Елбасы • 27 Ақпан, 2019

Елбасының қатысуымен өтетін «Нұр Отанның»XVIII съезінде партияның жаңа бағдарламасы қабылданады

462 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төраға­лығымен партия Саяси кеңесінің отырысы болды. Оған Саяси кеңес мүшелері, соның ішінде Парламент депутаттары, атқарушы мемлекеттік органдардың және ҮЕҰ басшылары, кәсіпкерлер, дәрігерлер, білім, мәдениет, спорт саласының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және тағы басқалар қатысты. Сондай-ақ отырысқа партияның кезекті XVIII съезінің делегаттары да шақырылды.

Елбасының қатысуымен өтетін «Нұр Отанның»XVIII съезінде партияның жаңа бағдарламасы қабылданады

Отырысты ашқан М.Әшімбаев алдымен қатысушыларды «Нұр Отанның» 20 жылдығымен құттық­тады. Осы мерейлі датаға орайлас­тырыл­ған партияның кезекті XVIII съезінің маңызына тоқталған ол атал­ған жиында «Нұр Отанның» жаңа бағыт-бағдары айқындалып, маңызды мәселелер талқыланатынын сөз етті.

Саяси кеңестің отырысында қарал­ған негізгі мәселелердің бірі «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжыл­дық­тың 10 мақ­саты» атты жаңа бағдарлама жобасын тал­қылау болды. Партия Төрағасының бірін­ші орынбасары бағдарламаның негізінен әлеуметтік сипатқа ие екеніне назар аудар­ды.

– Партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес, партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы дайындалды. Бұл құжатта Елбасының елімізді жан-жақты жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға партияның қосатын нақты үлесі мен жұ­мысы көрсетілген. Бағдарлама жобасы бастауыш партия ұйымдарының жиналыстары мен партияның аумақтық және аймақтық филиалдарының конференцияларында кеңінен талқыланды. Нәтижесінде құ­жат әлеу­меттік сипатқа ие болып, аза­мат­тардың тұрмыс сапасын жақ­­сартуға бағытталды, – деді М.Әшімбаев.

Отырыс барысында бағ­дарламаның негізгі бағыттары бойынша партия хатшысы Илья Теренченко баяндап берді. Одан бөлек, Саяси кеңестің мүшелері: М.Х.Дулати атындағы Тараз мем­лекеттік университетінің рек­торы М.Сарыбеков, Павло­дар облыстық перинаталды ор­та­­лығының бас дәрігері А.Оспанова және «Агрофирма «Родина» ЖШС-ның директоры И.Сауэр жаңа бағдарламаның басымдықтары жайында айтты.

Талқылау нәтижесінде Саяси кеңес мүшелері бағдар­лама жобасын мақұлдап, оны «Нұр Отан» партиясының кезек­­ті XVIII съезінің қарауы­на ұсыну туралы шешім қабыл­дады. Сонымен қатар съезде партия Жарғысына өзгер­ту­лер мен толықтырулар ен­гізу және Саяси кеңес пен Ор­талық бақылау-тек­серу комис­сиясының есеп­тік кезең­дегі жұмысын қорытын­ды­лау сияқ­ты мәсе­лелер де талқы­ланады деп күті­луде. Соған байланыс­ты Саяси кеңес­тің отырысында аталған мәселелер де назарға алынып, талқыға салынды.

Сондай-ақ съезде өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты Саяси кеңес пен Орталық бақылау-тексеру комис­сия­сының мүшелерін сайлау мәсе­лесі де қаралмақ. Отырыста Саяси кеңес мүшелері бұл мәселеге де көңіл бөлді. Одан бөлек, отырыста кезекті XVIII съездің жұмыс органдары – Ман­даттық, Есептік, Редак­ция­лық комиссиялардың және съезд Хатшылығының жеке құрам­дары қаралып, ұсыныл­ды. Жиын соңын­да партия Төрағасының бірінші орынбасары аталған съездің партия үшін маңызы зор екеніне тағы бір назар аударды.

– Съездің қарауына партия­мыздың әрі қарай дамуына үл­кен әсер ететін маңызды мәсе­лелер ұсынылып отыр. Съезд жұмысына Елбасы, партия Төрағасының қатысуы да бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан съездің ел дамуына да тигізер әсері мол деуге толық негіз бар, – деді М.Әшімбаев.

Айта кетейік, Саяси кеңес пар­тияның жоғары өкілдік органы. Оның өкілеттігіне партия съезінің шешімдерін орындау бойынша партия органдары қызметінің негізгі бағыттарын анықтау, партия­ның қатысуымен болатын сайлау кампанияларына қатысты мәселелерді қарау, партия атынан саяси мәлімдемелер мен үндеулерді қарау және енгізу, партия Төрағасының ұсынысы бойынша өз құрамынан партия Саяси кеңесінің Бюро мүшелерін сайлау, партия съезін шақыру, олардың күн тәртібін қалыптастыру және басқа да мәселелерді шешу кіреді. Пар­тия Саяси кеңесінің өкілеттік мерзімі – 4 жыл.

 

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»