Бұдан соң А.Ұ.Мамин осы топырақтың перзенті екеніне тоқталып, ол бұған дейін өзіне тапсырылған жауапты жұмыстардың бәрін де абыроймен орындап келгенін жеткізді. Соның ішінде Оңдасын Сейілұлының әлеуметтік сипатағы мәселелерді оңтайлы шеше білудегі қарым-қабілетін атап өтіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Актив жиналысында Б.М.Сапарбаев сөз алып, халықты әлеуметтік жағынан қорғау секілді еліміздегі аса жауапты саланы басқаруға тағайындағаны үшін Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың сенімін ақтайтынын жеткізді. Сонымен бірге ол бірлесе атқарылған нәтижелі жұмыстар үшін облыс активіне алғысын айтты. Бұдан кейінгі кезекте сөз сөйлеген Ақтөбе қаласының жаңа әкімі Оңдасын Оразалин ата-бабаның кіндік қаны тамған жерде қызмет атқару біріншіден биік мәртебе болса, екіншіден үлкен жауапкершілік екеніне екпін түсірді. Осы орайда өңірдің жаңа басшысы бұған дейінгі жинақтаған тәжірибесін Ақтөбе аймағының одан әрі өсіп-өркендеуіне жұмсайтынына, өңірде бұған дейін жүргізілген жақсы істер одан әрі жалғаса беретініне тоқталды.
Активте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов Б.М.Сапарбаев облыс әкімі болып қызмет атқарған 3,5 жылда өңірде айшықты ізін қалдыра білгенін айтты. Оның қарапайымдылығы, кісілігі мен кішілігі жөнінде ақсақалдық тілегін арнады. Содан кейін О.С.Оразалиннің алдында тұрған істер де мол екенін айтып, оған сәт-сапар тіледі. Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Бәйменова қоян-қолтық бірлесе атқарылған ұлан-ғайыр жұмыстар үшін Б.М.Сапарбаевқа ризашылығын жеткізіп, оның бұған дейін жинақтаған бай тәжірибесі жаңа қызметіне де оң ықпалын тигізетінін атап өтті. сонымен бірге Құралай Бәйменқызы облыстың жаңа басшысы О.С.Оразалин өңір үшін бөтен адам емес екенін айтып, өз ойын жаңа жобаларды жүзеге асыруда ауызбіршілігіміз бен ынтымағымыз нығая берсін деп түйіндеді. Осындай бағыттағы лебіз бен ой-тұжырым өңірдегі «Стройдеталь» ЖШС-нің директоры А.С.Симоновтың тарапынан да білдірілді.
Актив жиналысты Премьер-министр Асқар Мамин қорытындылап, облыстың жаңа басшысы мен аймақ активі ортақ істі бірлесіп жүзеге асыра білдіре беретініне сенім білдірді.
Темір Құсайын,
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ