Аймақтар • 26 Ақпан, 2019

Батысқазақстандықтардың 87,1 пайызы мемлекеттік тілді жетік біледі

516 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«2018 жылы өткізілген әлеуметтік зерттеудің қорытындысы облыс тұрғындарының 87,1%-ы мемлекеттік тілді жетік меңгергенін көрсетті» дейді Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.

Батысқазақстандықтардың 87,1 пайызы мемлекеттік тілді жетік біледі

Басқарма басшысының айтуынша, өңір тұрғындарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау мақсатында жыл сайын «Қазтест» жүйесі бойынша тестілеу ұйымдастырылады. Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оны пайдалану аясын кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр.

Мысалы, 2018 жылы Бөрлі, Зеленов, Теректі, Тасқала аудандары әкімдіктері, Батыс Қазақстан облысының қаржы басқармасы, Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті және «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалы мекемелеріне өз саласында мемлекеттік тілдің қолданыс деңгейін көтеру, тіл туралы заңнама талаптарының сақталуын бақылау жөнінде ұсынбалар беріліп, түзету шаралары алынған.

Тілдерді дамыту басқармасы жыл сайын облыс тұрғындарына мемлекеттік тілді оқыту курстарын ұйымдастырып жүр. Курсқа 2017 жылы 670, 2018 жылы 1005 тыңдаушы қамтылып, сертификатқа ие болған. Ал биыл 1010 адамды қамту жоспарланған екен.

Басқарманың алдында тұрған тағы бір міндет – латын әліпбиіне қатысты түсінік жұмыстары. «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығын қолдау мақсатында білім беру саласының қызметкерлерімен, этно-мәдени орталық өкілдерімен, мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен, студенттермен, қала және аудан тұрғындарының қатысуымен 200-ден астам іс-шара өткізілген. Бұл жиындарға жалпы 134706 адам қатысыпты.

Басқармада «Жедел желі» қызметі жұмыс істейді. «Азаматтар көшеде, көпшілік орындарда сыртқы көрнекі ақпаратта кеткен грамматикалық, стилистикалық қатені көрсе, ақпараттың тек тілде орналастырылғанын байқаса, суретке түсіріп алып, бізге жіберуіне болады. Біз тез арада тексеріп, шара қолданамыз» дейді басқарма басшысы.

«Қоғамдық тіл инспекциясы» шеңберінде 2018 жылы Батыс Қазақстан облысында 310 кәсіпкерлік нысанына басқарма ішкі және сыртқы көрнекі ақпаратын реттеу бойынша әдістемелік көмек көрсетіпті. «Мақсатымыз – кәсіпкерді жазалау емес, қатені түзету, мемлекеттік тілдің мәртебесін биік ету, - дейді Айгүл Мыңбаева.