Қазақстан • 26 Ақпан, 2019

Тараз қаласында жас туристер бас қосты

1947 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 Елбасының Жарлығымен биылғы жылдың «Жастар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Туризм саласындағы жастардың үлесін арттыру мақсатында Жамбыл облыстық туризм басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласында алғаш рет «Тараз жеріне тағзым» атты жас туристер фестивалі өтті. Үш күнге созылған туризм фестиваліне Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстарынан, сондай-ақ, Алматы, Шымкент қалаларынан 14-18 жас аралығындағы 800-ге жуық оқушы қатысты.

Тараз қаласында жас туристер бас қосты

Фестивальдің алғашқы күні келушілерге арнайы экскурсиялық тур ұйымдастырылды. Аталған шара облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінен бастау алып, қатысушылар екі мың жылдық тарихы бар көне Тараз қаласының тарихымен танысты. Бұдан кейін Әулиеата жеріне арнайы келген озат оқушылар саяхат барысында Қарахан, Тектұрмас, Дәуітбек кесенелерімен қатар, «Қазақ хандығына 550 жыл» ескерткішімен және қайта жаңғырған «Жеңіс» саябағында да болды. Фестивальдің бір ерекшелігі, оқушылар үшін әр нысан басында викториналық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.

  Ал, «Тараз жеріне тағзым» жастар фестивалінің үшінші күні «Достық» үйіндегі ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Мұнда тарихшылар мен туристік компания өкілдері қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауап берді. Сонымен қатар, жастар туризмін дамыту мәселелері жөнінде де сөз болды.

  Фестивальдің қорытынды бөлімінде оқушылар арасында сурет және қолөнер жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылып, «Жас суретші», «Жас ұста» сайыстарының да қорытындысы шығарылды. Жеңімпаздар арнайы диплом мен бағалы сыйлықтарға ие болды. «Шараның мақсаты – Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауына орай, алдымен туризм саласындағы жастардың үлесін арттыру. Жастар туризмін дамыту және оларға еліміз бен өңірдің бұл саладағы әлеуетін таныту әрі ақпараттандыру. Балалар мен жастардың патриоттық сезімін тәрбиелеу. Сонымен қатар, туристік-өлкетану жұмыстарын жандандыру арқылы салауатты өмір салтын насихаттау», дейді Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.

 

Хамит Есаман,

«Egemen Qazagstan»

Жамбыл облысы