27 Ақпан, 2019

Жас боксшымыз Туризм елшісі атанды

522 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кәсіпқой бокста атой салып, ел мерейін асқақтатып жүрген жас дарынды боксшымыз Садриддин Ахмедов Қазақстанның туризм елшісі атанды. Жуырда оған «Kazakh Tourism» ҰК» басқарма төрағасы Рашид Күзембаев «Қазақ­стан Республикасы Туризм елшісі» сертификатын табыс­тады. 

Жас боксшымыз Туризм елшісі атанды

2016 жылы Ресейдің Санкт-Петер­бург қаласында өткен бокстан жас­тар арасындағы әлем чемпионатының же­ңім­­пазы, ел біріншілігінің бірнеше дүр­кін чемпионы, 2017 жылғы Қазақ­стан Президенті кубогының ие­гері және кә­сіпқой бокстағы WBC Youth World Super Welterweight (Жас­тар ара­сындағы әлем чемпионы) Жастар жы­лы аясында отандық туризмді ел ішінде және шетелде насихаттайтын болады.  

Қазақстандық бокстың жаңа жұлды­­зына аталмыш сертификат­ Астана қа­ласында орналасқан «BEIBARYS» демалыс базасында табыс­талды. Бұл жерде жас спортшы атпен, қарда жүргіш кө­лікпен, ит жегілген арбамен серуен­­деу, сондай-ақ аса танымал Counter Strike ком­пьютерлік ойынындағы дәл «de dust 2» картасының көшірмесі болатын полигонда пейнтбол ойнау және басқа бел­сенді демалыс мүмкіндіктерімен таныс­ты. 

«Былтыр біз танымал отандастарымыз арқылы еліміздің туристік әлеуетін наси­хаттау мақсатында Қазақстан ту­ризмі елшілері бағдарламасын іске қос­қан болатынбыз. Ондағы мақсат – елі­мізге және шетелге танымал тұлғалар ар­қылы отандық туризмді насихаттау мен оның дамуына үлес қосу. Биыл Жастар жылының ашылу салтанаты кезінде Елбасы жастар туристік клубтарын жаңғырту қажеттілігін ерекше атап өтті. Сондықтан жас бокс­шы, еліміздің көк туын дүние жүзіне абырой­мен көтеріп жүрген Садриддин Ахмедовпен толық­тыруды жөн көрдік. Сертификат табыстау орны рет­інде демалыс базасын таңдау кездейсоқ емес, себебі Садриддин елші ретінде бел­сенді туризм түрлерін жастар арасында наси­хаттайтын болады», деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басшысы Рашид Күзембаев. 

Ал Садриддин Ахмедов туризм елшісі атану өзі үшін күтпеген жаңалық және үлкен жауапкершілік екенін айтады. Сондай-ақ ол ендігі уақытта спортпен қатар еліміздің туризм саласының одан әрі дамып, жақсаруына жауаптымын дейді. «Боксшы ретіндегі басты мақсатым – Көк туымызды биік ұстап жүру болса, елші ретіндегі мақсатым – Қазақстан туризмін дамытуға сәл де болса өз үле­сімді қосу», деді Садриддин Ахмедов. Со­нымен қатар кәсіпқой боксшы өзінің де­малысын қайда өткізетіні туралы да айтып берді. «Жекпе-жек өткізер кезде және оған дайындық барысында көбінесе шетелде боламын. Сондықтан елге жеткенше асығамын, яғни өз елімде демалғанды жөн санаймын. Жуырда ғана достарыммен Бурабайда демалып қайттым», деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін та­ны­мал қазақстандық әнші Димаш Құ­дай­берген алғашқы болып туризм елшісі атанған еді. Осыған орай былтыр Қытай, Оңтүстік-Шы­ғыс Азия және кейбір Еу­ропа ел­деріндегі жанкүйерлер мен музыка сүйер қауым арасында оның ерек­ше танымалдығын ескере отырып, жан­күйерлер қозғалысының 10 елден кел­ген жетекшілерінің қатысуымен «Димаш Отаны» атты алғашқы промо-тур ұйым­дастырылды. Бұл турдың бағдарына үш қала: Астана – Алматы – Ақтөбе кірген болатын. 

«Kazakh Tourism» ұлттық ком­пания­сының туризм елшілері қата­рында Садриддин Ахмедов пен Димаш Құдай­бергеннен бөлек, танымал ұшқыштар Талғат Мұсабаев, Юрий Батурин және та­ғы басқа бірнеше елші бар. 

Ұлттық компания басшысының айтуынша, биыл туризм елшілері инс­титуты белсенді түрде кеңейтіледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар елшілердің қатысуымен Қазақстан туризмін ел ішін­де және шетелде насихаттау бойынша бірқатар жобаны іске асыру жоспарда бар. 

Әли БИТӨРЕ,

«Egemen Qazaqstan»