Шетелде өмір сүріп жатқан қазақтарды қолдау мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған «Отандастар» қоры мен еліміздің жастарын әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарында оқыту ісімен айналысып келе жатқан Халықаралық бағдарламалар орталығы бірлесіп, сырт мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қазақ жастарының отандық һәм шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуын қамтамасыз ету жайында ынтымақтастық Меморандумына қол қойды.
Аталмыш шараны іске асыру үшін жақын күндері «Отандастар» қоры мен Халықаралық бағдарламалар орталығының өкілдері Моңғолия, Өзбекстан және Ресей елдеріне барып, ондағы қандастармен, дәлірек айтқанда мектеп бітіруші түлектермен кездесіп, жоғарыда қол қойылған Меморандум жайлы таныстырып, шетелдік қазақ жастарының білім алуына жол ашпақ.
«Кешікпей арнайы жұмыс тобы 120 мыңға жуық қазақ тұратын Байөлке аймағына аттанады. Ол жерде шамамен биыл мың жарым түлек мектеп бітіріп жатқан көрінеді. Яғни, бұлар қазақ тілінде білім алған қазақстандық оқу орындарына түсе алатын әлеуетті жастар. Мәселен, өткен жылы Өзбекстаннан елімізге білім алуға 12 мың студент жас келсе, оның 5 мыңға жуығы – этностық қазақтар. Бұлардың бәрі қазір тегін білім алып жатыр. Мұндай бағдарламалар көп. Бірақ та сырттағы қандастарымызға дұрыс ақпар жетпей жатады. Сондықтан біз ақпараттандыру бағытында жұмыс істейтін боламыз», дейді «Отандастар» қоры президентінің кеңесшісі Дидар Болат.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»