27 Ақпан, 2019

«Қайырымдылық керуені» мәресіне жетті

744 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Қайырымдылық керуені» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Шараға Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының директоры Дариға Назарбаева, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, ҮЕҰ өкілдері, меценаттар қатысты.  

«Қайырымдылық керуені» мәресіне жетті

Қайырымдылық істерді қол­дау, насихаттау, белсенді аза­маттық бастаманы дамыту мақ­сатында жарияланған байқ­аудың өтініштері былтырғы қараша мен биылғы ақпан аралы­ғында қаралды. 

Құттықтау сөз алған Д.Назар­баева: «Бұл байқау елі­міз­­дің нағыз патриоттарын, азамат­тардың игі істерін, мұқтаж адам­дарға қамқорлық көрсетіп жүрген жомарт жандарды анық­тап берді. Олар – үлкен жүректі қарапайым адамдар», дей келе, байқауға әр саладан, әр ай­мақтан 97 өтінім түскенін айт­ты. Олардың арасында кә­сіп­­­керлер, қоғамдық мекеме, бі­лім саласының маманда­ры, мүм­кіндігі ерекше жандар, құ­қық қорғау саласының қызмет­кер­­лері, тіпті мектеп оқушылары бар. 

Байқау жеңімпаздары 5 ата­лым бойынша анықталған. Тері­ден ұлттық нақышта заттар шыға­ра­тын қарағандылық Сымбат Елік­баева «Асар» аталымында же­ңім­паз атанды. Ол әрдайым б­а­ла­ларға тегін шеберлік сабақтар өт­кізеді. Ал «Туған жер» номинациясында Атыраудан келген Арман Хайруллин жеңіске жетті. Ол туған қаласында 2017 жылы 10 мың көшет тарату және отырғызу бойынша акция ұйымдастырған. Ақмола облысының тумасы Ұлдана Совет «Батыл жүрек» номинациясында үздік деп танылды. Ол – байқаудың ең жас жеңімпазы. Ұлдана 2017 жылғы қарашада жанып жатқан үйден кіші інісі мен екі сіңлісін алып шыққан. Алматы қаласының тұрғыны Расима Темірбаева «Мейірім жолында» номинациясында жеңіске жетті. Ол ден­сау­лығындағы қиындыққа қара­­мас­тан, қарияларды күнде­лікті тамақтандырады. Қазір күні­не 400 түскі ас тарататын екі тамақ­тандыру орны қызмет етеді. «Қайы­рым­дылық тарихы» номинация­сында Солтүстік Қазақ­стан облысынан Александра Конд­ратова жеңіс тұғырынан көрінді. «Неделя СК» газетінің жур­налисі А.Кондратованың мұқ­­таж жандар жайында жазған ма­қа­лалары арқасында адамдарға нақты көмек көрсетілген. 

Бұдан бөлек Қор екі арнайы сый тағайындады. Оған компьютер, ноутбук құрастырып, оларды жағдайы төмен, көп балалы отбасынан шыққан, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүгедек, науқас балаларға сыйлайтын Равиль Насифулин және Қосшы ауылында 200 ба­ла­ға арналған ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын, түр­лі үйір­мелер жүргізетін 12 каби­нет­ті мектеп салдырып жатқан Сайра Матайбаева ие болды. 

Жеңімпаздарға диплом, байқау статуэткасы және «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешеніне жолдама берілді. Ал батыр Ұлдана Советке қосымша ноутбук сыйға тартылды. 

Ұйымдастырушылар алғаш өтіп отырған бұл байқауды жыл сайын өткізу жоспарда бар екенін жеткізді. Айта кетейік, шараны Елбасы Қоры мен Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы ұйымдастырған. 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»