Екі елдің ветеринарлық қызметтері 2018 жылы вакуумдық пакетте мұздатылған және салқындатылған сиыр етінің ветеринарлық сертификатын бекітті. Былтырдан бастап елімізде етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы ауқымды жүзеге аса бастады. Оның негізін шағын және орта кәсіпорындар құрайды. Сондай-ақ арнайы жеңілдікпен несие беретін «Сыбаға» бағдарламасы іске қосылды. Жалпы, 2018 жылы 20 мың тоннаға жуық ет экспортталған. Көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 3,6 пайызға артық. Ал биыл кемі 30 мың тонна етті шетелге жөнелту жоспарланып отыр. Отандық кәсіпорындар үшін ет экспорты өте тиімді. Сиыр етін экспорттау есебінен тек тауар өндірушілерге орташа есеппен 27 миллиард теңге берілді.
Бүгінде еліміздің мал мен ет өнімдеріне шет мемлекеттерден сұраныс артқан. Оның қатарында Әзербайжан, Армения, Бахрейн, Вьетнам, Германия, Кувейт, Қырғызстан, Түркия, БАӘ сияқты көптеген мемлекет бар. Ал Қытаймен балық және ет өнімдерінің экспортын 20-30 пайызға дейін арттыру мақсатында келісім жасалды.
Мәдина ЖӘЛЕЛ,
«Egemen Qazaqstan»