Мемориалды тақтайша қаладағы Тимирязев пен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысындағы сәулетшінің көзі тірісінде өзі тұрған үйінің қабырғасынан орын алған.
«Орталық Азиядағы КСРО-ның халық сәулетшісі атағын алған жалғыз сәулетші Қалдыбай Жұмағалиұлы саналы ғұмырын халқына арнады. Оның қазақ сәулет өнеріне сіңірген еңбегі зор. Ол өте белсенді азамат болатын. Айналасына үнемі жас сәулетшілерді жинап, оларға білгенін үйретуден жалықпайтын. Оған жасалған құрмет – бүкіл қазақ сәулет өнеріне берілген биік баға деп есептеймін», – дейді «АлматыБасЖоспар» ғылыми-зерттеу институты директорының кеңесшісі Жанат Айтілеу.
Бір кездері Қазақстан сәулетшілер одағына жетекшілік еткен Қалдыбай Монтахаев Алматыдағы республика алаңы, қалалық әкімдік ғимараты, Президент резиденциясы, әуежай ғимараты сынды көптеген жобалардың авторы. Бұдан бөлек еліміздің үлкен қалаларындағы бірқатар еңселі ғимараттардың есімі Монтахаевтың қолтаңбасымен тығыз байланысты.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ