Көмек көпбалалы ақтөбеліктерге, жалғызілікті зейнеткерлерге, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға көрсетіліп жатыр. Қажет болған жағдайда тұрғындардың пештерінің ошақтары алдына қорғаныш құрылғыларын орнатып, мұржаларды және үйлерінің алдындағы қоқыстарын тазартуға көмектеседі. Бұдан басқа, «Үміт» сәбилер үйінде алты өрт шкафы монтаждалған.
Берікбаевтар отбасында төрт бала бар, олардың біреуі – ерекше бүлдіршін. Отағасының айтуынша енді ол үй іші үшін бұрынғыдай алаңдайтын болмайды. Өйткені орнатылған қондырғы кішкене түтіндегеннің өзіне әсер етеді.
«Балалар әрине, отпен ойнамайды, бірақ сақтанған жөн болар»,- дейді Ербол Берікбаев.
Тұншықтыратын газ датчигі жұмысының қағидасы қарапайым – оған түтін тиген кезде ол қауіпті есертіп, қатты дауыс шығарады. Осы бір кішкене дербес «қорапшалардың» арқасында тұрғындар бөлмеден уақытында шығып кете алады,- дейді Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Евгений Овчарский.
«Жақсылық жаса» акциясы аясында қырықтан астам үйге қайтарымсыз өрт дабылдары орнатылды. Тағы елу датчикті жергілікті атқарушы органдар жақын арада сатып алуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, бүкіл облыс бойынша 25 мың тұрғынмен өрт қауіпсіздігі нұсқаулығы жүргізілді. 16 мыңнан аса агитациялық материал таратылды.
Кішкентай ақтөбеліктерге де өрт шыққан кезде өзін қалай ұстау керектігі түсіндірілуде. Өңірдегі 79 мектепте интерактивті сабақтар жүргізілді.
Былтыр Ақтөбе облысында барлығы 475 өрт болған. Қайғылы оқиға 12 адамның өмірін жалмаса, оның төртеуі балалар. Осы жылдың қаңтар айының өзінде тұрғын үйлерде 17 өрт тіркелген, жапа шеккендер жоқ.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе