Бір ғана Түркістан өңірінде партияны қолдайтын миллиондаған азамат еңбек етуде. Саяси ұйымның бүгінгідей биік дәрежеге жетуіне өз мүмкіндігіме қарай үлес қосып келемін. 2003-2006 жылдары партияның Оңтүстік Қазақстан облысы филиалын басқардым. Осы жылдары әр елді мекенде, ірі мекемелерде бастауыш партия ұйымдарын ашып, мүшелікке лайықты азаматтарды тарттық. Сол үш жылда партия мүшелерінің санын 700 мыңға жеткізген едік. Ал қазіргі таңда Түркістан облысында партияның 255 бастауыш ұйымы, миллионға жуық мүшесі бар. Алғашқы құрылған күннен бері партия халықпен бірге барлық сындардан, қиындықтардан өтіп, осындай белеске көтеріліп отыр. Елбасы Н.Назарбаев өзінің бір сөзінде «Нұр Отан» партиясы үлкен, нағыз саяси күш ретінде халықты, халықтың күш-жігерін «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған үлкен мақсаттарға жету үшін біріктіру керек екенін айтқан болатын, яғни саяси ұйымның алдындағы басты мақсат – Мемлекет басшысының, мемлекеттің саясатын халыққа жеткізу, насихаттау, халықтың күш-жігерін бір арнаға тоғыстыру, бір мүддеге біріктіру. Және осы жылдарда партия жұмысы негізгі міндеттерді орындау бағытында ашықтық, жауапкершілік, нәтижелілік, есептілік қағидаларымен жүргізіліп келеді. Ең бастысы, халықтың сенімі мен қолдауы айқын сезіледі. Өйткені берілген барлық уәделер әрдайым орындалуда, нәтижелі жұмыстар тұрақты түрде атқарылуда. Партияны халыққа жақын ете түскен жобалар да өз жемісін беруде. Мысалы, жергілікті жерлердегі қоғамдық қабылдау бөлімдері тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеді. Әрбір азамат өзін мазалап жүрген немесе жеке өмірінде туындаған мәселелер бойынша қоғамдық қабылдау бөлімдерінің көмегіне жүгіне алды. Онда тиісті сала басшыларымен, құқық қорғау органдары өкілдерімен, Парламент депутаттарымен кездесуге, өз мәселесін айтуға мүмкіндік жасалды. Қоғамдық бөлімде көтерілген мәселелер заңды шешімін тауып жатты. Яғни, саяси ұйым халықпен жұмыс істеудің нақты үлгісін көрсетті. Жастар саясаты, аз қамтылған отбасылар, жұмыспен қамту, баспана сынды әлеуметтік мәселелер саяси ұйымның назарынан тыс қалған емес.
Осы жылдары халқымыздың сеніміне ие болған, жақсы бастамалардың жаршысы бола білген партия уақытша туындаған қиын кезеңдерде де тұрғындардың жанынан табыла алды. Бүгінде нұротандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір Жолдаулары мен Ұлт жоспарын, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бастамаларынан туындайтын міндеттерді орындау жолында үлкен жұмыс атқарып келеді. Еліміздің негізгі құндылықтары мемлекеттік тәуелсіздігіміз, келісімі мен ауызбіршілігі, татулығы, мемлекет экономикасы мен елдің әлеуметтік әлеуетінің жақсаруы дейтін болсақ, онда сол бейбітшілігіміз бен татулығымызды сақтап, нығайтуға атсалысып жүрген саяси ұйымдардың бірегейі – «Нұр Отан» партиясы.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ,
«Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі