Қазақстан • 26 Ақпан, 2019

Жекпе-жек өнері қауымдастығы аймақтарда жұмыс жүргізуде

857 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәрім Мәсімов басқаратын Қазақстанның жекпе-жек өнері қауымдастығы республика аймақтарында өздерінің өкілдіктерін ашуда. Алматы қалалық Спорт басқармасының бастығы Рүстем Байсейітов осы күнге дейін 19 федерация өкілдерімен жиын өткізді.  

Жекпе-жек өнері қауымдастығы аймақтарда жұмыс жүргізуде

Осы кездесу барысында аталмыш қауымдастықтың менеджері Қайрат Тілеубаев: «Біз қазіргі кезде заңгерлік қызмет құру бойынша жұмыстар жүргізіп, осы іске кешенді медициналық топты тарттық. Құрамында 20 федерациясы бар қауымдастықтың басым бағыты – балалар спорты мен бұқаралық. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, елімізде жекпе-жек түрлерімен 180 мыңнан астам адам айналысады. Біз көпшілік назарын олимпиадалық емес спорт түрлеріне аударуға тиіспіз», – деп атап өтті.  

–  Жуырда біз ММА аралас жекпе-жектен Қазақстан чемпионатын өткіздік, – дейді Аралас жауынгерлік жекпе-жек өнерінің бірлескен федерациясының бас директоры Уәлихан Тен. – Бұл жарыста 230 спортшы күш сынасты. Енді қауымдастықтың жүргізіп отырған осы жұмысының оң нәтижесінің арқасында көптеген спортшылар үшін кәсіпқойлар арасында өнер көрсетуге мүмкіндік туады. 

Әріптесінің бұл сөзін Муайтай федерациясының президенті Елхан Аманқұов та қолдап отыр. «Қазақта «Ең қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген мақал бар. Көптеген федерациялар энтузиастардың ғана арқасында жұмыс істеп келеді. Ал ертеңгі күні біздер кетсек, не болмақ? Балалар мен жас жеткіншектер үйлесімді түрде дамуы керек. Ал дене шынықтырусыз бұл мүмкін емес. Барлығымыз да спорт арқылы өстік. Бұл саланың қыр-сыры, мәні мен маңызын жақсы білеміз. Егер барлығымыз бір үстелдің басында жиналсақ, қабылданған шешімдеріміз де оңды болады», – дейді ол.

Бізге әр жерлерде осы іске араласу міндеті жүктелі отыр, – дейді Алматы қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік Департментінің төрағасы Серік Жүнісов. – Бұл жұмыс ашық және жария түрде жүргізілуге тиіс. Біздің линия бойынша бақылау ісі жүзеге асырылады.   ­

2021 жылы Қазақстанда «Спорт-Аккорд» Дүниежүзілік ойындары өтеді. Қазіргі кезде Халықаралық ұйымдар жекпе-жек түрлерінен студенттер арасында осы секілді жарыстар өткізу жобасы бойынша жұмыстар жүргізуде. Алдағы уақытта атқарылатын шаруалар шаш етектен.    

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»