Аймақтар • 27 Ақпан, 2019

Шойын дөңгелек құятын кәсіпорын

503 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр Индустрияландыру күніне арналған телекөпір барысында Индустриялық-инновациялық даму бағдар­ламасы аясында елімізде жүзеге асырылған 28 жаңа жоба таныстырылған-ды. Телекөпір барысында Елбасы Екібас­тұздағы темір жол дөңгелектерін шығаратын «Проммашкомплект» кәсіпорнын онлайн-режімде іске қосқан болатын. 

Шойын дөңгелек құятын кәсіпорын

Бүгін зауыт «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға жә­не басқа да кәсіпорындарға темір жол дөңгелектерін жасайды. Жалпы, Екібастұзда темір жолға қажетті құрал-жабдықтардың бәрі жасалады. Жүк вагондарын да жа­сайтын кәсіпорын бар. Дені 2010 жылы ашылған компаниялар содан бері біраз қиын­дықтан өтіп келеді.

Енді міне, «Проммаш­комплект» ЖШС-на иннова­ция­лық өзгеріс енгізілді. Металды балқытып, одан дөңгелектер құйып шығару ісі бірнеше са­тыдан тұра­ды. Жұмысы авто­маттан­ды­рылған роботтарды операторлар компьютер арқылы бас­қарады.

Серіктестіктің басшысы Дәу­лет Сыздықов мәлім етке­ніндей, бұл жобаның жалпы құны 54 млрд теңгені құрай­ды. Оның 36 млрд теңгесі Қазақ­станның даму банкі арқылы қаржыландырылған. 

«Қазақстанның даму банкі»­­  АҚ ел экономикасының шикі­заттық емес және ин­ф­рақұры­лымдық секторларын жаңғырту және дамыту жөніндегі ұлттық даму инс­титуты саналады. Яғни, өндірістік инфрақұрылымды және өңдеу өнеркәсібін дамы­туға, сыртқы және ішкі инвес­ти­­циялар тартуға ықпал етеді. Ол индустриялық-инновация­лық даму мемлекеттік бағ­дар­лама­ларының аса ірі ин­вестициялық операторы саналады. 

Аталған банктің басқару­шы директоры Әділ Исма­ғамбетов­­тің айтуынша, жо­ба­ның жүзеге асырылуы елі­міздің шикізаттық емес секторын дамыту үшін өте маңызды. Импортты алмас­тыру, экспорттық әлеует және ЕАЭО елдеріндегі ұқсас өн­дірістермен салыстырғанда жоғары өнімділік сияқты үш құрамдасы бар. Темір жол желісі дамыған елдердің Қазақстанға географиялық жағынан жақын орналасқаны да назарға алынған. Бұл да темір жол дөңгелектерінің сұранысын арттырады. Бо­ла­шақта өнімді шетелдік на­рыққа шығару да жоспарлануда. 
Негізі кәсіпорыннан жы­­лына 200 мың дөңгелек шы­ғару жоспарланып отыр.

– Мұндай өндіріс ор­ны­ бұ­рын Қазақстанда болма­­ған. Бұ­ған дейін темір жол­ға қажетті дөң­гелектерді им­­порт­тап келген едік. Осы тек­­­­­­т­ес өндірістердің іске қо­сы­­­луын көп күттік. Бұл – елі­міз­­­дегі индустрияландыру ба­­ғы­­тындағы маңызды қадам, – деген болатын Елбасы теле­көпір барысында.

Бірер жыл бұрын Екібас­тұз­дағы темір жол кластерін жолға қою үшін көлемді электр энергиясы қажет бол­ды­. Энер­гия беретін стан­са жо­­­басын «Siemens» ком­­па­ния­­с­ы жасап шықты. Мем­лекеттік-жекешелік әріп­тес­тік аясында былтыр жаз­да жа­­ңа электр стансасы іске қо­­­сыл­ды. 

Сол станса қазір «Пром­маш­комплект» ЖШС-дан бас­тап, темір жолға қажетті заттар жа­сап шығаратын «R.W.S. Wheelset», «R.W.S. Concrete», «R.W.S. BINDING» сияқты кәсіп­орындарды да электр энер­­гия­­сымен қамтамасыз ете­ді. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

ЕКІБАСТҰЗ