Волонтер
Сейсенбі, 21 тамыз 2012 7:15
Әйгерім Ерланқызы Масалимова Лондондағы Олимпиада ойындары кезінде ағылшын елі жағынан VIP белдеуінде Ұлыбритания патшайымы Елизавета II отбасы мен Ресей, Черногория, Румыния президенттеріне, жоғары мәртебелі шетелдіктерге қызмет көрсетті.
Сейсенбі, 21 тамыз 2012 7:15
Әйгерім Ерланқызы Масалимова Лондондағы Олимпиада ойындары кезінде ағылшын елі жағынан VIP белдеуінде Ұлыбритания патшайымы Елизавета II отбасы мен Ресей, Черногория, Румыния президенттеріне, жоғары мәртебелі шетелдіктерге қызмет көрсетті.
Олимпиада ойындары бел ортадан ауған шақ. Әлемдегі ең ірі көрме залы – «Эксель» сауда орталығының арнайы жабдықталған ауыр атлеттер залында ине шаншар орын жоқ. Өйткені, бүгін даңқты ауыр атлет Илья Ильин 94 кило салмақта өнер көрсетпек. Жерлесімізге жанкүйер болғандар атшаптырым «Эксельді» жаулап алған сыңайлы. Тіпті, олардың саны бес жүзден асатындай. Жарыс басталарға санаулы минуттар қалған кезде қасында бірнеше мәртебелі шетелдіктер бар ұзын бойлы, әдемі қыз келіп, VIP мінбеге жайғасты.
Шалғайда жүргенде елді сағынасың, жерлестерді көргенде шүйіркелесе кетесің. Таныстық. Семейде туып, Мақаншыда, Жармада, соңынан Өскеменде білім алған Әйгерім Ерланқызы Масалимова екен. Қытай, ағылшын тілін жетік меңгеріп алған. Мұның алдында Бейжіңде екі жыл оқыған кезде Олимпиада ойындарында ерікті ретінде қызмет еткісі келген талабы жүзеге аспай қалыпты. Небәрі 16 жастағы оған сол кезде «жасың жетпейді» деген уәж айтыпты ондағылар.
Илья Ильин екі дүркін Олимпиада ойындарының чемпионы атанды. Бөркімізді аспанға атып, жерлесіміздің жеңісін атап өттік. «Қазақ ауылына» Әйгеріммен бірге келіп әңгімелестік.
– Ата-анам Ерлан Масалимов пен Жанат Акимова біздің терең білім алып, елімізге адал қызмет етуімізді назардан шығармайтын. Кей пәндерге репетитор жалдайтын. Бірнеше шет тілін үйрете бастады. Үлкен апайым Диана да көп тілді меңгерген, қазір жұбайымен Дубайда тұрады. Ортаншы апайым Алуа да шет тілін жетік меңгерген, Астанада қызмет етеді. Бір отбасындағы үш бірдей қыздың Президенттің «Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендиясын жеңіп алуы сирек кездесетін оқиға ғой. Сол үшін ата-анамызға ғұмыр бойы қарыздармыз. Екі жыл ішінде қытай тілін жетік меңгердім, қазір Лондондағы ЮСИЭЛ университетінің колледжінің екінші курсындамын.
– Ұлыбритания мемлекеті өзіңе сенім білдіріп, VIP қонақтарға, патшайым отбасына, шет ел Президенттеріне сәл уақыт тапқанда жерлестеріңе қызмет етуге қалай шақырды? Бұл үлкен мәртебе ғой.
– Бейжіңде жасың толмады деді. Екі жыл бұрын Лондондағы Олимпиадалық комитетке құжаттарымды жібердім. Көптеген треннингтерден өттім. Бір ғана мысал. Спортшылар шешінетін жерде орамал жинаудан бастап аса мәртебелі қонақтарға қызмет көрсету сияқты сыннан өтуге тура келді. Әсіресе, дәрігерлік жәрдем көрсетудегі іскерлігімді бағалады. Шет ел тілдерін жетік білетін, Қытай мен Англияда алған білімім маған аса құзырлы жандарға қызмет етуге мүмкіндік берді. Герцогиня Кате Мидлтон, Тақ мұрагері Уильям, Испания ханшайымы София, тағы басқалар мәдениетім мен білімімді, тілді жетік меңгергенімді аңғарып. «Ұлтың кім?» деп сұраған кезде, Қазақстаннан екенімді айттым. Кейбірі асқақтаған Астанада болғандарын, Азия ойындарының тамаша өткенін айтқан кезде елім үшін мақтандым. Баскетболдан финалдық ойын кезінде атақты футболшы Дэвид Бэкхемді ертіп жүріп, аудармашы болдым. Майя, Зүлфия алтыннан алқа таққан кезде уақыт тауып, жанында болып, шетелдік журналистерге қызмет еттім. Ол ол ма, елден келген ағайындар мені телефон арқылы тауып алып, қаланың тарихи ескерткіштері мен мың жылдық тарихы бар атақты Виндзор қамалына ертіп баруын өтінгенде, келісімімді бердім. Ұлыбританияны 60 жыл басқарып келе жатқан Елизавета ІІ сенбі және жексенбі күндері Виндзор қамалындағы резиденциясына келіп демалады, атпен серуендейді. Қамалдағы суреттер мен жәдігерлер ұлы мемлекеттің атақ-даңқын асқақтатып тұр емес пе. Айтпақшы, Олимпиада ашылар қарсаңда Қазақстанның Президенті Н.Назарбаев Кембридж университетіне келіп, лекция оқыды, еліміздің қол жеткен табыстары жайлы кеңінен әңгімеледі. Ертеңінде Лондондағы ірі басылымдар Елбасының сөйлеген сөзін жариялады. Менімен бірге оқитын шетел студенттері «Әйгерім қандай бақыттысың. Қазақстанды бүкіл әлем біледі, Президенттің беделі ерекше екен», деп құттықтады.
Бұл күндері «Болашақ» бағдарламасы бойынша жүздеген қазақ жастары Лондонда, басқа мемлекеттерде білім алып жатыр. Күні ертең біз ел болашағы үшін қызмет етеміз. Қазақстан бізді шет елдердің білікті оқу орындарында тегін оқытып жатыр. Одан асқан қандай бақ бар?! Ал Лондондағы Қазақ елінің адам нанғысыз спорттағы жетістіктері көк байрағы желбіреген байтақ даламыздың болашағын айқын аңғартса керек, – деп сөзін аяқтады Әйгерім.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Лондон.