Әлем • 26 Ақпан, 2019

Оспан халифаның Құраны

1077 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуықта жолымыз түсіп Ташкент шаһарына бардық. Әуелі қазақ тарихында бүтін билікке қолы жеткен данагөй абыз Төле бидің басына барып, марқұмға аят-дұға бағыштадық. Одан кейін қаладағы Әмір Темір музейіне ат басын бұрдық. Киіз үй пішіндес үш қабат ғимараттың тұлабойы жәдігерге тұнып тұр. Осылардың ішінде көзімізге оттай басылғаны – Оспан халифаның Құраны.

Оспан халифаның Құраны

Бұл жәдігер жайлы біз­дің де бұған дейін шамалы мәліметіміз бар еді. Яки, мұ­сыл­ман әлемінің үшінші халифасы Оспан Аффан тұсында ислам діні жарты әлемге тарады. Сөйтіп араб емес ха­лықтарға Құранды дұрыс оқыту үшін қырағат қажет болды. Сол себепті, бірінші халифа Әбу Бәкірдің кезінде хатқа түсіріліп, екінші халифа Омардың қызы Хафсаның қолында сақтаулы тұрған жал­ғыз Құран жеті нұсқамен (қырағат) көбейтіліп, мұсыл­ман діні жеткен жерлерге жіберілген. Бұл кітаптар тарихта «Оспан Құраны» деген ат­пен қалды. Музейде тұрған жәдігер осы. 

Біз музей қызметкеріне «бұл Құран Орталық Азия­ға қалай келді?» деген таң­данысқа толы сұрағымызды қойып үл­гердік. Ол айтады: «1402 жылы Әмір Темір Ос­ман­лы империясының сұл­таны Баязидті талқандап, қай­та­рында Басра қала­сындағы орталық медреседе сақтаулы тұрған осы кітапты Са­мар­қанға алып келген екен. 1868 жылы қала орыс отар­лау­шы­ларының қо­лына өт­кен тұста, шіркеу қыз­мет­керлері қасиетті кітап­ты қолға түсіреді (ресми де­­­ректе 100 рубльге сатып алған делінген). Кітап ақы­­­ры Түр­кістан өлкесінің гене­рал-губернаторы фон Кауф­ман­ның қолына тиеді. Ол кітап­ты Санкт-Петер­бург­тегі Империал қоғамдық кітап­ханасына жолдайды. Қазан төңкерісінен кейін Құран РСФСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Лениннің шешімімен Бүкілресейлік мұсылман кеңесіне жібе­ріледі. Одан кейін 1941 жы­лы кітап Ташкентте Өзбек-с­та­н халқының тарихи мұ­ра­­жайына беріліп, мұнда 1989 жылға дейін тұрыпты. Кітап­тың түпнұсқасы қазір рес­публиканың діни басқар­масы орналасқан Барақ хан медре­сесінде сақталуда».

Осы орайда қазақ қалам­гері Әнес Сарайдың да жоға­рыдағы қасиетті кітап жай­лы былай деп жазғаны бар екен: «1918 жылы батыс алаш­ордашылардың Қара­төбе съезі ашылды. Халел Досмұхамедов баяндама жасап, әскер құру жайлы шешімге келіп, ол үшін әр түтін 100 сом ақша қоссын дейді. Халық екіге жарылып, дау өршіген тұс­та, Жанша Досмұхамедов ақы­рып ортаға шығады. Жә­кеңнің Мәскеуде өткен Ресей мұсылмандарының съезіне қатысып келген беті екен, ол кісі елдік мәселеге қа­тыс­­ты бүй депті: «Мен иісі мұсыл­манның басын қос­қан съезге барып келдім. Жи­ын бітіп, далаға шықсам ойпырым-ай, ақ боранмен бірге алапат атыс басталып ке­тіпті. Алды-артымнан оқ борап жүргізбеді. Көшеде келе жатып қаладағы атақты музейге біреулер басып кір­ді дегенді ести сала со­лай жү­гірдім. Келсем музей іші қыр­ғын атыс, осындағы Осман халифаның Құранын жаң­бырдай жауған оқтың арасынан аман алып шығып, мұсылман комитетіне әкеп тап­сырып келіп отырмын» депті дейді.

Демек, Ташкент төрінде тұрған Құранның аман-есен сақталып, бүгінге жетуіне қа­зақ арысының да еңбегі бар сияқты.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Egemen Qazaqstan»