Сондай-ақ Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдап, «Turkistan» арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі Жарлыққа қол қойды.
Осыған сәйкес, көне шаһарды қайта түлетіп қана қоймай, жаңа облыстың әлеуметтік ахуалын жақсартуға басымдық берілді. Халықтың тұрмысын тіктеп, табысын молайту үшін кешенді жоспар жасалып, экономиканы көтеру, инфрақұрылымды дамыту, адами капитал қалыптастыру міндеттері мұқият назарға алынды.
Әр саладағы ауқымды істер мен нақты қадамдар нәтижесіз емес, өткен жылдың қорытындысы бойынша көңіл көншітер көрсеткіштерге қол жеткізілді. Өңірлік өнім 1 трлн 103,9 млрд теңгені құрап, озық технологияны енгізудің нәтижесінде өнеркәсіп алдыңғы жылғы межеден асып түсті. Индустрияландыру картасы аясында 10 жоба іске қосылып, мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Атап айтқанда, Ордабасы ауданында полиэтилен қалдықтарын қайта өңдейтін «Green Technology Industries» өндіріс ошағы тұсауын кесіп, «Асыл тұқымды шаруашылық. Ордабасы ешкі сүт өнімдері» фермасы базасында ешкі сүті қайта өңделе бастады. Сондай-ақ «Бадам өнімдері» ЖШС күйдірілген қыш зауыты тұтынушылар сұранысын орындауға кірісті. Түркістан қаласында бой көтерген еліміздегі бірегей жоба «Golden Camel Group LTD» ЖШС 1,5 мың тонна түйе мен бие сүті өнімдерін экспортқа шығарса, Төле би ауданында шоколадты конфет өндірісі жолға қойылды. Келес ауданында шөп байлайтын жіп иіріліп, Шардара ауданында балық өңдеу зауытының құрылысы аяқталды. Сайрам ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цех ашса, Қазығұрт ауданы майсыз сүт ұнтағы мен май шығаратын зауыт тарту етті. Арыс қаласында минералды және алкогольсіз сусындардың өндірісі ел игілігіне ұсынылды.
Маңызды жобаларды іске асыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облысқа 288,1 млрд теңге инвестиция бағытталса, оның ішінде 58,6 млрд теңге сырттан тартылды.
Шетелдік әлеуетті инвесторлармен және жергілікті бизнесмендермен кездесулер өтіп, алғаш рет «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форум ұйымдастырылды. Еуропа елдерінен, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Иран, Малайзия, Пәкістан, Өзбекстан сияқты шет мемлекеттен 500-ге жуық делегат қатысып, 1,7 млрд АҚШ долларын құрайтын 19 құжат келісілді. Әлеуетті инвесторлар үшін ағылшын, француз, қытай, түрік, араб, орыс, қазақ тілінде қызмет көрсететін www.investinturkistan.org инвестициялық порталы құрылды. 7 тілде ақпарат беретін портал арқылы өңір туралы әлемнің кез келген жерінен қажетті мәлімет алуға болады. Елбасының ауыл шаруашылығын экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналдыру тапсырмасына сәйкес, өнім көлемі 544,3 млрд теңгеге жетті. Алғаш рет агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өңірлік бағдарламасы әзірленіп, Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісілді. Фермерлік шаруашылықты дамыту мақсатында ірі қара басы көбейтіліп, мал бордақылау алаңдары ашылды. Тұңғыш рет Өзбекстан, Иран, Біріккен Араб Әмірліктеріне жөнелтіліп, ет экспорттауда республика бойынша көш бастадық. Қой-ешкінің саны жағынан да әзірге алдымызға ешкім түскен жоқ. Сүт, жұмыртқа алу жоспары да асыра орындалды.
Егіс көлемі көбейіп, аймақ ақ алтынымен алға шықты.
2,9 млн бақша дақылдары жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. 500 мың тонна көкөніс Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне, 1 млн тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне сатылды. Биыл 8000 тонна өнімді артық алу міндеттемесі қойылды. Жалпы ауыл шаруашылығына 25 млрд теңге субсидия бағытталып, 26,5 мың шаруа пайдасына жаратты.
Құрылыс қолдаусыз емес
Елдің көңілі жайлы, тұрмысы сайлы болуы үшін Президент жариялаған «Бес әлеуметтік бастама» бағдарламасы халықтың осал топтарына қамқорлық танытып отыр.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 3047 пәтер, бюджет қаржысы есебінен 500 пәтер кілті тапсырылды. Сонымен қатар, 935 жер теліміне инженерлік-коммуникациялық жүйелер жүргізілді. 385 елді мекендегі 1 млн 72 мың адам от жағу тауқыметінен құтылса, келер жылы Түркістан қаласын көгілдір отынмен толық қамтамасыз ету жоспарланды. Ордабасы, Созақ аудандары да осы қуанышқа бөленер күн жақын.
«7-20-25» бағдарламасын іске асыру шеңберінде облыс әкімдігі мен «Баспана» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандум түзілді. «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және жеке салушы есебінен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталып, күзге қарай аяқтау межеленді. Жыл соңына дейін 2391 пәтерлі 40 үй қоныс тойын тойлайды.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы да асыра орындалды. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы республика бойынша екінші орынға көтерілді.
Облыс көлемінде «Әр ауылға өз шебері» бірегей жобасы қолға алынып, әр ауданға қажетті мамандар қысқа мерзімді курсқа тартылды. Былтыр жергілікті бюджет есебінен 2 қабатты, 10 пәтерлі үйлер салынып, жас мамандарға берілді.
Салықтық жүктемені төмендету бастамасы шеңберінде 45,4 мыңға жуық жұмыскердің жалақысы ұлғайып, республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге көлемінде өтемақы бөлінді.
«Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасы бойынша 7 жатақхананың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді.
Біліктілік – басты талап
Ел Президенті Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Бес жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау саласына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына жеткізу қажет» деді.
Білім беру саласына 262,4 млрд теңге қаржы қаралып, білім беруді дамыту бағдарламасының негізгі көрсеткіштері жоғарылады. Мемлекет-жекешелік әріптестігі аясында балабақшалар салынып, күрделі жөндеуден өтті. 80 білім ошағының құрылысына 18,03 млрд теңге бөлініп, 34 нысанның кілті тапсырылды.
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, облыс мектептерінің 86,1 пайызы кең жолақты интернет желісімен жарақтандырылды. «Bilimland» цифрлы білім беру ресурстарына жүз пайыз қосылды. Облыстық бюджеттен шалғай ауылдарға «Bilim Book» компьютер-планшеттері таратылып, цифрлы білім беру ресурстарына интернетсіз қол жеткізуде.
Сонымен қатар www.balabaqsha.sitcen.kz порталында 140034 сәби балабақшаға тіркеліп, www.mektep.sitcen.kz арқылы 54751 оқушы 1-сыныпқа электронды түрде қабылданды. www.jumys.sitcen.kz 1871 педагог пен техникалық қызметкердің бос орнына хабарлама беріп, 1452 адам жұмысқа орналасты.
Денсаулық саласына тоқталсақ, медициналық қызмет сапасы түзеліп, өлім-жітім көрсеткіші төмендеді. Қала және аудан орталықтары 100 пайыз интернетке кіру мүмкіндігіне ие. Облыс бойынша электронды денсаулық паспорттары толық жасақталып, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталуына 8,1 млрд теңге бөлінді.
Жыл сайын өңірде шамамен 50 мыңдай бала дүниеге келеді, бұл – бір Отырар ауданы халқының санымен тең. Яғни, жыл сайын бір аудан халқы дүниеге келіп, еліміздің демографиялық дамуына елеулі үлес қосылып отыр. Сондықтан, бірінші кезекте ана мен бала денсаулығын сақтап, ота жасау, жедел жәрдем қызметін күшейту және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыру көзделді.
Президенттің ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамтамасыз ету тапсырмасына орай, облыстық бюджет есебінен модульдік медициналық пункттер сатып алынды, бұл салада басқа мұқтаждық жоқ.
Компьютерлік роботталған нейрохирургиялық жүйе орнатылып, омыртқада орналасқан жүйке жүйесінің ауруларын емдеуге кірісті. Қазақстанда алғаш рет Витилиго орталығы жасақталып, жаңа хирургиялық әдіспен емдей бастады.
Жастарға сенім жоғары
Елбасы кейінгі буынды қолдау мақсатында жариялаған Жастар жылына орай бірқатар креативті идея мен халықаралық жоба қолға алынды. Облыстағы жастар саны – 501 369. Барлық аудан, ауылдарда жастармен тікелей жұмыс жүргізетін «Жастар ресурстық орталығының» жүйесі қалыптасқан. «Серпін – 2050» жобасы бойынша берілетін гранттың тең жартысы Түркістан өңірінің түлектеріне тиесілі. «Дипломмен − ауылға!» бағдарламасы бойынша білек сыбанып, бел буып келген мамандар жұмыспен қамтылып, үштен бірі баспаналы болды. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жүзге жуық балаға тұрғын үйдің кілті тапсырылды.
Жастар форумында Елбасы отбасы институты мен құндылықтарын дамытуға ерекше назар аударды. 134 мың көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік жәрдем көрсету мен жұмыспен қамту ерекше бақылауға алынды.
Бұдан бөлек, облыс орталығында салынатын Спорт сарайы, жабық бассейн, стадион, спорт кешендерін аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасы балаларының жеңілдікпен және тегін пайдалануына мүмкіндіктер жасалды. «Түркістан жастар құрылысы жасағы» құрылып, аудан, қалалардан 5 мыңнан астам еңбек күші шақырылды.
Жергілікті жастар әлемдік қауымдастық пен түркі дүниесіне өңіріміздің терең тарихын таныстырып, халықтың қонақжайлылығын көрсетіп, киелі жерлердің ерекшеліктерін лайықты түсіндіріп беру мақсатында 100 гидті арнайы оқу курсынан өткізіп, жұмысқа орналастыру көзделді.
Қорыта айтқанда, нақты қадамдар мен бірегей бастамалардың барлығы Президенттің заманауи прогрессивті мемлекет құру жолындағы стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыруға бағытталды. Әлемдегі дамыған озық 30 елдің қатарына қосылу үшін қазақстандықтардың әл-ауқатын күшейтіп, өмір сапасын жақсартуды көздедік.
Алдағы уақытта облыс экономикасы қарқынды дамып, халқы ынтымақ-бірлікте жасай беретініне сенемін!
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ