Спорт • 27 Ақпан, 2019

Төрткүл дүниені шарлаған

395 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өзіне және олардың табысқа жету тарихына мән беріп, сол тұлғаларды танымал етудің жаңа мультимедиялық алаңын қалыптастыруға шақырған еді. Соның нәтижесінде осыдан біраз уақыт бұрын «100 жаңа есім» жобасы қолға алынды. Бұл жобаның негізгі мақсаты − тәуелсіздік алған кезеңнен бері Қазақстанның көркеюіне елеулі еңбек сіңірген жерлестерімізді көпшілікке таныту.  

Төрткүл дүниені шарлаған

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Мағжан Талап­ұлы Сағымбаев. Былтыр ғана орда бұзар 30 жасқа толған айтулы азамат Алматыда туып-өсіп, Алатау бау­райындағы әсем шаһарда дарынды балаларға арналған Қазақ-түрік лицейі мен «Тұран» университетінде білім нәріне сусындады. Оқу озаты болды, қоғамдық жұмыстарға аралас­ты, спорттық және мәдени шараларға белсенді түрде қатысты. Кейіннен Аустрияға аттанып, Зальцбург қаласындағы іргелі институтта туризм мамандығы бойынша білі­мін жалғастырды. 

Мағжан бала кезіннен ата-анасымен бірге Қазақстанның әр қиырын аралап, кең-байтақ Отанымыздың ең көрікті жерлерін армансыз шарлаған екен. Іргедегі Жетісу өңірін айтпағанда, Шығыс пен Оңтүстік аймақтарға да ара-тұра ат басын бұрып тұрды. Сағым­баевтар отбасы екі рет Алатаудың арғы бетіндегі Ыстықкөлге жаяу сапар шекті. Қара теңіздің бойындағы Геленджик шатқалында болды. 2013 жылы Өзбек­стан, Ресей, Грузия, Армения, Украина және Молдова елдеріне сапар шекті. Осындай мәнді де маңызды сапарлардан керемет әсермен қайтқан бала келешекте жиһанкез болуды армандады. 

Уақыт оза арманшыл жас өрен өз жоспарларын бірте-бірте жүзеге асыра бастады. Қазіргі кезде Мағжан «Жер шарында бармаған жерім, баспаған тауым­ кемде-кем» деп еш қымсынбай айта алады. Расында да, бұл жігіт 30 жасына дейін ерлік деп айтуға тұратындай талай іс тындырды. Мәселен, оның есімі вело­сипедпен жер-жаһанды жалғыз өзі шарлаған тұңғыш қазақстандық жиһан­кез ретінде ел есінде қалды. Атап айтсақ, 2014 жылдың 1 мамырында басталған «Bike The Earth» жобасы аясындағы ай­тулы сапар 2015 жылдың 14 мамырында өз мәресіне жетті. 380 күн ішін­де 22 мемлекетті шарлаған Мағжан Талап­ұлы 28 784 шақырымды артқа тас­тады. Сол аралықта қандасымыз Қазақ­стан, Өзбекстан, Түрікменстан, Иран, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Болгария, Сербия, Венгрия, Аустрия, Германия, Швейцария, Франция, Испания, Колум­бия, Эквадор, Аустралия, Таиланд, Кам­боджа, Лаос және Қытай сынды мем­лекет­т­ердің аумағымен өтті. 

– Әр сапардың қызығы да, шы­жығы да болады, – деп бастады өз әңгі­месін Мағжан. – Кереметі де бар, күр­сіндіретін жайттар да аз емес. Бірде Түрік­мен­с­танның Қарақұм шөліндегі +46 гра­дустық аптап ыстықта сусыз қалдым. Қайта-қайта есімнен танып, құмға құлай бердім. Абырой болғанда жанымнан өтіп бара жатқан «КамАЗ» көлігінің жүргізушісі қолындағы құтысын терезеден лақтырды. Содан аман қалдым. Испанияның Барселона қаласында баз біреулер велосипедімді ұрлап кеткенде, осымен сапарым аяқталған шы­­ғар деп қатты күйзеліске түстім. Алай­­да, менің ғаламторда жариялаған жа­найқайымды естіген жұрт бас-аяғы екі-үш күннің ішінде жаңа көлікке ақша жинап берді. Антарктидада қолым мен бетімді үсітіп алдым. Қытайда итке та­ландым, Колумбияда қабырғамды сындырдым, Өзбекстан мен Грузияда жол торыған қарақшылардан әзер қашып құтылдым... Осындай келеңсіздіктер мен қиындықтар да болды. Бірақ ешбір кедергілерге қарамастан алған бетімнен қайтпай, әркез діттеген мақсатыма қол жеткізе алдым. 

Бір жылдан аса уақытқа созылған айтулы сапар барысында Мағжан Сағым­баев тек Испания мен Колумбия, Эквадор мен Аустралия және Аустралия мен Таиландқа дейінгі аралықта мұ­хиттан өту үшін ғана ұшаққа мінді. Тәу­лігіне ол 100-ден 200-ге дейінгі шақы­рымды жүріп отырды. Бәрі де ауа райына байланысты. Күндіз велосипедті тізгіндесе, түнде демалды. Көп жағдайда өзінің туристік шатырында ұйықтаса, кейбір кездері арзан мейманханалар мен хос­телдерде немесе қонақжайлық та­нытқан жергілікті тұрғындардың үйін­де қонды. 

– Әр халықтың мәдениеті мен мен­талитеті әртүрлі. Көшпенділер мен түркі халықтары қонақжай келеді. Алыстан мейман келсе, олар көңілін табуға тырысып, асты-үстіне түседі. Еуропалықтар мен өзге құрлықтардың өкілдері ондай емес. Бірден елпілдей кетулері екіталай. Десек те, үйренуге тұрарлықтай олардың да бойында жақсы әрі жағымды қа­сиеттері көп, – деп жалғастырды өз әңгі­месін кейіпкеріміз. 

2016 жылдың 19 ақпанында Мағжан Сағымбаев Қазақстанның мақтанышы, әлемге әйгілі даңқты альпинист Мақ­сұт Жұмаевпен бірге Оңтүстік Аме­рика құрлығындағы ең биік шың – Аконкагуаны (6 962 метр) бағындырды. 18 шілдеде Еуропаның ұшар биігі – Эльбрусқа (5 642 метр) шықты. 16 желтоқсанда өзінің әріптесі, жас альпинист Ілияс Ғалымбековпен бірге мәңгілік мұз басқан Антарктиданың ең жоғарғы нүктесі – Винсонның (4 892) төбесіне ту тікті. Көз арбаған биікке табан­дары тиген бетте байланысқа шық­қан қос қандасымыз барша Қазақ­стан халқын тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. 

Ал сол жылдың 31 желтоқсанында құрамында Мағжан Сағымбаевтай серке спортшысы бар Қазақ география­лық қоғамы жанынан құрылған шаңғы­шылар экспедициясы Антаркти­даның полярлық платосында орналас­қан Оң­түстік полюске аман-есен жетті. 11 күн­­ аралығында олар 217 шақырым­ды жү­­ріп өтті.

– «Жол азабын тартқан білер» демек­ші, осындай сапарлар барысында менің көп нәрсеге деген көзқарасым өзгерді. Көп нәрсеге көзім жетті. Талай дамыған, дәулеті тасыған, өсіп-өркендеген елдер­ді көрдім. Олардың экономикалық әле­уе­ті де, халқының тұрмыс деңгейі де өте жоғары. Бірақ бәрібір кіндік қаның тамған жердің жөні бөлек екен. Арада бір-екі апта өтпей жатып атамекеніңді аңсап, атажұртыңды сағынасың. Жалпы, қай жерге барсам да, мен Отанымды дәріптеуден жалыққан емеспін. Шыны керек, әлі де Қазақстанды көбі біле бер­­­­мейді. Алыс сапарларға шыққанда соған көзім анық жетті. Сол олқылықтың орнын толтыру біздің барлығымыздың да міндетіміз. Саясаткерлер мен спортшылар ғана емес, саяхатшылар да осы­­ны қаперлеріне мықтап сіңіруі керек. Жеке өз басым жол бойында жүз­дес­кен әрбір адаммен жеріміздің кең­дігі мен байлығы, тамсандырар сұлу таби­ғаты мен заңғар таулары, керемет көл­дері мен асау өзендері, халқымның сал­ты мен дәстүрі, кеңпейілдігі мен қонақ­жайлығы, даралығы мен дар­хандығы және де Қазақстанның түрлі сала бойынша бүгін­гі таңда қол жеткізіп отырған жетістігі жайында кеңінен әңгімелеуге тырыстым, – дейді Мағжан Талапұлы. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ