Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру, қайырымдылық көрсетіп жүрген жандарды үлгі етуді мақсат ететін осынау игі шара басталғалы радио әкімшілігіне отыздан астам өтініш келіп түскен. Қазақ радиосы Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлының айтуынша, қазақ даласының әр үніне құлақ түріп, ел тынысын дархан далаға паш етіп отырған Қазақ радиосы әлеуметтік мәселелерді әр кез назардан тыс қалдырмайды. Осы бағытта «Мың алғыс», «Заңгер кеңесі», «Денсаулық», «Бірінші байлық», т.б. бағыттағы айдарлар тыңдарманды толғандырған көптеген сауалдардың жауабын тауып келеді.
Осы «Мың алғыс» шарасы аясында радио әкімшілігі өтініштер ішінен іріктеп мұқтажға аса зәру азаматтарды анықтады. Олардың қатарында Алматы облысы Райымбек ауданы Шалкөде ауылының тұрғыны 24 жастағы Болат Тұңғатаров бар.
Он жылдан астам ауруханалардың есігін тоздырған Болат Диасұлы сол жақ аяғында өлі ет пайда болды деген диагнозбен емделіп, бірнеше отаны басынан өткізген. Кейіннен қан айналым жүйесі бұзылғандығы анықталып, сол жақ аяғына 3 литрден астам қан жиналып қалуы мазалай бастайды. Бұл дерттен сауығу үшін Болатқа Корея еліне барып емделу қажет. Осы қайырымдылық шарасы аясында Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық оркестрінің концерт залында елімізге танымал өнер өкілдері ән салып, қоңыр күйдің күмбірімен Болаттың сауығып кетуіне жүрекжарды тілектерін арнады. Жомарт жүректерден жылу жинаған қайырымдылық шарасы алдағы күндерде Астана қаласында да жалғасын табатын болады.
Эльвира Серікқызы,
«Еqemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ