Өткен жылғы жұмыстардың нәтижесі туралы департамент басшысы Айбек Паяев баяндады. Оның сөзінше, есептік кезең ішінде облыстың шоғырландырылған бюджеті алғаш рет 534,6 млрд. теңгеге өсіп, жылдық жоспардан тыс 184,2 млрд. теңге түскен.
Былтырғы жылдың қорытындысын талқылаудан соң облыс әкімі 2019 жылға арналған бірқатар басым бағыттарды белгіледі.
Ең алдымен, Бердібек Сапарбаев көлеңкелі кіріспен күрес жұмысын күшейту керектігін атап өтті.
Облыс әкімі: «Елбасы көлеңкелі экономика үлесін үш жылдың ішінде кем дегенде 40% төмендету міндетін қойды. Мемлекеттік кірістер департаменті өзге құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп көлеңкелі экономикамен, әсіресе ақшаны қолды қылатын бір күндік фирмалармен күресті жалғастыруы қажет. Табыстарын жасырып, салықтан жалтаратын барлық кәсіпкерлерді көлеңкеден шығару керек. Олар әсіресе – ішімдік өндірумен және сатумен айналысатын мейрамханашылар, букмекерлік кәсіпорындардың иелері. Олардың барлығымен де жұмыстар күшейтілуі тиіс»,- деп атап өтті.
Мемлекеттік кірістер департаментінің бүгінде бір жылдан астам уақытқа созылатын қосымша резервтерді анықтау, тіркелмеген мүліктерді тіркеу, берешектерді төмендету, салық аудитінің тиімділігін артыру, жемқорлықтың алдын алу, кәсіпорындарды оңалту және банкроттық рәсімдерін тездету бойынша осы жылғы басым міндеттері анықталды.
Бұдан басқа, Бердібек Сапарбаев 2019 жылы 1 қаңтарда Мемлекет басшысының тапсырмасымен енгізілген кәсіпкерлер үшін салық рақымшылығын түсіндіру жұмыстарын күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Салық рақымшылығы шағын және орта бизнес субъектілерінің өсімпұлы мен айыппұлын салықтың негізгі сомасын 31 желтоқсанға дейін төлеу шартымен жоюды қарастырады.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша шағын және орта бизнестің 4250 субъектісі рақымшылыққа ілігіп тұр. Олардың жалпы салық қарызы 27 млрд теңгені құраса, оның 10 млрд теңгеден астамы – кәсіпкерлер негізгі қарыздарын жапқан жағдайда жойылатын өсімпұлдар мен айыппұлдар. Осылайша, облыс бюджеті қосымша 16 млрд теңгеге толығады.