27 Ақпан, 2019

Табиғи апаттарға қарсы тізе қосу керек

628 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жыл сайын елімізде су тасқынынан 300 мыңға жуық адам зардап шегеді екен. Тосыннан келген табиғат апаттарына тосқауыл ретінде мил­лиондап қаржы жұмсалатынын ескерсек, бұл экономиканың дамуына да кері әсерін тигізбей қоймайтыны белгілі. Қазақстан үшін ғана емес, жалпы Орталық Азия мемлекеттеріне үлкен шығын әкелетін төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері Алматыда өткен «Дүлей апаттардың тәуекелін қаржыландыру» аймақтық форумында жан-жақты талқыға салынды.

Табиғи апаттарға қарсы тізе қосу керек

 Орталық Азия – дүлей апаттардың қаупі тым жоғары аймақ саналады. Су тасқыны мен қуаңшылық бұл аймақтық ауыл шаруашылығы секторына да айтарлықтай салқынын тигізіп отыр. Алматыда бас қосқан айтулы сарапшылар 2000-2001 жылдары Орталық Азия аумағындағы елдердің ауылшаруашылық саласы тек құрғақшылықтың салдарынан 800 миллион доллар көлемінде зиян шеккенін алға тартады. Бұл статистиканың ішінде, әсіресе ауыл халқының үлес салмағы басым. Одан бөлек қар көшкіні, жер сілкінісі секілді түрлі төтенше жағдайлардан келетін шығындарға да қомақты қаржы қажет.

– Қазақстанда жыл сайын жер сілкінісінен 200 мыңға жуық адам зардап шегеді, ал елдің ішкі жалпы өніміне зілзаланың тигізетін зияны – жылына шамамен 1 миллиард доллар. Өткен отыз жылда осы аймақта орын алған апаттардан 10 миллионнан астам адам зардап шекті. Мұның экономикаға тигізген зияны шамамен 2,5 млрд доллар. Жыл сайын зілзаланың салдары ІЖӨ-нің 2%-ын, ал су тасқынының зардабы – 1,6%-ын құрайды, – деді Дүниежүзілік банктің Дүлей апат тәуекелдерін басқару ісінің аға маманы Ко Такеучи.

Дүниежүзілік банктің Қазақ­стан­дағы тұрақты өкілі Ато Браун табиғат апаттары экономикаға орасан зиян келтірумен қатар азаматтардың өзін-өзі қаржылық қамтамасыз ету қабілетіне кері әсерін тигізетінін айтады. Алматы қалалық төтенше жағдайлар және апат тәуекелін төмендету орталығының директоры Валерий Петров: «Бұл аймақтарға қо­ныс­танған кез келген елдің бірін­де орын алған орасан апат бүкіл аймаққа қауіп төндіруі мүмкін, бұл осы саладағы ынтымақтастықтың маңызды екенін көрсетеді», дейді.

Форумда сөз алған Дүниежүзілік банктің Әлеуметтік мәселелер, қала және ауылдың дамуы мен орнық­ты­лы­ғы бойынша жаһандық тәжірибе жөніндегі аға директоры Эдэ Хорхе Ийяш Васкез Орталық Азия елдері дүлей апаттардың зиянына қарсы күресу ісінде белсенділік танытып отырғанын, десе де осы қызметті әрі қарай кеңейту ісінде әлі де жүзеге асырылмай келе жатқан мүмкіндіктер бар екенін жеткізді. Әлемнің әр қиырынан келген ұзын саны 80-нен астам сарапшы ортақ проблеманы бірлесе отырып бағындырудың оңтайлы тәсілдерін сарапқа салды. Дүниежүзілік банктің апаттар тәуе­келін басқару саласындағы ынты­мақ­тастық қызметі, соның ішінде Орталық Азия мемлекеттеріндегі қаржылық қорғаныс құралдарын дамыту ісі бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Қазіргі таңда Дүниежүзілік банктің осы аймақтағы елдердің жобаларына құйған инвестициясы 100 млн долларды құраған. Қорыта айтқанда, мамандар бұл аймақтарды дүлей апаттардан қаржылық қорғауды күшейтіп, осы тәуекелдерді басқару саласында күш біріктіру қажет деп есептейді. 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ