Қазақстан • 26 Ақпан, 2019

«Мираста» жаһандық мәселелер талқыланды

529 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемде белең алып отырған халықаралық мәселелерге байланысты тиімді шешім қабылдау, дипломатиялық келіссөздер арқылы өзара келісімдерге қол жеткізу, көкейтесті жағдайларда кешенді шешім қабылдау, т.б. ықпалдастық мәселелері тұрғысында «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» қоғамдық қоры халықаралық «Мирас» мектебінде «БҰҰ моделі «MIS MUN - 2019» «Төртінші өнеркәсіптік революция: білімді дамытудың жаңа көкжиегі» тақырыбында конференция өтті.

«Мираста» жаһандық мәселелер талқыланды

Алматы, Астана, Орал, Мәскеу, Петербордан жиналған екі жүзден астам мектеп оқушылары алдында сөз сөйлеген тәуелсіз Қазақстанның алғашқы сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов еліміздің бүгінгі саяси кеңістігіктегі рөлі туралы мәліметтермен бөлісті. Тәжірибелі дипломат қоғамның әрбір төртінші азаматыжастар болғандықтан, биылғы жылдың «Жастар жылы» деп аталуы білім алуға, еңбек етуге, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына мемлекеттік тұрғыдан мол мүмкіндіктердің қарастырылып отырғандығымен тығыз байланысты екендігіне тоқталды.

–  Қазақстан бүгінде сыртқы саясатта беделді мемлекет ретінде әлем елдерімен ынтымақтастық байланыстарда өзіндік бағыт-бағдарын, тұрақты ұстанымдарын жүзеге асырып келеді. Осы негізде Қазақстанның халықаралық ұйымдармен байланысы жылдан-жылға нығайып, жаһан жағдайындағы келелі мәселелерде тұрақтылық пен бейбітшілік келісімдеріне аса сергектікпен қарайды. Осындай сарабдал саясат бағдарын ұстанған Қазақстанның халықаралық кеңістіктегі беделі, қызметі туралы жастарымыздың әр кез хабардар болып отыруы аса маңызды.

Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында әрі цифрлық мүмкіндіктерді дамытуда білімнің бәсекеге қабілеттілігі туралы атап өткен «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» ҚҚ директорының орынбасары Ғайша Сыздықова  конференциия аясында елдің даму келешегімен қатар ғаламды алаңдатып отырған бірқатар мәселелердің қозғалуы жастарды кез келген жағдайға дайын болуға, шұғыл шешімдер қабылдап, дипломатиялық қадамдардың маңыздылығын игеруге мүмкіндік береді деп атап өтті. Сондай-ақ бүгінде еліміз ғана емес, шетелдерде де білімін жетілдіріп жүрген «Мирас» түлектері бәсекеге қабілеттілік үдесінен шығу жолында кәсіби маман болатындығына зор сенім білдірді.

Жас делегаттарды БҰҰ, ЮНЕСКО, шет мемлекеттердің Қазақстандағы елшіліктері мен консулдықтары, халықаралық ұйымдармен байланысын нығайтуға мүмкіндік беруді мақсат еткен конференция жұмысына Францияның Бас консулы Алексис Шахтинский, Алматыдағы ҚР СІМ өкілдігінің бірінші хатшысы Ақмарал Оразиман, Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық орталығының жетекшісі Абдурахим Мухидов, Алматыдағы ЮНЕСКО білім бағдарламалары бойынша маманы Лина Бенете, «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» ҚҚ халықаралық білім бағдарламаларының үйлестірушісі Ирина Логинова және тағы да басқа қатысушылар маңызды мәселелер тұрғысында өз пікірлерімен бөлісті.

Конференция барысында қозғалған халықаралық лаңкестікпен күресуде киберқөауіпсіздікті дамыту мен бейбітшілікті тұрақтандырудағы әріптестік,  жастар мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты түбегейлі жою, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуына жақсы жағдайлар туғызу, ІТ саласындағы білімді жетілдіру, табиғаттың өзгеруі, сенімді әрі тұрақты энергия көздерін, жаңа технологияларды пайдалану, жасанды интеллект, т.б. тақырыптар бойынша мәліметтер жас делегаттардың қызығушылығын туғызды.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ