Аймақтар • 26 Ақпан, 2019

Бақыт Сұлтанов бірнеше басшыға сөгіс жариялады

457 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елорда әкімі, сондай-ақ, Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Игорь Алексеевке, «Астана Су Арнасы» директоры Табиғат Зейнулқабденге, кәріз қызметінің бастығы Қуаныш Сұлтанбаев пен Алматы ауданы канализация учаскесінің бастығы Владимир Власенкоға қатаң сөгіс жариялады деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Бақыт Сұлтанов бірнеше басшыға сөгіс жариялады

Бүгін Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен Астана қаласы әкімдігінің кезекті отырысы болып өтті. Жиын барысында жақында жасөспірімнің қаладағы құдықтардың бірінде қаза болуына орай уәкілетті тұлғалардың жауапкершілігі туралы сөз болды.

«Өкінішке қарай, 19 ақпанда тағы бір қайғылы оқиға болды. 13 жасар жасөспірім қаладағы ашық құдықтың біріне құлап, қаза тапты. Төтенше жағдай өткендегідей Алматы ауданының аумағында орын алды Ашық құдық «Астана Су Арнасы» мемлекеттік кәсіпорнына тиесілі. Осыдан бірнеше ай бұрын жасөсіпірім қыз дәл осындай жағдайда қайтыс болғанда, аудан әкімдеріне қатаң сөгіс жариялаумен ғана шектеліп едік. Бұл жазалау түрі сіздерге аз сияқты болып отыр! Ендеше, Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевқа қатаң сөгіс жариялаймын», – деді қала әкімі.

Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Игорь Алексеевке, «Астана Су Арнасы» МКК директоры Табиғат Зейнулқабденге, кәріз қызметінің басшысы Қуаныш Сұлтанбаев пен Алматы ауданы кәріз учаскесінің басшысы Владимир Власенкоға осындай жаза белгіленді. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Әлия Рүстемова да елорда әкімінен сөгіс алды.  Құдықтар қақпағы ұрлығының алдын алу мақсатында қалалық әкімдік көптеген жұмыс атқарып жатыр. Қаладағы барлық құдықтың тізімі қайта жасалуда. Желілер жобаларында қақпақтарды полимерлік материалдан, сондай-ақ арнайы торларды полиэтиленнен жасау көзделген.

«Тор құдық қақпағы ұрланған күннің өзінде құдыққа адамның, жан-жануардың тағы да басқа заттардың түсіп кетуінен сақтайды.  Қазір 6 мың құдыққа тор орнатылған», – деп хабарлады ОЭККШБ-да. Одан бөлек, құдықтар қақпағын ұрлауды болдырмау және оған адамдардың түсіп кетуінің алдын алу мақсатында жаңа жобаларда қақпақтарды композиттік материалдардан жасап орнату көзделген.

Қазіргі заманғы өнеркәсіп талаптары ескеріле отырып жасалатын полимерлі-құмды бұйымдар қауіпсіздік техникасы мен экологиялық нормалардың барлық талаптарына жауап береді. Жасырын байланыс желілерін төсеу кезінде оңай қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Ең бастысы, ол металл емес, оны темір қабылдаушыларға тапсыра алмайсыз. Сол себепті ұрлықшыларға оны қолды қылудың пайдасы болмайды. Сонымен қатар, Астана қаласы Полиция департаменті құдық қақпақтары ұрлығының алдын алу мақсатында жүйелі түрде тексеріс, ескерту, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бақыт Сұлтанов 19 ақпандағы №2 перинаталдық орталықта болған жан түршігерлік оқиғаны тілге тиек етті. Орталықтың босану бөлімінде келіншек дәрігерлердің көмегінсіз еденде өзі босанып қалды.

«Абырой болғанда бала мен ананың денсаулығына зиян келмеген. Бірақ бұл жағдай ерекше бақылауға алынуы тиіс деп ойлаймын. Мұндай оқиғалар жүйесіздіктің салдарынан орын алған», – деді осыған байланысты Б.Сұлтанов.

Сонымен қатар ол 2018 жылы босану кезінде сегіз әйелдің қайтыс болғанын, оқиғалар санының 2017 жылғы көрсеткіштен төрт есе жоғары екендігін алға тартты.

«Біздің денсаулық сақтау жүйесінде мұндай бей-берекетсіздік неліктен орын алып жатыр?» – деп сұрады А.Рүстемовадан қала әкімі.

«Мұндай жағдайдың болғаны рас. Босанушы 18 ақпанда келді. 19 ақпанда оның толғағы күшейе түсті. Сағат 12-де бөлімше меңгерушісі оны қарағанда, ол босану бөлімшесінде болған. Ол жылдам босанды. Бұл күні бөлімшеде 37 әйел туды. Осы уақытта үш акушер төрт әйелді босандырып жатқан болатын. Сондай-ақ бөлімде күрделі операция жасалып жатты. Оған дәрігерлеріміздің барлығы жұмылдырылған болатын. Не десек те, бұл жағдайда олқылықтар бар», – деді А.Рүстемова.  

«Демек, тиісті күш салу керек. Сізге ресми түрде ескерту жасап отырмын. Барлық жүйе бойынша шаралар қолданыңыз. Бұл барлық басқа медициналық мекемелер үшін белгі болуы тиіс. Сондай-ақ барлық денсаулық сақтау нысандарының жұмысына мониторинг жүргізіп, штаттан тыс барлық жағдайлар бойынша нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтаңыз», – деді Б.Сұлтанов.