепілі

387 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Баянды бастамалар – кемел келешек кепілі

Бейсенбі, 2 тамыз 2012 7:44

Жер жәннаты Жетісудың табиғаты әсем аймақтары қатарындағы Қарасай ауданы­ның тарихы тым әріден басталады. Осы жерден алаш жұрты асқар тұтқан небір дарабоз тұлғалар шыққаны да белгілі. Одан бергі тарихқа жүгінсек, бұл мекенде Тә­уел­сіздіктің туын тіккен Тұңғыш Прези­ден­тіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кіндік қаны тамып, алаулаған жастығы өткенін және мақтан тұтамыз. Сондықтан да болар, бүгінде аудан халқына үлкен мін­дет­тер жүктелген, оны мүмкіндігінше тияна­ғын келтіре жүзеге асыру басты парызымыз саналады.

 

Бейсенбі, 2 тамыз 2012 7:44

Жер жәннаты Жетісудың табиғаты әсем аймақтары қатарындағы Қарасай ауданы­ның тарихы тым әріден басталады. Осы жерден алаш жұрты асқар тұтқан небір дарабоз тұлғалар шыққаны да белгілі. Одан бергі тарихқа жүгінсек, бұл мекенде Тә­уел­сіздіктің туын тіккен Тұңғыш Прези­ден­тіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кіндік қаны тамып, алаулаған жастығы өткенін және мақтан тұтамыз. Сондықтан да болар, бүгінде аудан халқына үлкен мін­дет­тер жүктелген, оны мүмкіндігінше тияна­ғын келтіре жүзеге асыру басты парызымыз саналады.

Аудан халқының саны да жыл сайын еселеп арта түсуде. Ағымдағы жылдың қаңтар айындағы есепке жүгінсек, аймақта 270 мыңға жуық халық мекендейді. Осыншама халықты еңбекпен қамту, әлеуметтік жағдайын оң шешу үшін барлық мүмкін­дік­тер қарастырылуда. Жақында ғана Елбасы баршаны ел игілігі жолындағы ең­бек­ке шақырып, Жалпыға Ортақ Еңбек Қо­ғамына бағытталған 20 қадамды белгі­леді. Бұл бастамаға қарасайлықтар да бел­сенді түрде үлес қосатын болады. Өйткені, Елбасы ең­бектің жоғары қасиетін айта келіп, нәти­же­сінде адамның рухани өсуі мен кемел­де­нуіне қатысты мәселелерді алға тартты.
Еңбек – адамды ер атандырады, өмірге деген көзқарасын берік қалыптастырады. Демек, әр адам өз күш-қайратын елінің ертеңі үшін тиімді пайдаланса, өзі де, өзге де игілікке бөленеді. Мәселен, жастарға білім берудің тиімді жүйесін жетілдіру арқылы ертеңгі болашағымызға сәтті қа­дамдар жасалатынын дәлелдеудің қажеті жоқ. Міне, аудан жұртшылығы осы түйін­ді мәселелерге назар аударып, Елбасының Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту бағы­тын­дағы тапсырмасын қызу қолдады. Қа­зір оны мейлінше тиянақты орындаудың сан-салалы жолдары қарастырылуда.
Ауданның жетекші саласы аграрлы өндіріске арқа сүйейтіндіктен, жыл сайын гектар берекесін арттырып, бау-бақша мен мал шаруашылығын қатар дамыту үшін бес бірдей ғылыми-зерттеу институты ке­шенді шараларды жүзеге асырып келеді. Сонымен бірге өнеркәсіптік бағыттағы кә­сіпорындар қатары да жедел дамып, аудан экономикасына тың серпін әкелді. Жыл сайын осы саладан өндірілген өнім көлемі еселеп артып отыр. Орта және шағын биз­нес­тен түсетін пайда да халықтың әлеу­мет­тік жағдайын көтеруге едәуір ықпал етуде.
Бүгінгі таңда 26 ірі өндірістік кәсіп­орын жұмыс істеп, оның тең жартысы ха­лықаралық сапа белгісіне ие өнім шы­ға­руда. Осылайша, бұл саладағы өндірілген өнім көлемі өткен жылы 109 млрд. теңгені құрады. Инновациялық технологияны пайдаланатын кәсіпорындардың саны да арта түсті. Мәселен, «Апорт», «Жер-Ана», «Иыл­дыз», «Бамбарбия Кергуду», «Шы­ғыс таңы» кәсіпорындары тұтынушыға мін­сіз қызмет көрсетумен бірге жаңа жұ­мыс ор­ындарын ашып, халықтың әлеу­мет­тік жағ­дайын көтеруге өзіндік үлестерін қосты.
Агроөнеркәсіп саласын дамыту кешен­ді жалғасын тапты. Бұл салада 5507 шаруа қожалығы өз кәсіптерінен нәсіптерін тауып отыр. Төрт түлік мал басы да еселеп өсу үстінде. Егістік аумағы 88,4 мың гектарды құрайды. Алматы қаласы маңында азық-түлік белдеуін құру мақсатымен 73 жылыжай салынып, шаһар тұрғындары қолжетімді көкөніспен қамтылуда.
Өндірістің өркенді дамуы нәтижесінде түрлі өнім шығару шешімін тапты. Ауданда картонды қаптама шығару, мал тері­сі­нен былғары дайындау түбегейлі жолға қойылып, сыра, шарап, құрылысқа қажетті бұйымдар өндіретін кәсіпорындар қатары арта түсті.
Елбасының Жолдауында қай саланы болсын іргерілету үшін инвестиция тар­ту­ға баса назар аудару қажеттігі тапсырыл­ған. Аймақтың дамуы сырттан тартылған көлемді инвестицияға тәуелді десек, өткен жылы 84,5 млрд. теңге құйылыпты. Нәти­же­сінде, 430,3 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, жүздеген отбасы жаңа ша­ңы­раққа қоныс аударды. Алматы-Қаскелең- Үшқоңыр бағытындағы жол жөнделді. Көлік кептелісін жеңілдету мақсатында 208,7 млн. теңге игеріліп, жаңа көпір ел игілігіне ұсынылды. Халықты таза ауыз сумен қамту мәселесі де шешімін табуда. Республикалық бюджеттен Қарағайлыға, облыстық бюджеттен Шалқар елді мек­е­ніне қаражат бөлініп, Қаскелең қаласының «Құрылысшы», «Южный» шағын аудан­дарындағы су құбырлары жөнделді.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көрсетілген он бағыттың сегізі адам капиталы мен оның әлеуметтік әле­уетін жақсартуға бағытталғаны белгілі. Жұ­мыспен қамту және әлеуметтік бағдар­ламалар бөліміне сұраныспен келген 944 адамның 920-сы жұмыспен қамтылды. 646 жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша жұмыссыздықтың алдын алу бағытындағы кешенді шаралар өз нәтижесін беріп отыр.
Орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатын кәсіпорындар саны 2061-ге же­тіп, өнім көлемі 25207,5 мың теңгеге артты. Жеке қожалықтар 19894-ке жетсе, 21209 адам же­ке кәсіптерін ашқан. Осы саладан ғана аудан бюджетіне 2928,7 мың теңге қаржы түсті. «Хамле Компани ЛТД», «АзияАгро­Фруд», «Кока-кола Алматы Боттлерс», «Бетонстройсервис» тағы басқа іргелі зауыттар экономикасының нығаюы нәтиже­сін­де жұ­мыссыздықтың алдын алуға қол жеткізілді.
Халықтың денсаулығын нығайту мә­селесіне де ерекше назар аударылған. Ауданда бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізіліп, тұрғындардың саламатты өмір салтын қалыптастыруына жете мән берілді. Қазіргі кезде ауданда 225 төсектік орталық аурухана, тәулігіне 700 адам қа­был­дайтын емхана, 90 орындық 3 ауыл­дық аурухана, түрлі бағыттағы 56 дәрі­гер­лік қосындар бар. Биыл Қарағайлы елді мекенінде амбулатория пайдалануға беріл­ді. Қаскелең қаласында перзентхананың құрылысы басталды.
Халқымызда «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қанатты сөз бар. Сондықтан, спортпен шұғылдану ар­қылы денсаулықты түзеудің қаншалықты маңызды екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Қарасайлықтар осыны мықтап қолға алған. Мәселен, аудандағы 39 стадион, 95 футбол, волейбол, баскетбол алаңдарында үлкен мен жастың бас қосып саламатты өмір салтын берік ұстанғанын айтуға болады. Сондай-ақ халыққа 53 спорт алаңы, 2 ипподром, 3 жабық бассейн қызмет көрсетеді. Осының нәтижесі деген дұрыс шығар, қазір дүниежүзілік халықаралық жарыстарда аудан спортшылары ел намысын қорғап, биік белестен көрініп жүр.
Жас ұрпақтың бәсекеге қабілетті білім алуы маңызды міндеттер қатарында. Ау­дан­дағы білім шаңырақтарында 39785 оқушы тәлімді тәрбие алып, білім шыңына қанат қағуда. Әр сынып пән кабинеттерімен, заманауи оқу құрал-заттарымен қамтылған. Компьютер сыныптары интернет желісіне қосылған. Мектептерде интерактивті тақта орнатылып, мультимедиялық кабинеттер жұмыс істейді. Осының бәрі болашақ қоғамның иесі – жастарға жасалған қамқорлық екені даусыз.
Жақсы істердің жалғасын табатыны – өмір заңдылығы. Әрине, бұл бағытта жоба да, жоспар да жеткілікті. Ол үшін қаржы қажеттігі айтпаса да түсінікті. Биыл қаржы көзін қарастыру нәтижесінде 85,5 млрд.теңгені өндіріске тарту көзделді. Бұл капиталдың 59,7 млрд.теңгесі мекемелер мен кәсіпорындар тарапынан болса, басқа да инвестиция көздері табылды. Осы қаржыға Қаскелең қаласында 1200, Тамабай ауылында 120 орынды жаңа мектеп салынатын болды. Сондай-ақ, Қаскелеңде 320 орындық балабақша, Қырғауылды ауылында 150 адамды қабылдайтын емхана құрылысын бастау көзделген. Жоспарда 373,6 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй құрылысы да бар.
Бүгінгі таңда қай саланы болсын ин­дус­триялық-инновациялдық даму бағы­тын­сыз көзге елестету мүмкін емес. Елі­міздегі үдемелі индустриялық-инновация­лық дамытудың 2010-2014 жылдарға ар­нал­ған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен 6,9 млрд. теңгені құрай­тын сегіз жоба ұсынылды. Оның ішінде 2,3 млрд. теңгелік 4 жоба мақұлданып, бұл бағыттағы жұмыстар жедел жалғасын та­уып келеді. Осылайша іскер азаматтар аталған бағдарлама бойынша іргелі ізденіс танытып, тұтынушы талғамынан шығатын өнім өндіруді қолға алды. Оның нәтижесін қазірдің өзінде көпшілік көріп отыр.
Қашан да мақсат айқын, міндет зор болғанда ғана халықтың талап-тілегін орындауға қол жеткізіледі. Аудан активі халықпен тығыз байланыс орнатып, олардың талап-тілектерін зерттеу арқылы кешенді іс-шара жоспарын жасады. Енді осы міндеттердің тиянағын келтіру үшін қолда бар мүмкіндіктер жұмылдырылып отыр. Демек, білек біріктіргенде берекелі істер атқарылады. Қарасайлықтар ел бірлігіне өзіндік үлесін қосу үшін әр күндерін табыспен, ырыс-ынтымақпен жалғастыруда.

Амангелді ДӘУРЕНБАЕВ,
Қарасай ауданының әкімі.

Құштарлық эстафетасы

Өмірге деген құштарлық адам­­ға ғана тән. Осыдан болар, әлемде тың бастамалар қанат жайып, оған нәсіліне қарамастан белсене қаты­сатын талапкерлер мыңдап саналады. Солар небір бастаманы мей­лін­ше құптап, жарыстың өрісін ке­ңей­тіп жатады. Жақында Әлемдік үй­лесімділік эстафетасына қатысқан­дар ең ұзақ жолды артқа тастап, Қарасай ауданына табан тіреді.
Алматы-Бішкек сайрағының бо­­­йындағы баһадүр батыр Шапырашты Наурызбай ескерткішіне аял­даған олар адамзатты үйлесімді және бақытты өмірге бастайтын алау­­ды символ ретінде бір-біріне ұсынды. Желаяқтар тіршіліктің тіз­гіні әр жанның өз белсенділігіне қа­тысты екенін тағы бір рет дәлелдеді.
Қандай істің де бастаушысы болады ғой. Бұл эстафетаның негізін 1987 жылы белгілі гуманист, әрі фи­­­­лософ Шри Чинмой салыпты. Содан бері желаяқтар алауды қол­дан қолға ерекше ынтызарлықпен тапсырып, жарысқа деген құштар­лықтарын бәсеңдетпепті. Ағымда­ғы жылы алты бағыттағы эстафета ТМД аумағында Санкт-Петер­бург­те, Беларусь шекарасының Смоленск облысында, Новороссийскіде, Владивостокта, Моңғолиямен шек­­а­ралас Тыва Республикасында, Хан­­дагайты кентінде және Бішкек­те, Қырғызстанда ұйымдасты­рылды.
Ресей аумағы арқылы Қазақ­стан мен Қырғызстанға келген жел­­­аяқ­тар 21500 шақырымды арт­қа тас­та­ған. Эстафетаның ерек­ше­лі­гі – кез-келген адам спорттық да­йындығы мен жасына қарамастан оның қа­тарын толықтыра алатын­дығында. Ол үшін алауды алып желаяқтармен бірге жүгіруі шарт. Қазіргі кезде мил­лиондаған елді мекен тұрғын­да­ры осы оқиғаға куә болып, мә­д­е­ни­ қарым-қатынас­та­рын бекіте тү­суде. Осылайша ел мен елдің, құр­лық­тар­дың арасында бірлік пен ын­ты­мақ­қа негіз қа­ла­ну­да. Тіпті бүл­дір­шін­дер де оған аса қызы­ғу­шы­лық танытып, арнайы достық бағ­дарла­масын бастап кетті. Оның де­ви­зі – «Үйлесімділік менен басталады».
Желаяқтарды қарасайлықтар қо­­нақжайлықпен қарсы алып, Алма­тыға шығарып салды. Бұдан кейін олар Талдықорғанға, Өскемен мен Семейге сапар шегеді. Желаяқтар Үй­лесім жарысының алауын елі­міз­дің бас қаласы Астанаға жет­кіз­бек­ші. Команда жетекшісі Асхат Ахмеров өздерін халық ілтипатпен қар­­сы алып, достықтың туын биік кө­тер­ген­дерін зор ілтипатпен айтты. Эс­та­феташылар қатарын орыс, украин, неміс, моңғол, қырғыз бен қазақ және басқа ұлт өкілдері толық­тыр­ған. Спорт – Әлем елшісі деген осы.

 

Әсемнің айтулы жетістігі

Тәуелсіз еліміздің келешегі жастардың тәлімді тәрбиесімен, білікті білімімен өлшенеді. Ел­басының жыл сайынғы Жолдауында жас ұрпаққа бәсекеге қа­бі­летті білім беру қажеттігі тапсырылса, білім шаңырақтарын­да осы бағыттағы бар мүмкіндік қолға алынып отыр.
Дана халқымыз «Жаста берген тәрбие, жас қайыңды игендей» деп тегін айтпаған. Оған Жетісу өңірін жеңісімен жігер­лен­дірген мына мысалды келті­руге болады. Бір кездері Мемлекет басшысы білім алып, қияға қанат қаққан Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының оқу­шысы Әсем Айдарова Ұлттық бірыңғай тестілеуде өзінің тия­нақты білімін дәлелдеп, 125 балл алған. Ол – еліміздегі үздік үш түлектің бірі.
Қарақат көзі нұр шашқан жас қыздың Ұлттық тестілеуге қатыс­пауға да мүмкіндігі бо­лып­­­ты. Өйт­кені, Әсем 10 сыныпта Гре­кия­ның Халкидики, 11 сы­нып­та осы елдің Крит ар­ал­ын­дағы Ха­лық­аралық ғылы­ми жо­баға қатысып, жүлделі бі­рінші орынға қол жет­кізген екен. Сон­дай-ақ алтын, күміс ме­даль­дар­ды иеленген. Осыған қа­ра­мас­тан, өз білімі мен қажыр-қай­ратын тағы бір сынауға бел бу­ған. Нәтижесі – жоғарыдағыдай.
Бала – ата-ананың бақыты, қуа­нышы. Айдаровтар отбасы да бақытқа кенеліп, Әсемнің жеңі­сімен мерейленген. Өзінің табысы жайлы сөз қозғалғанда бал­ғын бойжеткен «Бұл – ұстаз­да­рым­ның еңбегі. Елбасы отыр­ған құтты партаның киесі десем де болады. Әрине, анамның да, әжем­нің де өзіндік үлесі зор», дейді. Өйткені, олар ұлағатты ұстаз ре­тінде отбасындағы бала тәрбие­сіне ерекше мән беріп, білімнің биігіне құлшындыра білген.
Иә, Әсемнің алдында өмір­дің сан тарау жолы тұр. Сол са­пардың алғашқы нәтижесі сәтті басталды. «Әрдайым бағытың оң болып, қадамыңа нұр жаусын, Әсем!» – дейміз біз де мыңдаған оқырмандар атынан. Әсемнің айтулы жетістігі, міне, осындай.
Суретте: «Алтын белгі» иегері Әсем Айдарова.

Жастардың жалынды шеруі

Үшқоңыр ауылының тау баурайында «Астана – жас қала, болашақ жастарда» атты тақы­рыпты ту еткен облыстық жастар эстафетасы жалау көтерді. «Құлансаз» фольклорлық ән-би ансамблінің концертімен басталған жиын жас­тар шеруіне ұласты. Жастар алдында Қа­ра­сай ауданының әкімі Амангелді Дәурен­баев мерекемен құттық­­тады. Ол жүзден астам ұлт өкі­лін ынтымақ пен бірлікке үндеген аудан жас­та­ры­ның жетістіктерін мақтанышпен ортаға салды.
Жиында «Жас Отан» жастар қанатының мү­­­шесі Құ­ра­лай Жазыбаева және басқалары бү­гінгі тәуелсіз еліміздің болашағы сенімді қол­да екенін ортаға салып, құрбы-құрдастарын құт­тық­­тап сөз сөйледі. Эстафета балғын жү­рек­тің ел мен жерге, туған Отанына деген кір­шік­сіз махаббатымен өріліп, салтанаттың мерейін асқақ­татып әкетті. Патриоттық әндер шырқа­лып, жиын бағдарламасы мың бұралған бимен өрнек­тел­ді. Әр салада үздік жетіс­тік­те­рімен танылған бір топ жастарға облыстық ішкі саясат басқармасы мен аудан әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Облыстық жастар күні мерекесі «Талды­қор­ған әуен­де­рі» ансамблінің кең көлемді кон­цер­тімен қорытындыланды. Ұлттық ат спорты жарысын ұтымды ұйымдастырушы топ шерумен бір мезетте көкпаршылар додасына ден қойған жұртшылықты тамашаға кенелтті.

Алматы облысы,
Қарасай ауданы.