«Өздеріңіз білетіндей, заңның екі жобасы ашық порталдарда жарияланған болатын. Бірінші жобада біздің педагогтарға арналған айтарлықтай жақсы әлеуметтік пакет қарастырылған. Мемлекеттік органдармен келісілген екінші жобада біздің мұғалімдерге қарастырылған көптеген әлеуметтік кепілдіктер - мақұлданбай, заң жобасынан алынып қалды» деді Айгүл Мұқашева.
Оның айтуынша, талқылау барысында мұғалімдер тарапынан бірқатар ұсыныстар түскен. Атап айтқанда, мектеп ұстаздары қызмет еткен белгілі бір уақыттан кейін зейнетке шығу, денсаулықты жақсартуға, емделуге арналған жәрдемақыларды екі лауазымдық айлыққа дейін арттыру, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу кезіндегі жеңілдіктер, ғылыми атақ үшін қосылатын ақы және тағы сол секілді кепілдіктер енгізу туралы ұсыныстар түскен.
«Мұғалім мамандығына жастарды көптеп тарту үшін педагогикалық Жоғарғы оқу орындарына «Алтын белгімен» бітірген мектеп оқушыларын бастапқы емтихансыз оқуға қабылдай алатындай жеңілдік жасау керек. Сонымен бірге, біз педагогикалық мамандықтарға оқып жатқан студенттерге күнкөріс минимумы мөлшерінде шәкіртақы бекітуді ұсынған едік. Алайда өкінішке қарай, соңғы заң жобасында бұл нормалар алынып тасталды. Бізге педагогтардан өте көп қоңыраулар мен хаттар түсіп жатыр. Міне, осы ұсыныстарды талқылау үшін бүгін дөңгелек үстелге жиналып отырмыз» деді Айгүл Мұқашева.
Айта кетсек, қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен Астанада өтіп жатқан дөңгелек үстел жұмысына БҒМ өкілдері, Парламент депутаттары, ЖОО ректорлары, ғалымдар мен мұғалімдер қатысуда.