Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 22-1-бабына сәйкес комитет отырысында қаралды.
Қазақстан Премьер-Министрінің атынан кандидатураны Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы Нұрлан Алдабергенов таныстырды. Мәжіліс депутаттарының алдында сөз сөйлеген Н.Алдабергенов А.Смайыловтың қаржы секторында мол тәжірибесі бар екендігін атап өтті.
Мәжіліс комитетінің мүшелері Ә.Смайыловқа бірқатар сұрақ қойды. Талқылаудан кейін тиісті қорытынды қабылдады.
Комитет отырысының қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 22-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі ұсынған Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасын қарап, аталған кандидатураны Премьер-Министрдің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасының Қаржы министрі лауазымына тағайындау үшін ұсынуға болады деп есептейді.
Отырыс соңында депутаттар кандидаттың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.