27 Ақпан, 2019

Жаңа әкімдерді таныстырды

1497 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы­ның тапсырмасымен Премьер-Министр Асқар Мамин Ақтөбе облысы мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты.

Жаңа әкімдерді таныстырды

А.Мамин мәслихат депутаттарына Мемлекет басшысының О.Оразалиннің кандидатурасын Ақтөбе облысының әкімі лауазымына ұсыну туралы хатын оқып берді. Депутаттар ел Президенті ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады. 

Оңдасын Сейілұлы Оразалин 1963 жылы дүниеге келген. Ақтөбе педагогикалық институтын, С. М. Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университетін тәмам­­­даған. Мемлекеттік қыз­мет­­те әртүрлі лауазымдарды ат­­­қ­ар­ған, коммерциялық сектор­да жұмыс істеген. Атап айт­сақ, Ақ­­төбе облысының Мұғал­жар ауда­ны­­ның әкімі, Ақ­төбе облысы әкі­мінің орынба­сары. 2017 жыл­­ғы наурыздан бас­тап Прези­дент Әкімшілігі Басшы­сының орынбасары болып еңбек еткен.

А. Мамин кезектен тыс сес­сия қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының активімен кез­десу өткізді. Премьер-Ми­нистр Б.Сапар­баевқа өңірдің да­муы­на қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Жұмыстың 4 жылында облыстың әлеумет­тік-экономикалық дамуында елеу­л­і нәтижелерге қол жеткізіл­ді, жаңа индустрия­лық жоба­лар іске асырылды, әлеу­меттік сала­­ға үлкен серпін беріл­ді. А.Мамин Б.Сапарбаевқа жа­ңа қызметінде табыс тілеп, Елба­сы­ның көрсеткен жоғары сенімін абыроймен ақтайтынына сенім білдірді. Еске сала кетейік, Президент Н.Назарбаевтың Жар­­лығымен Б.Сапарбаев Ақ­төбе облысының әкімі қыз­метінен босатылып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі болып тағайындалды.

Премьер-Министр жаңа әкімді таныстыру барысында О.Оразалиннің түрлі жауапты басшылық лауазымдарда, соның ішінде Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметінде үлкен жұмыс тәжірибесі бар екенін атап өтті. Соңғы жылдары Президент Әкімшілігі Бас­шы­сының орынбасары болып қызмет еткен. Ол өңір­лік жұ­мыстың, сондай-ақ әлеу­мет­тік жаңғыру саласының қыр-сы­рын меңгерген. А.Мамин жаңа әкімге сәт­тілік тілеп, облыс активімен бір­лесіп, Елбасы алға қойған мін­дет­тердің сапалы орында­луын қам­тамасыз ететініне сенім білдірді.

Сондай-ақ Президент тапсырмасымен Премьер-Министр А.Мамин Түркістан облысына барып, облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қа­тысты.

А.Мамин сессия барысын­да мәслихат депутаттарына Мем­лекет басшысының Ө.Шөкеевті Түркістан об­лы­­сы­­ның әкімі лауазымына таға­йындау ұсынысы туралы хатын оқып берді. Дауыс беру қорытындысы бойынша де­пу­таттар Президент ұсынған кан­ди­датураны бірауыз­дан қолдады.

Өмірзақ Естайұлы Шөкеев 1964 жылы Түркістанда дүниеге келген. Мәскеу экономика­лық-статистикалық институтын тәмамдаған. Жоғары жауапты лауазымдарда жұмыс істеген. Атап айтсақ, Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының әкімі, Экономика және сауда министрі, Президент Әкім­шілігі Басшысының орынбасары, Астана қаласының әкімі, Премьер-Министрдің бірін­ші орынбасары, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқар­ма төрағасы. 2017 жылғы желтоқсаннан бастап Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған. 

Премьер-Министр Түркістан облысының активімен өткен кездесуде Ж.Түймебаевқа ат­қарған жұмысы үшін алғыс білдірді. Түркістан қаласының алғашқы әкімі ретінде ол облыс орталығын Түркістан қала­сына көшіру, жаңа облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымын ұйымдастыру, көші-қон мәсе­лелерін, жаңа қаланың ауқым­ды құрылыс жұмыстарын ұйым­дастыру бойынша бірқатар жұмыс атқарды.

А.Мамин облыстың жаңа әкімін таныстыра отырып, Ө.Шөкеевтің Қостанай, Оңтүстік Қазақстан облыстарының және Астана қаласының әкімі ретін­де аталған өңірлердің әлеу­меттік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқанын атап өтті. Бұдан өзге Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі ретінде өзін іскер, тәжірибелі басшы және жоғары деңгейдегі ұйым­дастырушы ретінде көр­сетті. Кәсіби біліктілігі мен жауап­кершілігі әлеуметтік маңызды міндеттерді сапалы орындап, Мемлекет басшысының сенімін ақтауға мүмкіндік береді.

«Түркістан облысының дамуы Елбасының ерекше назарында. Мемлекет басшысының бас­та­масымен қасиетті Түркі­стан қаласында жаңа үлкен құ­ры­л­ыс басталды», деген А.Мамин, жергілікті атқарушы орган­дар алдында жаңа қала­ның жаңғыруын уақтылы қам­та­масыз етіп, бүкіл түркі әлемі­нің мәдени-рухани астанасы ре­тінде өркендету және оны қар­қынды дамыту, жаңа жұмыс орын­дарын ашу, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша зор жауапкершілікті жүктейтін міндеттер қойыл­ғанын атап өтті.

Темір ҚҰСАЙЫН,

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»