25 Тамыз, 2012

Ойланып көрейікші

316 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ойланып көрейікші

Сенбі, 25 тамыз 2012 5:57

Бірінші байлық – денсаулық! Оған ешкім таласа алмайды. Демек, халықтың денсаулығын нығайту үшін күресу – ең маңызды міндет десек  қателеспейміз. Бұл орайда біздің елімізде де қолға алынып жүзеге асырылып жатқан шаруалар аз емес.

 

Сенбі, 25 тамыз 2012 5:57

Бірінші байлық – денсаулық! Оған ешкім таласа алмайды. Демек, халықтың денсаулығын нығайту үшін күресу – ең маңызды міндет десек  қателеспейміз. Бұл орайда біздің елімізде де қолға алынып жүзеге асырылып жатқан шаруалар аз емес.

Атап айтар болсақ, Президент Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елімізде ірі озық емдеу-диагностикалық кешендері, заманауи ауруханалар салынып, ха­лыққа қызмет көрсетуде. Дегенмен, отандық медицинаның қы­з­мет көрсету сапасы мен қол­жетімділігі барлық жерде бірдей оң шешімін тауып отыр деуге болмайды. Сала маманда­рының пікірінше, оның сырын кадр­лардың жетіспеушілігінен іздеу керек. Статистика агент­тігінің деректері де осы ойды діттейді. Айталық, қазіргі таңда республикада 62 мыңнан астам дәрігер, 160 мыңға жуық меди­циналық ор­та буын қызметкер жұмыс іс­тейді десек, он мың қазақстан­дыққа орта есеппен алғанда 37 дәрігерден келетініне көз жет­кі­земіз. Денсаулық сақтау саласында кадрлар неге жетіс­пейді, барлары неге тұрақтамай­ды? Дәрі­гер­­лердің өздері оны еңбека­қы­ларының аздығымен тү­сіндіреді. Расында да, мем­лекет­тік, яғни бюджеттік емдеу меке­мелерінде қызмет істейтін жоға­ры білімді дәрігерлердің айлығы 80 мыңнан аспайды екен. Ал алты-жеті жыл оқып, еңбекке араласқан жас ма­манның алатыны, түнгі кезекші­лікті қоспағанда қырық мыңға да жетпейді.
Медбикелердің еңбекақысы бұдан да төмен, 30 мың теңгені ғана құрайды. Бұл орайда орта буын мамандардың көпшілігінің отбасылы, асырап отырған бала-шағаларының бар екендігі еске­рілмеген тәрізді. Және бір айта кететін жай, соңғы отыз-қырық жылда медбикелердің еңбек­ақы­сы өсірілмеген. Осылай әлеу­мет­тік деңгейдің талапқа сай болмауы медбикелер мен кіші меди­циналық қызметкерлерді (са­ни­таркаларды) тығырыққа ті­реуде. Кеңес өкіметі құлағалы қашан. Сол кезде бекітілген жо­ғары бі­лімді дәрігерлер мен орта және кіші медицина қызметкер­лерінің штаттық кестесінің әлі күнге сақ­талып келе жатқанына таң қал­мас­қа амалың жоқ.
«Біздер, медбикелер мен кіші медициналық қызметкерлер, тә­уелсіз мемлекетіміздің әрбір азаматы сияқты, өз жалақымыздан ай сайын зейнетақы қорына жүйелі түрде жарна аударып, табыс салығын да жүйелі түрде төлейміз. Өз жұмысымызда тия­нақтылық танытып, мүлтіксіз орындағанмен, жұмыс берушілер тарапынан еңбек заңын бұзушы­лық жиі орын алуда. Мәселен, денсаулықты сауықтыру    төлем­а­қы­­­­сын, міне екі жылдан асты мүлдем көрмейтін болдық. Бас­шылардың біздерге, яғни нара­зылық білдірушілерге «ұнамаса, кетіңдер» деген үйреншікті қыс­қа жауабы дайын. Қызмет­кер­лердің басым көпшілігінің бас­паналары жоқ, пәтер жалдап тұрады. Сондай-ақ қала сыр­тын­дағы ауылдардан қатынап істей­тіндер де аз емес, ал олардың арасында екі-үш баладан тәр­биелеп отырған жалғыз басты аналар да бар. Санитаркалар ауруларды тасымалдаған, қол арбамен алып жүрген кезде «кіші медициналық қызметкер» болып есептелінеді. Ал тиісті сауық­тыру төлемақысына келгенде, «ме­дициналық қызметкер» санатына жатпайды, көмектен тыс қалады» делінген редакцияға жол­­данған хатта.
«Егемен Қазақстан» газетінің Алматы бөлімшесіне келіп түс­кен тағы бір хатқа назар ауда­ралық. Хат авторы Жанат Жұма­баева: «Ірі шаһардағы аурухана­лардың бірінде санитарка болып жұмыс істегеніме 10 жылдай уақыт өтті. Мектеп жасындағы төрт бірдей баланы жалғыз өзім асырап, өсіруіме тура келіп отыр. Тағдырдың жазуы солай болды, жолдасым жүргізуші еді, өмірден тым ерте кетті. Сондағы алатын айлығым отыз мың теңге, бірақ соның өзі кейде қолыма толы­ғы­мен тимейді. Өткен айда кезекті еңбек демалысыма бар болғаны алты айдың ғана төлемін алдым. Бұл қалай десем, мекемедегі бухгалтерия мен кадр бөліміндегі­лердің жауабы «демалыс ақ­шасын толық алу үшін сен он бір ай толығымен жұмыс істеуің керек» деп бетбақтырмайды. Менің осындағы жұмыс өтілім – он жыл, қайдағыны айтасыңдар десем, «қайда барсаң, онда бар, біздікі жөн» деп бой берер емес.  Бірінші басшыға барып шағым­данудан пайда жоқтығына көзім анық жетті, өйткені, осы он жылда ол менің жалғызбасты ана екенімді ескеріп, ең болмаса бір рет халімді сұрап көрген емес» деп мұңын шағыпты. Адам жа­нының арашашысы атанған жан­дардың жағдайы осындай. Олар­дың әлеуметтік-тұрмыстық жағ­­­да­йын жақсарту кезек күттір­мей­тін міндет десек, қолында билігі барлардың қозғалғаны жөн-ау.
Бақыт БАЛҒАРИНА,
«Егемен Қазақстан».